Аймақтар • 27 Сәуір, 2022

Аң саны азаймайды

491 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Табиғи ұлттық парк аумақтарында қорық­­шылар аң-құстарды қорғап ғана қоймайды, жылына екі рет санақ жүр­гізіп, тіркеп отырады. Жуықта «Катон­қарағай» ұлттық табиғи парк аумағында көктемгі санақ жұмыстары аяқталды.

Аң саны азаймайды

Тау-тасты еркін кезіп жүрген түз тағы­ларын санау бір-екі күндік жұмыс емес. Аптаға, айға созылады. «Катонқарағай» ұлт­тық паркінде санақ жұмыстарына 248 инспектор мен жануарларды қорғау және өн­ді­ру бөлімінің 5 маманы қатысты. Санақ жұмыстары кезінде қорықшылар жабайы аңдар шоғырланған жерлерде іздерін санады, көзге түссе, өздерін санады. Фототұзаққа түскендері және бар.

Жануарларды қорғау және өндіру бөлі­мі­нің бастығы Ерік Қасымовтың айтуынша, тұяқты аңдардан таутеке, марал, елік, қабан шошқа, күдір, бұланның сандары тұрақты. Сонымен қатар терісі бағалы бұлғын, түлкі, су күзені секілді аңдар да кеміп, болмаса көбейген жоқ. Жыртқыштардың саны да тұ­рақ­ты.ж

– Санақ жұмыстарына инспекторлар кәдім­гідей дайындалады. Аң-құстардың ізімен тау кезу қиынның қиыны. Жеткен жерімізге дейін автокөлікпен, одан әрі атпен жүреміз. Ат тұяғы баспайтын жерлерге жаяу шығуға мәжбүрміз. Жабайы аңдар жүретін жерлерге фототұзақ құрамыз. Жабайы аң-құстар шоғырланған жерлер дронмен де бақыланды, – дейді Е.Қасымов.

Естеріңізде болса, «Катонқарағай» ұлттық табиғи паркінің аумағына құрылған фото­тұзақ­қа «Қызыл кітапқа» енген қар барысы, Алтай ұлары түскен еді. Мамандардың пікі­рінше, жабайы аң-құстар санының тұрақты болуы – жаз, күз айларында дайындалған азық пен науаға себілген тұздың нәтижесі. Алтайды мекен ететін аң-құстардың түріне келер болсақ, ұлттық табиғи парк аумағында қос­мекенділердің 3 түрі, бауырымен жорға­лау­шылардын 6, сүйекті балықтардың 17, сүтқоректілердің 67, құстардың 280-нен астам түрі бар. Ал омыртқасыз жануарлардың 1 500 түрі мекендейді екен. Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген сүтқоректілердің 5 түрін (Алтай арқары, тас сусары, қар барысы, сабан­шы және Иконников жарқанаты), құс­тар­дын 21 түрін (бүркіт, ителгі, алтай ұлары, сұр тырна, қара дегелек, балықшы тұйғын) парк аумағынан кездестіруге болады.