Саясат • 27 Сәуір, 2022

Партия жұмысы жаңа деңгейге көтеріледі

398 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Amanat партиясының құрылтайындағы үш мәселені айрықша атап өткім келеді. Бірінші, Adal партиясының билеуші партияға қосылуы. Жалпы, бұл әлемдік тәжірибедегі қалыпты жағдай.

Партия жұмысы жаңа деңгейге көтеріледі

Amanat партиясы тарихында осындай бірнеше кезеңнен өткен болатын. «Отан» партиясы құрылған кезде I құрылтай съезінде саяси ұйымның құрамына Қазақстан халық бірлігі партиясы, Қазақстанның демократиялық партиясы, Қазақстанның либералдық қозғалысы, «Қазақстан – 2030 үшін» қозғалысы кірді. 2006 жылы «Отан» партиясының құрамына «Асар», Қазақстанның Азаматтық партиясы және Қазақстанның аграрлық партиясы кірді. Халықаралық тәжірибеге назар аударсақ, дамыған елдердің жетекші партиялары да бірігу процесінен өткенін көреміз. Және бұл саяси қадам еліміздің партиялық-саяси жүйесінде ауқымды өзгерістер байқала бастағанының айқын көрінісі.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы наурыз айындағы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында билік институттарын күрделі қайта құрылымдау мен теңгерімдеу бағытындағы үдерісті ерекше атап өткен болатын. Партиялық заңнаманы өзгерту бойынша ұсынылған бастамалар партиялық құрылымның тамырына қан жүгірте бас­тады. Бұл қадамды Adal партиясы саяси кеңесінің Amanat партиясына қосылу тура­лы шешім қабылдауынан анық көруге болады.

Бүгінгі жаһандық экономикалық және геосаяси дағдарыс жағдайында ел Президентінің саяси реформаларды жүзеге асыруы бұрынғыдан да өзекті екенін уақыттың өзі дәлелдеп берді. Amanat билік партиясы ретінде партиялық алаңдағы жағдайдың болжамды болуына, белгілі бір ойын ережелерінің сақталуына мүдделі. Adal партиясының саяси алаңдағы іс-әрекеті Amanat партиясының саяси риторикасынан соншалықты алшақ емес болатын. Сондықтан партиялардың қосылу процесі елдік мақсат-мұраттарды жүзеге асыруда бір нүктеде түйіседі деген сөз. Өздеріңізге мәлім, Adal партиясы 2020 жылы ребрендингтен кейін жұмысын қайта құрылымдау арқылы айтарлықтай күшейді. Мысалы, партияның «Скрининг» сияқты қызықты жобаларына назар аударуға болады. Жоба аясында үй шаруашылықтары мен кәсіпкерлер тексерілді, «Отбасылардың цифрлық төлқұжаты» қалыптасты, партия­дан сайланған ауыл әкімдерінің жұмысын әдістемелік қолдау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Демек, Amanat партиясының жұмысы модернизациялау мен трансформациялауда жаңа сапаға көтеріледі деген сөз.

Екінші, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Amanat партиясынан шығатынын ресми түрде мәлімдеуі. Жалпы, ашық қоғам қалыптастыруға қадам басқан елдерде саяси күштерге тең жағдай жасалуы керек. Әкімшілік ресурстардан ада, ақпараттық жүйе теңгерімді жұмыс жүргізіп, халықтың таңдау жасауына жағдай туғызу үшін Мемлекет басшысының партияларға деген бейтараптығы аса құнды. Осы орайда «саяси таразының» бір жағы басып кетпеуін қамтамасыз ету маңызды және саяси мәдениеттің негізгі көрсеткіші деуге болады.

Үшінші, партияға жаңа төраға болып Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың сайлануы. Ол – өте ашық және мәдениетті адам. Әрине, Мемлекет басшысы ұстамды және ұтымды ұсыныс жасады. Ерлан Жақанұлының қатардағы жұмысшыдан бастап орта және жоғары деңгейдегі лауазымдарды абыроймен атқарғаны тәжірибелі тұлға екенін көрсетеді. Мырыш сапырып, мыс қайнатқан, кен қазған еңбекшілердің қадірін біледі. Көмірлі өңірдегі әкімдік қызметінде халықтың бел ортасында жүріп, мәселені іштен көріп және шешу жолдарын қарастырған. Ал Президент Әкімшілігінің Басшысы лауазымында болғанда мемлекеттің басқару жүйесінің күнгейі мен теріскейін қатар сезінген азамат. Мәжіліс Спикері ретінде түрлі бюрократиялық барьерлердің тамырына балта шауып, халыққа тиімді заңдар қабылдаудағы ерік-жігерін сәт сайын сезініп те, көріп те жүрміз. Демек, саяси ұйымның жетекшісі ретінде де қоғамдық өзгерістер мен саяси реформалардың жүзеге асуына ықпал ететіні даусыз.

 

Жанарбек ӘШІМЖАН,

Мәжіліс депутаты