Қоғам • 28 Сәуір, 2022

Темір мінезді тұлға

468 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Генерал-лейтенант Болат Жанасаев – Қазақ­стан Қарулы Күштері жоғары қолбас­шылығының жарқын өкілдерінің бірі. Ел армиясының қалыптасуы мен дамуына қомақты үлес қосқан әскери қайраткердің өмір жолы генералдар мен офицерлердің бүгінгі буынына үлгі.

Темір мінезді тұлға

Генералдың есімі ІІМ Ішкі әскері, бүгін­дері Ұлттық ұлан басшылығының үнемі аузында жүреді. Барлық командирлер өздерін оның шәкірті санайды. Жеке құрамда генералдың сөздері мысалға, басқару әдісі мен айтқан ой-пікірлері қанатты сөздерге айналған. Ал тәжірибелі офицерлер генерал-лейтенант Болат Жанасаевтың тұсында қызмет атқарғанын мақтан тұтады. 

Мұның сыры неде десеңіз, айтып өтерлік жайттар көп. Генерал Б.Жанасаев феноменін түсіну үшін оның ғұмырына там-тұмдап үңілге­німіз жөн.

Болат Бақытжанұлы Ақтөбе облы­сының Темір қаласында дүниеге келген. Адам есімі мен туған ортасы аза­маттың тағдырына, жалпы, тұлға бо­лып қалыптасуына тікелей ықпал ете­ді емес пе? Есімі Болат, туған қа­ла­сы Темір қаласы болғандықтан ба, кейіп­керіміздің пешенесіне тегеурін­ді ма­мандықты, яғни әскери саланы таң­дауы жазылған еді. Оның әскери адам болу туралы шешімін ең алдымен, ата-анасы мен мұғалімдері мақұлдады.

– Әкем Бақытжан Бейсенбіұлы мен анам Үрзия Сәрсенбайқызы бала­лар­ға барлық жақсылықты үйретті, өмірге қажетті жоғары адамгершілік қасиеттерді сіңірді. Соның арқасында біз жақсы атқа лайықты азамат болып өстік, – деп генерал өмірлік таңдауы туралы естелігімен бөлісті.

Мектепті аяқтаған соң Болат Бақыт­­жанұлы Кеңес Одағының мар­­шалы Конев атындағы Алматы жал­пы­әскери командалық учили­ще­сіне оқуға түседі. «Офицерлер ше­берханасы» атанған әскери оқу ор­нында ол болаттай шыңдалып, ал­мас қылыштай қалыптасады. Сап­тық және дене дайындығы, қару қол­дану тәсілдері, әскери киім кию үлгі­­лері мен өмір сүрлеуінен өткен ұла­ғатты ұстаздарының берген білі­мі курсанттық өмірдің ажырамас бө­лігіндей болды. «Жігіт жанған от болсын» дейді халық даналығы. Болашақ генерал курсанттық кезінен бастап үмітті ақтайтынын көрсетті. Оның спорттық, мәдени жан-жақты дамуы әскери саладағы болашақ жеңістерінің іргетасы еді. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Тіпті үшінші курс курсанты Болат Жанасаевтың қазақ халқының ұлы перзенті Дінмұхаммед Қонаев аталған әскери оқу орнына келген кезде қазақ басшысымен тіл­десу мүмкіндігіне ие болған. Жа­лын­даған өрен кеңестік генерали­тет пен ел ағаларының арасында еш қысылмастан өз ойын еркін біл­діріп, Дінмұхаммед Қонаевпен сұх­баттасыпты. Жас курсанттың өзін-өзі ұстауына, айтқан сөздеріне Димекең тәнті болғанын көзкөргендер жыр қылып айтып отырады.

