Қазақстан • 28 Сәуір, 2022

Бұл түрімізбен қалай жаңарамыз, қалай жаңғырамыз?

626 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінің биылғы 11 сәуірдегі нөмірінен белгілі ақын Ақұштап Бақтыгерееваның: «Жүрегім ауыра­ды менің» деген мақаласын оқы­дым.

Бұл түрімізбен қалай жаңарамыз, қалай жаңғырамыз?

Замандасымның толқынысы өте орынды. Өте өзекті мәселені қозғап, ойын­дағы сөзін айта білген. Мен оны ұлттық құндылығымызға деген жанашырлық деп қабылдадым. Қазақтың қымбат қасиеті мен имандылығына қатысты салалы ой мен келелі пікірлерді осындай зиялы қауым өкілдері айтпағанда кім айтады. Бірақ өзіміздің дініміз бен тілімізге қатысты мәселелерге байланыс­ты әлгіндей тұщымды пікірлерін айта білетін сол зиялылардың тым азайып бара жатқанының өзі жүрек ауыртады емес пе?

Мемлекет басшысы телеарнаға берген сұхбатында өзінің бір емес, бірқатар газетті үзбей оқып отыратыны жайлы айтты. Ал біздің министрлер мен депутаттар Президент айтып отырғандай, газет оқып, ондағы көтеріліп жатқан мәсе­лелерге жете көңіл бөле ме екен десейші! Әй, қайдам? Егер олар жазылған жайларға құлақ түріп, сол мәселелердің жүзеге асырылуына бірінші кезекте шынайы үлес қоса білсе, онда ақын көтеріп отырған олқылықтарға жол берілмес те еді ғой.

Егер біз Қазақстанды жаңартамыз десек, онда сол жаңаруды өзімізден бас­тауымыз керек. Жаңарту ол тек экономиканы арттырып, кадрлық өзгерістер жасаумен ғана шектелмесе керек. Бізге сонымен бірге идеялық жаңару, өмірге деген көзқарас пен сананы жаңар­ту керек. Әсіресе ұлттық құн­дылықтарымызды кемелдендіре түсу маңызды. Ұлттық тұлғамызды толық сақтай отырып, оны өзімізден кейінгі өскелең ұрпаққа саналы түрде жеткізіп беріп отыруға біз жауаптымыз. Міне, бұл біздің жаңара түскеніміздің бір белгісі.

Осы тұста шындығын айтуға тиіс­піз, біздің ұлттық бейнеміз бен салт-дәстүрлеріміз көмескіленіп барады. Жүрегің ауырады. Шын мәнінде, біздің жүріс-тұрысымыз, сыртқы кескін-келбетіміз, киіну әдебіміз бен тіл қолдана білу дәрежеміздің осал тартып бара жатқаны рас. Санаға салып қарағанда «Мен қазақпын» дейтін әрбір азаматтың жүрегін ауыртатын мәселе бұл.

Мен осы «Егеменде»: «Кастинг», «Бренд» «Хит жазамыз», «Той заказ» деген не пәле, өз тілімізді өзіміз шұбарламақ түгілі түбі текті асыл сөздерімізді біз неге көрер көзге өшіріп бара жатырмыз!» деп жазғанмын. Өйткені жоғарыда айтылған сөздердің: «Байқау», «Асыл», «Ерекше әуен», «Той тапсырыс» деген сияқты тап-таза баламалары бар емес пе? Бірақ амал қанша, әлгіндей өрескел бұрмалауларды қалың көпшілік, әсіресе жастарымыз үлгі-өнеге алатын теледидарларға шығарып, өздеріне жетістік санап жүргендердің жетесі осы ғана болса керек. Ақұштап айт­қандай, сонда олардың редакторлары мен басшылары қайда қарап отыр? Ұлт­тық құндылықтарымызға көз жұма қа­рап, жаны ашымайтын шала қазақ­тар әлгіндей жауапты орындарда қайдан жүр? Жүрегі қазақша таза соға білмейтіндердің діліміз бен тіліміздің болашағына балта шабатынын неге естен шығарамыз.

