Қазақстан • 27 Сәуір, 2022

Өзгеріс жолын өзімізден бастайық

190 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында: «Маңызды шешімдер жұртшылықтың қатысуымен ашық қабылданады. Өйткені мемлекет әр азаматтың үніне құлақ асады. Адал еңбек, озық білім және үздік тәжірибе әрдайым жоғары бағаланады» деген жолдар бар.

Өзгеріс жолын өзімізден бастайық

Бұл сөз жалпы мемлекеттік тұрғы­да кең көлемде айтылғанымен оның мазмұн-міндетін әрбір әкім өзі басқарып отырған аумақ тұрғысынан салмақ­тап қарағаны жөн. Өйткені біз, әрбір Қазақстан азаматы Жолдауда атап көрсетілгендей өзгеріс жолын өзімізден бастауға тиіспіз. Жаңа Қазақстан құруға іс-әрекет, кемел ой, парықты сөзімізбен үлес қосуымыз керек.

Аудан мен ауыл әкімдері Жолдау талаптарын орындау мақсатында бұрын­ғы таптаурын болған іс-әрекеттерін өзгертіп, тұрғылықты халықтың үніне құлақ асуы қажет. Аумақтағы өзекті мәселелерге байланысты ой-пікірін бүкпесіз айта отырып, істің оң шешілуіне үлес қосатын адамдарды тыңдай білген жөн. Ол үшін әрбір кездесу барысында жұртшылықты ашық әңгімеге толық қатыстыра білу керек.

Жолдаумен қатар Президент «Әкім­дердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» арнайы қабылдаған Жар­лығында да бұрынғыдай атүсті, санау­лы бір ғана үйреншікті топпен емес, жер­гілікті халықтың басым көпшілігін қатыстыра отырып, олардың ауыл мен ел болашағын кемелдендіру жөніндегі ашық пікірлерін тыңдап, оның жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Алайда Жолдау мен Жарлықтың орындалуына ерекше құлшыныс, іскерлік танытып жүрген әкімдер әлі де аз. Бұл сынды Алмалы ауылдық округінің әкіміне қарата да айтуға болады. Өйткені ауылдық округте өткізілетін жиын­дар­ға шындықты ашып айтатындар көп шақырыла бермейді. Әрине, әкім үшін жиналыстарда бәрін мақұл көретін, өзіне қолайлы жандардың болғаны маңызды. Бірақ бұл ескіліктен арылатын уақыт келді.

Жолдауда айтылған мәселелер орындалуымен құнды. Сондықтан да «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген аталы сөз бен Президент қойып отырған талап-міндеттердің құнын кетірмей, әрбір әкім халықпен мейлінше бірге болып, солардың арыз-тілегінен қорытынды шығарып отыру маңызды.

 

Жұлдыз ТҮЗЕЛБЕКОВА,

Л.Өтешов атындағы мектептің педагог-ұйымдастырушысы

 

Түркістан облысы,

Бәйдібек ауданы