Білім жинауға берілген курсанттық кезең аяқталып, жас лейтенант өз өмі­рінің жаңа сатысына ауысты. Кеңес өкіметі салтанат құрған кезде Отан ұғымының аясы да, алып жатқан аума­ғы да кең болғаны түсінікті. Жас лей­тенантқа бірден туған жерінен алшақ­тағы Еуропаның төрі саналатын Германияға жолдама берілді. Бұйрықтың аты бұйрық! Туған шаңы­рағынан алшақтық жас офицерді жасқандырған жоқ. Керісінше, оның бойындағы жаңашылдыққа де­ген қы­зығушылығын арттыра түс­ті. Ал­ғашқы қызмет жолын Герма­ния­­дағы Кеңес әскерлері тобында взвод, рота командирі, батальон коман­дирі­нің орынбасарынан бастап, кейін Сі­бір әскери округында батальон коман­дирінің орынбасары, батальон коман­дирі болып жалғастырды. Киев әскери округында өзін жақсы қырынан көрсеткен сардарды жолдамамен Мәс­кеу қаласындағы М.В.Фрунзе атын­дағы әскери академиясына жіберді.

Көп ұзамай оның мансабында күт­пеген өзгеріс болды. Әскерлерде ұлт­аралық жанжалдар шиеленіскен Одақ­тың әртүрлі өңірлерінде қо­ғамдық тәртіпті және қоғамдық қауіп­сіздікті қолдау жөніндегі қызметтік-жауынгерлік міндеттердің кеңеюіне байланысты осы өңірлерде жедел мақ­саттағы бригадалар құру туралы шешім қабылданды. КСРО ІІМ Іш­кі әскерлер Қолбасшысының бұй­ры­ғымен ол жедел мақсаттағы 100-ші ди­­визияның 47-ші жедел полкін құ­ру­ға жауапты болып тағайындала­ды (Рос­тов облысы Новочеркасск қаласы).

КСРО ІІМ ІӘ Қолбасшысы, генерал-полковник Шаталиннің подполковник Болат Жанасаевтың кандидатурасын таңдауы кездейсоқ болған жоқ. Сол жылдары ұлтаралық қақтығыстар болып, одақтың әр түк­пірінде қақтығыс ошақтары пайда болып жатты. Дәл осы қиын-қыстау уақытта КСРО Ішкі әскерінің Орта Азия мен Қазақстан бойынша жаттығу полкінің командирі лауазымына Болат Бақытжанұлын мол тәжірибесіне сеніп тағайындайды. Іргесі шайқалған империяның жан-жағын алауыздық оты шарпыған кездері Ішкі әскердің жауынгерлері барынша арағайындық танытып, бейбітшілік миссиясымен қарсыласқан тараптарды ажыратты. Ферғана, Баку, Таулы Қарабахтағы және тағы басқа оқиғалар кезінде құ­қықтық тәртіп әскерлерінің арқа­сында қаншама бейбіт тұрғынның өмірі сақталды. Қаншама азамат отбасыларына аман оралып, шаңырақтары шайқалмай аман қалды. Осы аумақта бейбіт өмір қалыптастыруға КСРО, Германия армиясындағы далалық оқу-жаттығуларда тәжірибесін шын­даған Болат Бақытжанұлы бір адамдай атсалысты. Сардардың осындай атан түйені қайыстырар ерлігін біріміз білсек, енді біріміз білмейміз. Десе де, сол кездегі ерен ерлікті ақ бас тарих әлі де айшықтап береді. Уақыт өте әр жердегі көтерілістердің себебімен алып мемлекет КСРО-ның шаңырағы ыдырады. Осылайша, біздің елде де тәуелсіздік таңы арайлап атты. Әрине, егемендік алып, қуаныш сезімі көкірегімізді кернегенмен, еліміздің қоғамдық өмірінде қордаланған көп мәселелер шешімін күтіп тұрған болатын. Соның ішінде ең маңыздысы – еліміздің Қарулы Күштерін қалыптастыру тұрған еді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылы Болат Бақытжанұлының өмірінде де тағы бір жаңа кезең басталды. Ел сенім артып Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданынан Жоғарғы Кеңестің 12-шақырылымының депутаты атанды. Жауапкершілігі мол депутат бола жүріп, егеменді ел әскерінің іргетасын қалауға бар ынтасымен кірісті. Себебі әскери өмірдің қиын да қызықты сүрлеуінен өткен тісқаққан офицер әскерге қатысты мәселелерге атүсті қарамай, оңтайлы шешілуін тікелей қадағалап отырды. «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері туралы», «ҚР ІІМ Ішкі әскер­лері туралы», «ҚР ҰҚК Шекара қыз­меті туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметшінің мәртебесі туралы» заңдарды және тағы да басқа заң жобаларын жасап, қабылдануына үлес қосты. Әскерге қатысты кез келген мәселенің басы-қасында жүрді. Қоғамдық мәселелерге белсене араласып, шешімі шиырланған проблеманы үлкен мінберден жетесіне жеткізе өткір айта білді.

