![Аманжолдың алғашқы алтыны](/media/2022/04/28/crop-11_7_516x773_atyrau-amandgol.jpg)
Қазір мұнайлы өңірде түрлі себеппен осындай санатқа енген жандардың спортқа қызығушылығы артып келеді. Соның ішінде парадзюдошылардың жетістігі қуантады. Мәселен, былтыр Токиода өткен паралимпиадаға атыраулық алты парадзюдошы қатысып, үшеуі күміс жүлдегер атанған еді. Сол жаһандық додада жүлде алмаса да, ел намысын қорғаған жанкешті спортшылардың қатарында Аманжол Жанбота мен Ғалымжан Смағұлұлы да бар.
Жақында аталған парадзюдошылар Түркияда өткен Гран При сайысына қатысып, J2 санатында бақ сынады. Әлемнің 19 елінен парадзюдошылар қатысқан сайыста екеуі де 90 кило салмақта қарсыластарын қапы қалдырып, ақтық сынға алқынбай жетті. Спорттық бабы келіскен қос атыраулықтың жолы ақтық сында түйісті. Бір-бірінің спорттағы әдісін жақсы білетін олар алтын медаль үшін барын салды.
Дегенмен бұл сайыста Аманжол Жанботаның бағы жанды. Сөйтіп, Гран При сайысының жеңімпазы атанған ол алғашқы алтын медаліне қол созды. Ал Ғалымжан Смағұлұлы күміс жүлдені иеленді.
– Бұл – парадзюдошы Аманжол Жанботаның алғашқы алтыны. Мұны парадзюдошылардың жетістігі деуге де болады. Алда әлі талай асу бар, – деп мәлім етті облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының баспасөз қызметі.