Таным • 28 Сәуір, 2022

Жақанның аманаты

184 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ауылдың кіреберісіндегі Тілекқайыр оқытушының үйінің алдындағы ұзын үйдің бір жағында шебер Жақсығали ағай тұратын. Ал көк қақпалы екінші жағында мен ес білгелі алдымен Ленин орденді шопан болған ауылға сыйлы ардагер Жұмабике әжей тұрды. Білікті ұстаз, тіл маманы, оқыған өлеңдері жүректен жүрекке жетіп, бейне бір сахна қойылымын көріп отырғандай сезімге бөлендіретін Тасболат Тінәлиев ағай да дәл осы үйде ұрпақ өрбіткен. Құтты шаңырақта Бейімбет пен Айгүл де түтін түтетіп, балалы-шағалы болды.

Жақанның аманаты

Ауылдың арғы шетінде ертеде қарттар өз қолдарымен салған шатыры жоқ, төбесі балшықпен сыланған үйлер көп болатын, ел ішінде «Пермовой» немесе «Шалдар жақ» деп аталып кеткен осы үйлерді соғысқа қатысқан қарттар мекен етті. Сырт көзге кіш­кентай ғана жатаған үй болып көрінгенмен, іші сыр мен ше­жі­реге толы сол үйлердің бі­рі­не пош­тада жұмыс істейтін Нәбәт апай мен інісі Жақан көшіп кел­ді. Жа­қанның азан шақырып қой­ған аты Жәңгірхан екен, бала кезін­д­е еркелетіп Жақанжан аталып кетіпті.

Ауыл шеберханасындағы Құр­мет солардың үлкен ағалары еді, темірден түйін түйген елге белгілі мықты ұста болатын. Сол кезде үлкендерден Құрметтің әкесі Ақымғали өте шебер ұста болды дегенді жиі еститінбіз. Ауылдағы кеңшар тарап, әркім өз алдына тіршіліктің қамына кірі­сіп, күнелте бастады, сол кезде Жақан қала мен ауыл ортасына жеке көлігімен ауыл тұрғын­да­рын тасып, такси қызметін ат­қар­ды.

Бірде ауылға сәлемдеме бе­ріп жіберудің қамымен қала­да­ғы базар маңына келдім. Ал­дым­нан Жақан ағай кездесті, аман-саулықтан кейін ауылдың жағдайын сұрап, біраз әңгіме-дүкен құрдық. Көлігіне жолаушылар толған соң, жолға шығар алдында: «Рафхатжан, менің әкем соғыстан аман келді ғой, елге оралған соң ұста болды. Бізді өмірге әкелді «Мәңгілік алауда» Отан үшін от кешкендердің, үй­леріне оралмағандардың тізі­мін­де әкем Ақымғали Қойлы­баев­тың есімі де жазулы тұр. Інім, саған өтініш, әкем туралы мақала жазшы», деді. Осылайша ауыл мен қала арасына қатынап жүрген Жақан бірде ауа райының қо­лайсыз кезіне тап болып, мез­гіл­сіз қазаға ұшырады.

Ендігі сөзді ауылдағы байланыс бөлімінде жұмыс істеп, сол жерден зейнетке шықан Нәбәт апай­дың өзіне берейік:

«Әкеміз Ақымғали 1909 жылы Сулыкөл ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Қойлыбай, Жолдыбай деген екі ағайынды болса, Жолдыбайдың жалғыз қызы Шамшырақ апамыз Сәуле ауылының жігіті, емші, сы­нықшы Темірғали Теловке тұр­­мысқа шықан. Олардың жал­ғыз ұлы Қалдығайты өзеніне суға кетіп, қаза болған екен. Қой­лы­бай­дан туған жалғыз ұл Ақым­ға­ли әке-шешеден тоғыз жасында жетім қалып, ауқатты Әбу деген қарттың қолында өсіпті.

1942 жылғы ақпан айының 8-і күні әскерге шақырылып, жол салу батальонының көпір жөн­деу взводында ағаш шебері болады. Жау ұшақтары салынған көпірлерді бомбылап, қиратып жатса да күндіз керек ағаштарын кесіп, да­йындап, жасырып отырады екен. Ал көпірді көбіне түнде салатын көрінеді. Неміс ұшақтарының кезекті бомбылауында жарақат алып, тұтқынға түседі. Бір қызығы, тұтқында ауылдастары Назарәлі мен Дабыш та бірге болыпты. Оңтайлы сәті келгенде қасындағы ауылдас інішектерімен бірге және тағы үш-төрт жігіт қосылып қа­шып шығып, тұтқыннан аман-есен құтылады. Ал соғысты Берлинде аяқтайды. 1946 жылғы 24 қыр­күйекте Жоғарғы Бас қол­бас­шы­ның бұйрығымен әс­кер­ден босап, елге кеудесіндегі наг­радалары жарқырап оралады.