«Хабар» мен «Қазақстан» ұлттық телеарналарындағы жүргізушілердің, бір-бірімен үнқатуындағы ерсіліктер жан ауыртады. Тіптен жараспайды. Көркемдігі тұрмақ мән-мағынасының өзі төмен. Өзара диалогтары тіптен жасанды естіледі. Әсіресе «Таңғы жаңалықтарды» бастар алдындағы көрермен қауымға ұсынатын әндерінің түрін айтсайшы! Батыстың әуеніне еліктеп шығарылған әйтеуір бір түсініксіз дүниелерді «Көрер­мендеріміздің көңілін бір көтеріп алайық!» деп қойып ұсынады ғой тағы да. Ал әншілер жұлқына түседі-ай келіп. Өздеріне тамаша. Өйткені әлгі орындаушылардың, жүргізушілердің және оны эфирге шығаруға рұқсат беріп отырған жауапты мамандар мен редак­торлардың білім, түсінік пен талғам дәрежесінің деңгейі осы-ақ. Егер сол қыз­меткерлердің жүрегінде қазақы қасиет пен ұлттық талғам жоғары болса, онда патриоттық сезімді оятып, өмірге құштар ететін әсем әуендерге орын берер еді.

Иә, Ақұштап дұрыс айтады, бізде сахна мәдениетінің төмендеп бара жатқаны рас. Орындаушыларымыз да «апама жездем сай». Кейбір әншілеріміз сахнаға әлем-жәлем киініп шыға келеді де, бас аяғы жоқ бұралаңға көшеді. Көйлегін шалбарының сыртына шығарып, омырауын барынша ашып тастап секіргенін көргенде жүрегің ауырады. Әсіресе шашы алба-жұлба қыздың қобыз аспабында ойнап тұрып, аяғын барынша талтайта беретіні тым көзге оғаш көрінеді екен. Бұл сахна мәдениетінен бұрын ұлттық дәстүрімізге өрескел жат қылық емес пе? Ұят, ар дегеніміз сонда қайда қалды? Қыз баласына тән ибалық пен сынық мінезділіктің мына жерде түрі түгілі ізі де жоқ. Көпшіліктің алдына шық­қан соң, оның үстіне теледидардан барша қазақ халқы көріп, тамашалайтын болғандықтан өзін-өзі ұстаса қайтеді. Халыққа әншінің көзге оғаш әдепсіз қимылы емес тамаша орындай білетін шеберлігі мен әдемі өнері керек.

Шіркін, баяғы Роза мен Бибігүл, одан бергі Мәдина Ералиева мен Гүлвира Разиева сияқты тағы да басқа әншілеріміз шошаңдап секірмей-ақ сахнаның сәні мен орындалатын әннің мәнін үйлестіре отырып көрермен көңілін баурап алатын еді. Басына киген үкілі бөріктерін айтсайшы! Ал біздің қазіргі әншілеріміз қазақ өнерінің киесі, сахнаның сән-салтанаты мен әсем көркін аша түсетін үкіні тақпақ түгілі оның құндылық қасиетін ұғына да білмейді. Керісінше шәпкі мен шляпа киіп алып: «Біз өркениеттіміз!» деп көкірек қағады. Ал өзінің әпендіге айна­лып тұғанымен ісі жоқ. Сонда осын­дай көзқараспен екпіндеп, ерсі қылық жасап тұрғандар кейінгі ұрпаққа қан­дай үлгі-өнеге қалдыра алады?

Қазіргі екі қазақтың бір-біріне, не болмаса бала-шағасымен орыс тілінде сөйлесіп отырғанын жиі көреміз. Шетінен шалбарланып алған қыз-келіншек. Жастардан қалыспастан пайғамбар жасынан асып кеткен қарт әжелеріміздің де жүргенін қайтерсің. «Бұл қалай?» десең: «Біз өркениетті халықпыз, ХХІ ғасырдың адамымыз» деп екіленіп шыға келеді. Бұл соқыр түсінік. Неге біз ғасыр өткен сайын қазақы бейнеміз бен ұлттық салт-дәстүрімізден ажырап, діліміз бен тілімізді жоғалта беруіміз керек? Кейінгі ұрпағымызға біз сонда қандай қасиет, ұлттық үлгі-өнегемізді ұлықтап, қалдыра аламыз?