Әскеріміздің құжаттамалық не­гізі қаланғанымен әлі де іске асыру жа­ғы ақсап тұрған болатын. Жал­пы, ха­лықтық жағдаймен бірге әскери­лердің де жағдайы көңіл көншітпейтін еді. Сөзден іске кірісу – уақыт талабы. Қай салада болсын іскерлігімен дара­лан­ған Болат Бақытжанұлына 1994 жылы Президент Нұрсұлтан Назар­баев Ішкі әскердің тізгінін сеніп тапсырды.

Міне, содан бергі өмірі құқықтық тәртіп әскерімен етене байланысты болды. Президент жаңа тағайындалған ведомства басшысының алдына нақты тапсырмалар қойды. Елдегі экономикалық қиындықтарға қа­ра­мастан жауынгерлердің рухын көтеру соның негізгісі еді. Мем­лекеттің қорғаныс әлеуетінің жағ­дайы Ішкі әскермен тікелей байланыс­ты болғандықтан, ең алдымен, жауын­герлік даярлыққа үлкен көңіл бөлінді. Әскери қызметшілердің жалақыла­ры кешіктіріліп, осал материалдық-техникалық база, кадр тапшылығына қарамастан жауынгерлік даярлық­ты жоғары деңгейге көтеру талабы қойылды. Айтуға оңай көрінгенімен, мұны іс жүзінде жүзеге асыру оңайға соқпасы анық болатын. Ол кезде адамдардың үмітін ояту, болашаққа деген сенім ұялату қиынның-қиыны еді. Кейде жылы сөзімен, кейде қатаң тәртіппен қойылған тапсырманың үдесінен шығу керек болды. Сондай-ақ ол офицерлерден заман ағымы­нан қалмауды қатал талап ете білді. Әскердің бір орында тұрақтап қа­лу­ын қаламады. Офицерлердің білімін жетілдіруге, тәжірибе жинақтауы­на ерекше көңіл бөлді. Командир жы­лы кабинетте отырып, бұйрық бе­руші емес, жеке құрамның ыстық-суы­ғы­на бірге тоңып, қиын жағдайдан қиыс­тыра жол тауып кетуі қажетті­гін үнемі айтып жүрді. Өзі де осы ұста­­нымнан шықпады. Қазақстанның түк­пір-түкпіріндегі барлық әскери бөлімдер мен жеке роталарды, әскери қалашықтарды өз көзімен көріп аралап шықты. Сондай сапарларында қарамағындағы әр командирдің уәжі мен ұсыныстарын мұқият тыңдай білді. Осындай сабырлылықтың арқасында Ішкі әскердің қалыптасып, аяғынан тік тұрып кетуіне ұшан-теңіз үлесін қосты. Оның барлы­ғын айтып жеткізу мүмкін емес. Жауынгерлердің тамақтануы мен жаңа ғимараттарды салу секілді үлкенді-кішілі мәселелердің шешілуіне атсалысты. Қандай істі қолға алсын соңына дейін жеткізуге бар ынтасымен кірісті. «Мүмкін емес» деген сөз тіркесі генерал-лейтенант Б.Жа­на­саевтың сөздігінде болмайтын. Сон­дықтан болар, «Жанасаев келеді» дегенді естіген кез келген әскери бөлім алдына жарты жыл уақыт салып, Қолбасшыларының сапарын күтетін. «Көз қорқақ, қол батыр» демекші, кез келген істі нәтижемен аяқтауы қол астындағылардың да сенімін арттыра түсті. Жеке құрамның жүректеріне жалын отын тұтату қасиеті нағыз сар­дарға бұйырған.

