Спорт • 27 Сәуір, 2022

Спорт жаңалықтары

329 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Спорт жаңалықтары

Күш атасын танымас 

Қызылордада ауыр атлетикадан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Жа­рыс­тың соңғы күні төмендегідей нәти­желер тіркелді.

81 кило салмақтағы алматылық Еламан Сейітқазының асқан шеберлігіне тәнті болдық. Ұлттық құрама сапына былтыр ғана іліккен жас өрен қоссайыстың қоры­тындысы бойынша 341 (150+191) килолық зілтемірді тік көтеріп, бас жүлдені олжалады. Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, Дүниежүзілік Универсиада мен Азия чемпио­натының жеңімпазы, өскемендік Денис Уланов күміс медальды қанағат тұтты. Қанда­сымыз атақты қарсыласынан 39 кило артық салмақты еңсерді. +109 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан зілтеміршілер арасындағы бәсеке өте шиеленісті өтті. Бас жүлде үшін тартыс Шығыс Қазақстан облы­сының өкілі Дмитрий Каплин мен шым­кенттік Ибрагим Берсанов арасында өрбіді. Екеуі де халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері. Бұл айқаста алғашқысының асығы алшысынан түсті. Каплин 365 (162+203) килолық көрсеткішке қол жеткізсе, Берсанов одан бір кило кем көтерді.

Сондай-ақ жарыстың соңғы күні талды­қорғандық Сергей Петрович (89 кило), атыраулық Нұрғиса Әділетұлы (96 кило) және қарағандылық Кирилл Староверкин (102 кило) мен Артем Антропов (109 кило) жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. 

UFC-де күш сынасады 

Аралас жекпе-жек әлеміндегі ең белді ұйым – UFC тағы бір қазақ спорт­шы­­сымен толығады. 11 маусымда Син­­гапурде өтетін жарыста Мақсат Қайсар октагонға шығады.

Қытайда туып-өскен қандасымыз былтыр Dana White’s Contender Series турнирінде қырағы мамандардың назарына ілікті. Ол канадалық Ахилес Эстремадураны ұтқаннан кейін бірден көпшіліктің қошеметіне бөленді. Тіпті UFС-дің қожайыны Дана Уайттың өзі: «Бұл жігіттің қайсарлығы мен жанкештілігіне тәнті болдым. Бәсеке барысында бірнеше ауыр соққы алса да былқ еткен жоқ. Керісінше, өзіне деген сенімділігін жоғалтпай, соңына дейін аянбай айқасты. Ол небәрі 21 жаста. Әдетте біз UFС-ге тым жас спортшыларды қабылдай бермейміз. Бірақ бұл әңгіменің Қайсарға еш қатысы жоқ. Ондай жаужүрек жігіттер бізге керек», деп ақтарыла сөйлеген еді.

Күні бүгінге дейін Мақсат Қайсар жеті жекпе-жек өткізіп, соның алтауында жеңіске жетті. UFС-дегі өзінің тұсаукесер кездесуін ол америкалық Стив Гарсиямен (12-4) өткізеді. Ал Сингапурдегі жарыстың басты бәсекесінде жартылай ауыр салмақтағы бразилиялық Гловер Тейшейра (40-7) мен чехиялық Иржи Прохазка (32-3-1) айқасады. 

D тобында ойнайды

Үндістанның астанасы – Нью-Делиде 14 жасқа дейінгі теннисшілер ара­сындағы әлем чемпионатының Азия және Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирі басталды.

Қазақстан құрамасы D тобында өнер көрсетуде. Біздің жас өрендер өздерінің тұсаукесер кездесуін Индонезиямен өткізді. Одан кейін Шри-Ланка және Пәкістанмен күш сынасады. Осы топта тек үздік шыққан команда ғана іріктеу турнирінің келесі кезеңіне өтеді. Жерлестеріміз бұл жоспарды ойдағыдай жүзеге асырады деген ойдамыз. Себебі қарсыластарымыз анау айтқандай аса азулы емес. Оларға қарағанда Қазақ елінің құрамасының қарқыны әлдеқайда күшті. Біздің команда сапында Заңғар Нұрланұлын айрықша атап өтуге болады. Ол жасөспірімдер арасында Tennis Europe (TE) рейтингінде жеке-дара көш бастап тұр. Сондай-ақ Дамир Жалғасбай пен Даниэль Тазабековтің де аяқ алыстары жақсы.