Аймақтар • 27 Сәуір, 2022

Бестөбеден бас тартпақ

299 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алтын өндірумен айналысатын «Алтыналмас» компаниясы Ақмола облысындағы Бестөбе алтын кен орнын одан әрі дамытуға бейілді емес. Компанияның басқарма төрағасы Дияр Қанашев кен орнын дамытуға 70 млн доллар қаржы және 5 жылдан аса уақыт керек екенін мәлімдеді.

Бестөбеден бас тартпақ

Бұл қаржы жаңа кен байыту фабрикасының құрылысына жұмсалған. Фаб­рика негізінен өндіріс кезінде жи­нақталған қалдықтарды өңдейді. Сондай-ақ болашақта өндірілген кенді өңдеуге тиіс.

Дияр Қанашевтің пікіріне қара­ғанда, компания жағ­дайды рет­теудің екі сценариін әзірлепті. Опти­мистік сценарий бойынша, жоба геология­лық барлау жүргізі­ліп, қорлар нақтыланғаннан кейін 2024 жылы пайдалану фазасына шы­ғарылады. Пессимистік тұрғы­дан алғанда компания Бестөбе ке­н­і­ші мен байыту фабрикасын кон­сер­вациялайды, содан кейін жояды.

– Сценарийді таңдау ұсы­ны­­лып отырған кен орнын карьер­лік әдіс­пен игеру жобасына деген қоғам­ның реакциясына байланысты. Осы жылдың 18 наурызында кен орнының кеншілері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты кеніш­тегі шахта өндірісінің жабылуына жол бермеуге шақы­рып, үндеу жария­лады. Өндіріс тоқ­таса, мыңнан астам адам жұмыссыз қалады. Олардың қайда баратыны да бел­гісіз, – дейді Д.Қанашев.

Еске сала кетейік, былтыр шіл­деде компания жергілікті тұрғын­дардың наразылығына байланыс­ты Бестөбедегі фаб­ри­каның қыз­метін тоқтатуға мәж­бүр болды. 2021 жылы «Алтыналмас» кәсіп­орындары 11,9 тонна Доре қорыт­пасын өн­дір­ді. Биылға арнал­­ғ­ан өндіріс­тік жоспар түрлі фак­тор­лар­ға байланысты өзгеріпті. Соның өзінде жыл соңына дейін 15 тонна өнім алу жоспарланып отыр.

– Болжамдық сценарий­ден ауытқыған себебіміз, Ресейге қар­сы санкцияларға байланыс­ты логис­тикалық проблемалар орын алуы мүмкін. Компоненттер мен мате­риал­дарды жеткізу жүйе­лері құл­ды­рауда. Ресейдегі біз жұмыс іс­­те­­ген жабдықтарды жеткізу­ші­­лер­­дің өкілдіктері жабылды. Siemens, Schneider Electric, ABB сияқ­ты электр жабдықтарын жет­кізу­­­ші­лер бізбен Мәскеу­дің дис­трибью­­­торлық орталық­тары арқы­лы жұмыс істеді. Бір түнде атал­ған ком­­паниялар­дың енді біздің аймақ­қа жұмыс істемейтіні туралы хат ал­дық. Бәрі кенеттен болды. Сон­дық­тан ешкім В жоспарын ойлас­тыр­маған. Қазір логистика­ның әртүр­лі нұсқаларын, соның ішінде Қытай ар­қылы тасымалдау жағын қарас­ты­рып жатырмыз, – дейді Д.Қанашев.

«Алтыналмас» отандық алтын өндірушілердің ТОП-3 қатарына кіреді. Компания­ның өндіру­ші кәсіп­орындары Жам­был, Қара­ған­ды және Ақмола облыстарын­да орналас­қан. Сондай-ақ Шығыс Қазақ­стан облысында барлау жобасы бар. Ком­панияның қаржылық нә­тижелері туралы ең соңғы ақ­па­ратқа сүйенсек, 2021 жылдың 9 айын­да түсім 21 пайызға – 118,9 млрд теңгеге дейін, таза пайда 102 па­йызға – 87,2 млрд теңгеге дейін өскен.

Бестөбе жобасы «Қазақал­тын­ды» сатып алғаннан кейін «Алтын­алмасқа» ауысқан болатын. Бұл ретте ортақ мәмілеге келу үшін үш жыл (2019-2021 жылдар) уақыт қажет болғаны есімізде. «Қазақалтынның» бұрынғы иелері – Владимир Ким мен Эдуард Огай компанияның 100 пайыздық акциясы үшін шамамен 310 млн доллар алды. 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағ­дай бойынша, компанияның акционерлері келесідей үлеске ие: GOLDEN RESERVES B.V. – жай акциялардың 60 пайызы, Владимир Жұманбаев – 22 па­йыз, Дияр Қанашев – 9,5 пайыз, Игорь Ветиул – 5,5 пайыз.