Әкеміз елге оралған соң, Ол­жай Бердештің қызы Қазизаға үй­леніп, төрт ұл мен бес қызды дүниеге әкеледі. Тұңғышы Себеп 1949 жылғы, қолынан балғасы түспей, әкесімен көрік қыздыруға күнде бірге барады екен. Келген соң балғасын жастығының астына салып жататын болыпты. Осы қылықтарына ауылдастары таң қалып жүреді екен, содан көз тиіп, төрт жасында қайтыс болады.

Сәтима есімді кішкентайы да көз­і­гіпті. Әкеміз бен анамыз бал­­шық басып, саман илеп, 1956 жылы үй салады. Сол кезде ауылда небәрі алты үй ғана бо­лыпты. Алдымен Қажым, Қыздарбек, Беркін, Еркіштай, Нұртаза, Тас­қали өз күштерімен үй салып қо­ныс­танған екен», деп қа­йырды әңгімесін Нәбәт апай.

Оның сөзін ауылдың ақсақалы, сек­­сеннің сеңгіріне шыққан Еламан Есешов төмендегіше жал­­ғастырды. «Бір топ бала 3-4 шақы­рым жердегі Шөмішкөлден жаяу келіп оқимыз. Қыстың күні мектепке әуелі Ақымғали ағай­дың үйіне соғып шәй ішіп, жылы­нып алған соң барамыз. Өзі бала жатырқамайтын әзілқой жан еді, бізбен қалжыңдасып отыратын. Содан да болар, үйінде өз балаларынан бөлек жиырманың үстінде бала жатады. Көмір салып, көрік қыздырып, оны үрлеп, өгізге шана, арбаға дөңгелек жасайтын. Ауыл- ауылдан адамдар келіп, кезек күтіп тұрушы еді».

Сулыкөл ауылдық округінде біраз жыл ауыл әкімі болып зей­нетке шыққан Бітімәлі Құр­ма­налиев ақсақал сол кезді былай деп еске алады: «10-12 жас ша­ма­сын­дағы баламыз. «Сталин жолы» колхозының шетінде Ақымғали ата­мыздың ұстаханасы болды, біз­дер көрік қыздырғанын, оны үр­легенін қызықтап барамыз. Ағашы кеуіп, темірі түсіп қалған қаусаған дөңгелектерді қай­тадан жаңартып беруші еді. Дәнекерлейтін аппарат жоқ болса да темірдің жалғанған жерін білдірмей, жап-жаңа дүние жасап шығаратын. Қысқасы, қолынан бал тамған шебер ұста кісі еді».

«Әкеміз Ақымғали Қойлыбаев соғыс салған жара салдарынан 1967 жылғы 7 қарашада өмір­ден озды, ол кезде ағамыз Құр­метқали – 14 жаста, ең кенже сіңлім Алтынзер екі жаста болатын. Құрмет әке жолын қуып, совхозда темір ұстасы болды, мен Алматыдағы байланыс техникумын бітіріп, Қалдығайты поштасында 40 жылдан астам еңбек еттім. Садап Бөрлідегі техникуды бітірді, Самиға Алматы мәдени-ағарту училищесін аяқтаса, Шың­ғыс Шымкенттің милиция мек­тебінде оқып келіп, Қаратөбе аудандық ішкі істер бөлімінде мо­йор шеніне дейін қызмет етті, сол жерден зейнетке шықты. Кенжеміз Алтынзер Куйбышев байланыс техникумын бітірген, біраз жыл Ресейде тұрып, кейін елге оралды. Ал анамыз Қазиза Бердешқызы 1976 жылы ақпан айының 28-і күні өмірден өтті», деді әңгімесінің соңында Нәбәт апамыз.

Бұл естелік-әңгіме, өздеріңіз байқағандай, Жақанның аманатын орындау мақсатында ауыл тұр­ғындары мен қызы Нәбәттің айтқандары және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, белгілі қаламгер Қайыржан Ха­са­новтың 2013 жылы жарық көр­ген «Отан үшін от кешкен қара­төбеліктер» атты кітабы не­гізін­де жазылды. Бұл кітапта да жоғарыда айтылған Нәбәт апай­дың әңгімесі желісімен кейіп­керіміздің өмір жолдары тура­лы мәліметтер берілген екен.

 

 Рафхат ХАЛЕЛОВ,

 Қазақстан Журналистер

 одағының мүшесі

 ОРАЛ