Кез келген Қолбасшының мақ­саты – әскердегі жеңімпаз рухты қа­лыптас­тыру. Өйткені рухы мығым әскердің алдында алынбайтын қамал болмайды. Ішкі әскердің қызметін күрделі кезде қолына алып, биік деңгейге көтеру тек іскер, еңбекқор, батыл, елжанды және темір мінезді тұлғалардың қолынан келері сөзсіз.

2000 жылы генерал-лейтенант Болат Жанасаев басқа да лауазымды қызметтерге ауысып, абыройлы қыз­метін жалғастырды. Десе де, бү­гінгі Ұлттық ұланның тарихында өшпес із қалдырды. Бұл жылдар оның өміріндегі жеңісі мен жетістігінің бір парасындай.

Бұған дейін Президент оған мем­лекеттік маңызы бар шұғыл міндет – Республикалық ұланды құруды жүк­теді. 1992 жылғы наурыздағы Жар­лықтан кейін Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовпен бірге ішкі әскерлердің жедел бригадасы базасында Республикалық ұлан құруға кірісті.

Құрылғаннан кейін сегіз жыл өткен соң генерал Болат Жанасаев сал­танатты рәсімдерді орындауға қатысуға, Мемлекет басшысының және өзге де күзетілетін адамдардың қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге, аса маңызды мемлекеттік объектілерді күзетуге арналған, Президентке тіке­лей бағынатын арнайы әскери құры­лымды білдіретін Республикалық ұланның Қолбасшысы болды.

Кейіннен «Шығыс» өңірлік қол­бас­шылығы әскерлерінің қолбасшы­сы лауазымына тағайындалуына байланысты Төтенше жағдайлар вице-министрі болды. Біраз уақыттан соң оны Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымында қажырлы жұмыс күтіп тұрды. Бұл министрлікте ол өзінің парламенттік заң шығару қызметінің нәтижелері Қазақстанның Қарулы Күштерін құру мен қалыптастыруда баға жетпес рөл атқарғанын іс жү­зінде сезінді. Елбасы атындағы Ұлт­тық қорғаныс университетінің бас­шысы ретінде құрметті еңбек дема­­­лысына шықты. Бүгіндері дара­боз тұлға еліміздің маңдайалды компа­нияларының бірінде ел игілігі үшін еңбегін әрі қарай жалғастырып келеді.

Иә, өмір шыдамдыларды ұнатады. Батыстың пірәдар ғалымдары қанша жерден «армандай білу» туралы айтса да, жетістікке жетудің бір жолы – ұзақ уақыт бойы халыққа қалтқысыз қызмет ету екені өмір дәлелдеген аксиома. Сондықтан қазіргі өскелең ұрпақ өз арамызда жүрген осындай нар тұлғалы ерлерден үлгі алса бол­ғаны. Генерал-лейтенант Болат Жанасаевтың ғибратты ғұмыры осыны дәлелдеп тұр.

Құрметті демалысқа шыққаннан кейін генерал Қарулы Күштер, Ұлттық ұлан, Мемлекеттік күзет қызметі және өзінің туған білім ошағына айналған С.Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтымен, бұрынғы АВОКУ-мен, Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің оқытушы құра­мымен, сондай-ақ ардагерлер және курс­тас достарымен байланысын үзбеді. Керісінше, қолы босағанда бар­лығымен етене араласып, бауырын­дай болып кетті. «Ұяда не көрсең, ұш­қанда соны ілерсің» демекші, Болат Бақытжанұлының балалары да ла­йықты азаматтар болып өсті. Әрқай­сысы қоғамда өздерінің орнын тапты.

Жүрегінің қалауымен Отан қорғау­шы мамандығын таңдаған Болат Бақытжанұлы Жансаевтың өмір жолына қарасаң, лейтенанттан гене­рал-лейтенантқа, взвод командирінен ІІМ Ішкі әскерлерінің Қолбасшысы, Қорғаныс министрінің орынбасары, Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің басшысына дейін өткен қиындық пен жауапкершілікке толы қызмет жолын байқауға болады.

 

Әлібек СЕРӘЛИЕВ,

Ұлттық ұланның

Бас қолбасшысының

орынбасары,  генерал-майор