Қазақстан • 27 Сәуір, 2022

Ауыл кәсіпкерлерін жеткілікті деңгейде қолдау қажет

455 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президент биылдан бастап әр аудан әкімдігі жыл бойы 100 жұмыс орнын ашу жөнінде тапсырма берді. Бұл үшін мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, экономиканың ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, кәсіпкерлікті қолдау сынды кешенді жұмыстар легі қолға алынуы керек.

Ауыл кәсіпкерлерін жеткілікті  деңгейде қолдау қажет

Ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын арттыру – мемлекетіміздің жүргізіп отырған саясатының басым бағыты. Жалпы, ауылдық өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту – нақты шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі. Әсіресе аймақтардағы бай шикізат көздерін пайдалана отырып, шағын және орта бизнес кәсіпорындарын дамытуға кең мүмкіндіктер беру керек.

Бүгінде 19 млн халықтың 41%-ы ауылдық жерде тұрады. Еліміздің ауылшаруашылық саласында өте мол шикізат қоры бар. Осы мол шикізат көзі шағын және орта бизнесті дамытудың әлеуетін арттыратын үлкен мүмкіндік екенін естен шығармау қажет. Ең бас­ты­сы, ауылдық жерлерде мал және өсім­дік шаруашылығының шикі­зат­тарын терең өңдеу арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға және хал­қы­мызды отандық сапалы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге қол жеткізе аламыз.

Ауылда әртүрлі кәсіппен айналы­су­ға болады. Ағаш өсіру және оны өңдеу, жеміс-жидектер баптау, зергерлік бұ­йымдар дайындау, құс өсіру, мал шаруашылығымен айналысып, ақ өнімдер өндіруге мүмкіндік мол. Ең бас­тысы, кәсіптің көзін таба білген абзал. Сондықтан ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту және оны барынша қолдау тетіктерін әлі де жетілдіру қажет. Бұл мәселе реттелмеген, жүйеленіп зерттелмеген халде қалып отыр.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, кез келген мемлекеттің экономикалық дамуы елдегі шағын және орта кәсіп­кер­лікпен тікелей байланысты. Эко­но­микасы қарқынды дамыған алдыңғы қатарлы мемлекеттердің шағын және орта кәсіпкерлік саласында еңбекке қабілетті халықтың 60%-ы жұмыс істейді, бұл саладағы жаңа жұмыс орын­­дарымен қамтамасыз етілуі 80%-ды құрайды. Мәселен, шағын және орта кә­сіпкерлік секторында жұмыс істейтін халықтың үлесі Еуроодақта – 75%, АҚШ-та – 65% , ал Ресейде – 26%, Жапонияда – 80%. Дамыған елдердің экономикасындағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 50%-дан асады. АҚШ, ЕО елдерінде бизнес жақсы жолға қойылып, елдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудің бас­ты тетігі ретінде қалыптасқан. ШОБ дамуының басты көрсеткіштері – ел­де­гі кәсіпорындар саны, осы салада жұмыс істейтін тұрғындар саны мен кәсіпкерліктің үлес салмағы.

Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, шағын және орта кәсіп­кер­ліктің дамуы мемлекеттің қол­дауынсыз мүмкін емес. Мысалы, АҚШ-та шағын және орта кәсіпкерлікті әдіс­темелік қамтамасыз ету, қаржы жа­ғы­нан жәр­дем­десу, техникалық және ин­но­ва­ция­лық дамыту сынды мемле­кет­тік қол­дау­лар бар.

Бизнесті дамытудың алғашқы кезең­дерінде шағын және орта кәсіп­кер­лік субъектілеріне жеңілдетілген несие беріледі. Айта кету керек, АҚШ – да­мыған нарықтық экономикасы бар әлемдік державалар арасын­дағы жал­ғыз өкіл, ол шағын және орта кә­сіп­керлікті несиелендіру бағдар­ла­ма­­ларына көбірек көңіл бөледі. Осы ба­ғыт­та кепілдендірілген қолдаулары бар­шы­лық.

