Білім • 27 Сәуір, 2022

Университет вымпелі ғарышта болды

249 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ш.Уәлиханов атын­дағы Көк­шетау универ­ситетінің вымпелі Ха­лықаралық ғарыш стан­сасына жібе­рілді. Бұл іс-шара жоғары оқу ор­ны­ның 60 жылдық ме­рей­­тойына орай ұйым­дасты­рылған.

Университет вымпелі ғарышта болды

Университеттің таратқан ақпа­ратына сүйенсек, биылғы 18 нау­рызда Ualikhanov University вымпелін Халықаралық ғарыш стан­сасына «Союз МС-21» ке­месі жет­кізген, ал 30 нау­рыз­да «Союз МС-19» ғарыш кеме­сінің ре­сейлік-америкалық халық­ара­лық экипажымен тү­сірілетін аппара­тында кері жерге жеткізілді. Атал­ған миссия Білім және ғы­лым министрлігі тарапынан қол­дау тауы­п, Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнер­кәсібі ми­нис­тр­­лігіне қарас­ты Аэроғарыш коми­­тетінің кө­мегімен жүзеге асырыл­ды.

Ualikhanov University өкілі Аяу­лым Құлжанова ғарышкерлер мен астронавтардың қолтаңбасы бар вымпелге Халықаралық ғарыш стансасының арнайы мөрі қо­йылғанын, бұл вымпелдің ғарыш­та болғанын растайтынын жет­кізді. «Аталған мөр Халық­аралық ғарыш стансасының бортында тұра­ды және ешқашан жер бетінде бол­майды. Бұл жойылады, бірақ оның мөрі объектінің ғарышқа бар­ғанына дәлел болып қалады», дейді.

Ал осы ЖОО-дағы студенттік парламенттің төрағасы Алмаз Теміровтің айтуынша, Қазақстан университеттері арасында Ualikhanov University жалауы ал­ғаш рет ғарышта болды. Бұған дейін бірқатар шетелдік университет, соның ішінде Массачусетс техно­логиялық институты, Мәс­кеу мемлекеттік университеті өзде­рінің вымпелдерін ғарышқа жіберді. «Вымпел Ualikhanov University бас экспозициясының стенд­­терінде қойылады. Бұл уни­­вер­ситеттің жоғары беделін және оның Ақмола облысы мен жал­­пы Қазақстанның экономи­касы, халық шаруашылығы үшін білікті кадрлар даярлаудағы ма­ңыз­­дылығын бейнелейді», деді ол.

Айта кетейік, Ш.Уәлиханов атындағы университет Көкшетау педагогикалық институты болып 1962 жылы құрылған. Уни­верситет жетекшісі аймақтық жоға­ры оқу орындарының бірі саналады. ЖОО бакалавриаттың 55 білім беру бағдарламасы, магис­тратураның 36 бағдар­ла­масы, докторантураның 9 бағ­дар­­ламасы бойынша маман­дар даярлайды. 2021 жылы ЖОО-ның Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігі жа­саған рейтингінде Ualikhanov University Қа­зақстанның үздік 10 ЖОО-ның қа­тарына енген.