Ақұштап замандасым Нұртілеу Иман­ғалиұлы мен Бейсен Құрманбекті еске алып, журналистердің іс-қабілеті жайлы сөз қозғайды. Өте дұрыс. Қазір елімізде журналистика факультеттері көп. Бірақ турасын айтқанда саны бар, сапасы жоқ. Жоғарыда айтылған кем­шіліктер мен олқылықтарға жол беріп отырған тележүргізушілердің көбісі журналист емес, қатардағы әртіс. Сол сияқты телехабар редакторларының да бәрі бердей журналист екеніне де күмән­мен қараймын. Сондықтан да олар өздерінің іскерліктері мен жауапкершілік деңгейлерін көрсете алмай отыр. Бұлай дейтін себебім, күнделікті эфир­ден беріліп жатқан түрлі хабар мазмұн­ды­лығын айтпағанның өзінде ана жүгірт­пе жолдарында шұбырып жүрген қа­телерден көз аша алмайсың. Ақұштап замандасым айтпақшы, жүрегің сыздап сала береді.

Сонда бұған жол беріп отырған кім?

Тағы бір айтарым, өзі қазақ тіліндегі хабарға қатысып отырып орыс тілінде сөйлей жөнелетіндерге таңғаламын. Бұл не әдет? Өз ана тілімізді өзіміз құрмет тұта алмасақ, сонда біздің кім болғанымыз? Ал соларды тәртіп пен талапқа шақырып отырған тележүргізушіні көрмейсің. Сол сияқты телехабарларда күнделікті беріліп жатқан «Қосылайық!» пен «Бір болайық!» жобаларын бақылап, өз ба­ғасын беріп, талдап отыратын ешкім жоқ. Ондағы қатысушылардың бейәдеп сөздерін естігенде рас, мына жақта отырған біздің жүрегіміз ауырады. Біз тәрбие құралына жататын телеарналарда қалай сөйлеп, қалай жүріп-тұруға неге абай болмаймыз? Тіптен сөз мәдениетін айтпағанның өзінде қазағымыздың қай қызы ел аралап, өзен асып, тау жағалап жігіт іздеген еді? Ұлттық намысымыз бен қазаққа ғана тән қастерлі қасиетімізді біз көрер көзге неге аяқасты етеміз?

Мұндай ерсілікке жол беріп, ұлттық тәрбиеміздің теріс кетуіне жауапты органдар неге сонша сыңаржақ қарап отыр? Аталған жобалардағы қыздар тіптен бір-біріне атыла шауы­п, жұлысуға дейін барады. Бұл не деген сұмдық? Тіпті бір-біріне былапыт сөздерді шімірікпестен айта беретініне төбе шашың тік тұрады. Сонда бұл да біз­дің өркениеттілік жолындағы жеткен жетістігіміз бе? Бұл бет алысымызбен біз қалай жаңарамыз, қалай жаңғырамыз?

Әлгіндей ұсқынсыз көріністен соң менің көз алдыма барынша ұлттық на­қышта киінген, қыз көре барған жігіт­ке қос бұрымы бұрала шай құйып беріп отырған инабатты да ибалы қазақ қызы­ның бейнесі елестеп сала береді.

Аз айтып, көп айтқанда, осындай әттең-ай дегізер жат қылықтардан арылып, қазақ деген атымызға лайық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды барынша сақтап жүргенге не жетсін! Біз жаңаруды осы тұрғыда қарастыруымыз керек шығар.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жолдауында: «Журналистер өз еліне және азаматтарына шынайы жанашыр болуға тиіс. Бұқаралық ақпарат құрал­дары бекерден бекер төртінші билік атанбаса керек. Сол себепті сіздер жұрттың санасы мен сезіміне ықпал ету мәселесіне мұқият қарағандарыңыз жөн. Мен мұны журналистер қауымына арнайы айтып отырмын» деген сөздерін еске алып, ойға қалдым.

Ал ықпал еттік, енді мұны оқып, қаперіне алатындар табылса!

 

Серікбай ТҰРЖАН,

Бәйдібек ауданының құрметті азаматы 

Түркістан облысы