Жапония да кәсіпкерлікті несие­лен­діруге айрықша маңыз береді. Мұнда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға арналған арнайы бағдарлама бар, соның нәтижесінде ШОБ бұл елде мемлекеттік саясаттың басты құ­рамдас бөлігі болып отыр. Елде биз­неске бет алған кәсіпорындарды дамытуды үйлестіретін арнайы қол­дау орталықтары жұмыс істейді. Субсидиялау бағдарламалары да дұрыс жолға қойылған. Кәсіпкерлерге же­ңіл­детілген салық режімі қол­да­ны­ла­ды. Кәсібін енді бастаған азаматтарды қолдау мақсатында тренингтер, семинарлар, тағылымдамалар өткізіліп, ғылыми жетістіктерін өндірістік процесте пайдалануға мүмкіндік беріледі.

Ал Еуроодақ елдерінде ШОБ-ты ұлт­тық қолдау жүйесі бар. Соны­мен қа­тар мақсатты қолдау бағдар­ла­ма­ла­рын құруда бірыңғай тәсіл қол­да­нылады.

Міне, кәсіпкерлікті дамытудың әлемдік тәжірибесін Қазақстанда да ке­ңінен қолдануымыз керек. Себе­бі, елімізде дала өркениетінің бай тәжіри­бесі бар және соның негізінде биз­нес­тің дамуына жағдай жасау керек. Ауыл халқын орнықтырудың бас­ты тетігі – отбасылық кәсіпті жан­дандыру және оның тетіктерін мем­ле­кеттік деңгейде үнемі жетілдіріп отыру. Нарықтық бә­се­келестік ортада от­ба­сылық кәсіп­кер­ліктің өнімдері көбей­ген сайын сапалы бұйымдар көлемі де артады, баға төмендейді, отба­сылық кәсіптің табысы молаяды. Ең бастысы, қазақстандық отбасылар жұмыспен қамтылады және елді мекен­дер­дегі жұмыссыздық мәселесі оңынан шешіледі.

Зерттеулерге сүйенсек, 2022 жыл­дың 1 наурызындағы жағдай бойын­ша, еліміздегі шағын және орта кәсіп­кер­­лік субьектісі – 1 457 308, оның 21%-ы шағын кәсіпкерлік болса, 0,2%-ы – орта кәсіпкерлік, 62,9%-ы – дара кә­сіп­кер, 15,9%-ы шаруа, фермер қо­жа­лықтары екен.

Отбасылық кәсіпкерлер өз өнім­де­рін өндіріп, интернет арқылы тауарын жан-жақты жарнамалауды игеруі тиіс. Кәсіпкерлер алдын ала қандай өнімдер сұранысқа ие және қай өңірлерде өткізу мүмкіндіктері кеңірек, соның бәрін зер­делеп отырғаны жөн. Ауылдық жерде бәсекелестік ортаны дамытып, кәсіп­керлерге ғимарат беру, жергілікті әкімдік тарапынан заңдық, қаржылық жағынан көмек болуы керек.

Жергілікті басқару әкімдерінің бә­се­кеге қабілеттілік деңгейін жетіл­ді­ру, ар-әдеп кодексін жоғары ұстау және тағы басқа да қасиеттер жинақтала келе, санның сапаға ауысуына ықпал етеді. Ауыл халқының жергілікті өзін өзі басқаруға белсенді қатысуы әкім­­дер­дің шешімдерін қабылдау проце­сі­нің ашықтығына, жергілікті маңызы бар мәселелерді тиімді шешуге, өмір сүру сапасын жақсартуға, 6 288 елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық деңгейін арттыруға алып келері сөзсіз.

 

Оңалбек АБРАЛИЕВ,

экономика ғылымдарының

докторы, профессор