Қазақстан • 28 Сәуір, 2022

Ұлттық заңнаманың ықпалы ерекше

231 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауының маңыздылығын көптеген шетелдік мемлекет және қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, атақты ғалымдар мен беделді қоғамдық ұйымдар өкілдерінің БАҚ-тағы пікірлерінен де аңғаруға болады. Олар Жолдауды қазақ елінің мүддесін көздеген құжат ретінде танып, оң бағаларын беріп жатыр.

Ұлттық заңнаманың ықпалы ерекше

Жолдауда өткен жолымызға әділ баға берілді. Жаңа Қазақстанды құру жолындағы нақты міндеттер мен межелі мақсаттар айқындалды. Ауқымды іс-шараларды жүйелі түрде, кезең-кезеңімен абыроймен атқарып, ел дәулетін өркендету баршамыз үшін аса маңызды әрі киелі парыз екендігі де ескертілді. Ал оған қол жеткізу үшін мемлекетімізде сая­си жаңғыртуға басымдық беріліп отыр. Ел ішінде оңтайлы саяси өз­герістер жүргізбей, мемлекетті ор­нық­ты дамыту, ауқымды әлеумет­тік-экономикалық дамуды қалыптастыру мен қоғамда әлеуметтік әділдікке шынайы қол жеткізу мүмкін еместігі де ел-жұрттың назарына жеткізілді.

Осындай кешенді шаруаны атқаруда ең алдымен ұлттық заңна­маның ықпалы ерекше болатындығы ескеріліп, Конституцияға, оншақ­ты Конституциялық заң мен отызға жуық салалық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Адам құқығы жөніндегі уәкіл мен Про­куратура мәртебесін қамтамасыз ететін жаңа Конституциялық заң жоба­ларын мейлінше мұқият әзірлеу қажеттігі туындады.

Президент шешімінің негізінде Конституцияға енгізуге ұсынылған өзгерістер мен толықтыруларды жан-жақты зерделеу мақсатында білік­ті мамандардан арнайы жұмыс тобы құрылды. Аталған топ мүшелері төрткүл дүниеде орын алып отыр­ған тұрақсыздық ықпалы мен ел ішіндегі ахуалды тезірек қалыпқа түсіру жағ­дайларын ескере отырып, өте қар­қынды жұмыс атқарып, заң жобасын әзірлеп, Мемлекет басшысының назарына ұсынды. Президенттің қатысуымен өткізілген арнайы кеңес барысында қоғамды дәйекті түрде демократияландыруға септігін тигізетін және мемлекеттің орнықты әрі басқаруға икемді болуын қамтамасыз ететін жаңа әрі тиімді құқықтық нормалар ұсыныл­ды. Соның ішінде суперпрезидент­тік басқару үлгісінен бас тартып, елде әлеуметтік әділдік орнату мақ­сатын­да барлық азаматтың бір­дей мүмкіндік алуына мызғымас кепіл болатын Президенттің өкілет­тігі және Парламенттің мәрте­бе­сін айтарлықтай кеңейтуге бағыт­тал­ған ұсыныстар оң қолдау тап­ты. Сонымен қатар сайлау жүйе­сін жетілдіру мен үдерісін жаңғырту, партиялық жүйені дамыту және құқық қорғау институттарын күшейтуге бағытталған озық ұсыныстар да Мемлекет басшысының қолдауына ие болды.

Осы өзгерістердің нәтижесінде елі­мізде «Күшті Президент – ықпал­ды Парламент – есеп беретін Үкі­мет» қағидасына қол жеткізуге мүм­кіндік беретін құқықтық негіз қалыптасады.

