Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі» деп шырқалатын туынды қазақ аспанында қалықтағалы 30 жылдың жүзі болыпты. Атқа мінген қазақ жігіттерінің төбесіне тұтқан туы десе де болмай ма, жарықтық бұл әнді?! Заманында біздің ауылда екінің бірі шырқаушы еді, әлі де солай. Естілгеннен көкейге қорғасындай құйылатын рухты ән. Рух көтеретін туынды! Сөзі мен әні авторлар қатар отырған жерде, Есенқұл ағаның шаңырағында туыпты. Алғаш жұртқа танытып шырқаушысы да Жәкен Омаровтың өзі екен. Біз бертінде 2000-жылдардан бері Досымжан Таңатаровтың орындауында тыңдадық. Кейін Есенқұл ақынның 60 жасқа толуына орай түсірілген бағдарламада Жәкен Омаровтан тұңғыш тыңдағанымызда әуені сәл өзгешелеу естілді. Бірақ негізгі әуен бір болғандықтан, халық ішіне көп тараған мұндай туындылар сәл түрленіп орындалуы да заңдылық дер едік. Әннің шығу тарихына қатысты Есенқұл ақын қысқаша ғана айтқанымен, әдемі өрнектейді және өкінішін де бүгіп қалмайды:
«Тәуелсіздік алмай тұрған кезде, бірақ елдің рухы оянған 1990 жылдары бір келімсектер біздің елді басынып, қыздарымыздың пәктігін аяқасты етіп, намысымызды таптап өктемсіп жүргенде, намысы бар қазақ жігіттері атқа қонды. Дауыс көтеріп, талап қойды, келімсектер біздің елден кетсін деген. Үлкен толқу болды. Бірақ, Құдайға шүкір, ел-жұрт аман. Сол ерлердің талабымен келімсектер, қарақшылар, өңкей ұрылар, анадан-мынадан қашқан, жамандықпен көзін ашқандар елден аластатылды. Тура сол уақыттарда Жәкен келіп қалды Ұзынағашқа. Үйге келіп, көзіне жас алып, «Есаға-ай, сіздің елдің жігіттері-ай, сіздің елдің жігіттері-ай!», дей берді. Менің де көзіме жас толып кетті. Сол жерде отыра қалып айттым: «Мен осыған өлең жазайын, сен ән жаз», деп. «Біздің елдің жігіттері» деген өлеңді сол табанастында жаздым, Жәкен сол жерде отырып, табанастында әнін шығарды. Ән шырқап қоя берді! Сол айтылған күнінен бастап қазақ аспанына шырқап қоя берді! Елдің рухын көтерген жігіттерге барып орындап беріп едік, көздеріне жас алды. «Ерте туып, еш заманның маңдайына сыймаған» деген сөздің өзі көріпкелдік болды ма, сол жігіттердің біразы шейіт болып кетті. Мен ақынның әулиелігінен қорқам кейде... Сол сөзді айтпау керек пе еді, білмеймін. Солай болып кетті», деп еді Есенқұл Жақыпбеков ағамыз.
Тура осы сәтті Жәкен Омаров анығырақ айтып, нақтылай түседі: «Оның да көзінде жас, менің де көзімде жас. Сөз де жазылып бітті, әні де дайын болды. Ортақ дүниемізді екеулеп көтеріп, Қаныбек батырдың үйіне бардық, ол да нөкерлерімен екен. Түгел отырып тыңдады. Әнді айтып беріп едім, батырдың жүрегі қарс айырылды. Елі үшін жан пида, жан мен тәннің жарақатына марапатын алған хас батыр тұғырына шығып толысқан арыстандай қатты толқыды. Бұл сәтті мен ешуақытта ұмытпаймын және осы сәтті көрсеткен Құдайға шүкір. Есағаңның да басында осы бір тылсым күйдің болғанына күмәнім жоқ, оны өзі де айтып жүрді ғой».
Енді осы әндегі «ерте туып, еш заманның маңдайына сыймаған» деген сөзге келгенде, Есағаңның өзі «мен ақынның әулиелігінен қорқам кейде... Сол сөзді айтпау керек пе еді, білмеймін», деп қалып еді. Осыған байланысты Жәкен Омаровтың мына сөзін қоспай кетуге тағы болмайтын сияқты:
«Жігіттердің төресі 60 жаста» атты түсірілім барысында көңілі қатты толқып отырған Есенқұл ақын бағдарламаның орта тұсы ауғанда біртүрлі күйге түсті. Жүргізуші кезекті «Біздің елдің жігіттеріне» бергенде, ойымда ештеңе жоқ, бұл әннің шығу тарихын «Есағаң өзі көзі тірісінде айтып берсін» деппін ғой. Ол кісі де шын ықыласымен әннің тарихын тізіп түгендеді. «Мен кейде ақындардың әулиелігінен қорқамын, «Ерте туып, еш заманның маңдайына сыймаған» деп айтпауым керек пе еді?» деп жыламсырап, тебіренгенін бәріңіз көрдіңіздер. Талай жыл жүрегінің бір бұрышына тығып келген ойын ашып айтып жаны байыз тапты ма екен, түсірілімнің соңына қарай ақын жаны аспандап кеткендей көріне береді маған. Таспаны қайта-қайта көремін де осы ойға келе беремін. Таң ата суық хабар жетті. Білмеймін, Есенқұлмен байланысқан әркімнің әркем пікірі бар шығар. Менімен Есағаң «Мені түсінгеніңе рахмет!» деп қоштасыпты...», дейді.
Елдің жай-күйінен сыр шерткен ән тағдыры – жан тағдыры!