Берлин қаласында Мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Германия үкіметаралық комиссиясының кезекті төртінші мәжілісі болып өтті. Қазақстан делегациясын Мәдениет министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Тілеуғали Қышқашбаев, Германия делегациясын Федералдық сыртқы істер министрлігі Мәдениет және байланыс департаменті директорының орынбасары, елші Андерс Майтцнер басқарды.
Мәжілістің күн тәртібінде мәдениет, өнер, кинематография, спорт және білім саласындағы кеңейту, академиялық және ғылыми тәжірибе алмасуды жандандыру, сонымен қатар, ақпарат, баспа және мұрағаттық істер саласындағы қарым-қатынас туралы мәселелер қаралды. Ресеймен, Орталық Азиямен және «Шығыс әріптестік» елдерімен ынтымақтастық бойынша ГФР үкіметінің өкілі Гернот Ерлер аталған мәжіліс екіжақты қарым-қатынас, саяси үнқатысу мен екі елдің арасындағы экономикалық қатынастардың даму деңгейінің бейнесі деп атап өтті.
Өз кезегінде Т.Қышқашбаев мәдениет пен білімнің неміс тарапымен байланысы маңызды екенін, Қазақстан басшысының Жолдауымен үйлесетінін атап өтті. Қазақстан делегациясы басшысының сөзіне қарағанда, қазақ тілінің Германияда және неміс тілінің Қазақстанда берілуіне екіжақты келісіммен рұқсат етілген.
Шараның қорытындысы бойынша нақты уағдаластықтарға қол жеткізіліп, отырыстың қорытынды хаттамасына қол қойылды. Бұлар келер жылдардағы қарым-қатынастың негізгі бағыттарын қамтиды.
Мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Германия үкіметаралық комиссиясы 1994 жылғы 16 желтоқсан «Германия Федеративтік Республикасы мен Қазақстан Республикасының үкіметтері арасындағы мәдени байланыстар» туралы келісім негізінде құрылған болатын.
«Егемен-ақпарат».