Кеңесте Мемлекет басшысы қоғам мен мемлекет үшін аса ма­ңыз­ды жер меншігіне қатысты ұсы­ныс айтты. Көпке мәлім, жерге қа­тысты мәселе қай уақытта болсын өте қиын, мейлінше жауапты, құндылығы ерекше дүние болып танылады. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Жер десе дірілдемей болмайды. Өйткені жер мәселесі – өмір сүру мәселесінің зоры» деген бүгінгі күнге дейін өзекті болып тұрған қанатты сөзін текке айтпаған болар. Ал қазіргідей аумалы-төкпелі заманда жер мәселесі тіпті өткір болып тұр. Жасыратыны жоқ, ел-жұрттың арасында жерге иелік жасау, орынды игеру және оның қойнауындағы байлығын ел игілігіне пайдалану тұрғысында сан қилы пікір, түрлі ой мен орынды ұсыныстар әртүрлі деңгейде жиі көтеріліп келеді.

Конституцияның қолданыстағы 6-бабының 3-ші тармағында «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады» деп жазылған. Сонымен қатар 2011 жылдың 1 наурызында қабылданған «Мемлекеттік мүлік туралы» заң «мемлекеттік меншік құқығында мемлекетке тиесілі мүлікті иеленуді, пайдалануды және оған билік етуді қоса алғанда, мүлікті құқықтық жүзеге асыру тәр­тібін, мемлекеттік мүлікке, оның ішінде мүлікті мемлекет меншігіне алу және жекешелендіру кезінде құқықтарға ие болу және тоқтату, сондай-ақ жеке тұлғалардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың оларды иелену және (немесе) пайдалану» тәртіптерін реттейді.

Байқап отырғанымыздай, Конс­ти­­туциялық нормада да, аталған салалық заңда да жер меншігі және оның қойнауын иелену, пайдалану және оған билік ету мәселелерінде халыққа тиесілі және мемлекет тек халық атынан меншік иелігін жүргізу өкілетті деген императивті талап қаралмаған. Ұлттық заңнаманың осындай олқы тұстарын пайдалану арқылы жер және оның табиғи ресурстарын пайдалануда көптеген келеңсіздікке жол берілгені мәлім болып отыр. Осындай заңсыздық­тарды тоқтатып, әділеттілікті орнату мақсатында Президент: «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Мемлекет халық атынан меншік иелігін жүргізуге құқылы» деген нақтыланған жаңа норманы Конституцияға енгізуді ұсынды. Мемлекет басшысының ел игілігіне бағыттаған бұл шешімі көпшіліктің көңілінен шығады деп сенемін. Себебі құқықтық тұрғыдан сарала­ған уақытта бұл жаңа норма жердің және табиғи ресурстардың иесі тек халық екендігін нақтылап, ал мемлекет жерге және онын табиғи ресурстарына тек халықтың өкілеттік беруімен ғана меншік иелігін жүргізе алады дегенді білдіреді. Сонымен қатар жаңа норма жерге және жер қойнауының байлығына байланысты құқықтық қатынастарды реттейтін ұлттық заңнамалар жобаларының халық назарында болуын жүктейді. Сондай-ақ айқындалып жазылған бұл конституциялық норма жерге және жер байлығына қатысты мәселелерді қарау барысында бұрмалап түсінуге немесе Конституцияға қайшы келетін басқа заңнамаларға жүгінуге жол бермейді. Яғни біркелкі қолдануды қамтамасыз етіп, Конституцияның 4-бабының 2-тармағында қаралған «Конституцияның ең жоғарғы заң күші бар және Республиканың бүкіл аумағында біркелкі әрі тікелей қолданылады» деген талабын кім болса да мәртебесіне немесе лауазы­мына қарамастан мүлтіксіз орын­дауға міндеттейді.

Мемлекет басшысы жұмыс тобы әзірлеген Конституцияға толық­тырулар мен өзгерістер енгізу туралы заң жобасын қолдай отырып, жобаның маңыздылығын ескеріп, өзінің Конституциялық өкілеттігінің шегінде Конституциялық кеңестің қорытындысын алуға шешім қа­былдады. Бұл да Президенттің өте маңызды мәселелерге ерекше мән беріп, жауапкершілік танытып отырғандығын дәлелдейді.

 

Рамазан СӘРПЕКОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының кандидаты