Қазақстан • 28 Сәуір, 2022

Желіде буллинг жасаған астаналық балалар 2 млн теңге төлеуге мәжбүр

270 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елорда тұрғыны қызын қорлаған балалардың ата-аналарынан моральдық өтемақы өндіріп алды, деп хабарлайды Egemen.kz қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Желіде буллинг жасаған астаналық балалар 2 млн теңге төлеуге мәжбүр

Нұр-Сұлтан қаласының Алматы аудандық соты Б-ның жауапкерлер К-ден және Ж-дан моральдық зиянды өтеу туралы талап арызы бойынша азаматтық істі қарады.

2021 жылғы қыркүйек айында бұрынғы сыныптастарының WhatsApp-тағы чатында жауапкерлердің баласы өзінің сыныптастарына, соның ішінде талап қоюшының қызына қадір-қасиетін қорлайтын хабарламалар жазған. Қыздың анасы 5 млн теңге сомасында моральдық залал өтеу жөнінде талап қойып, сотқа жүгінді.

Себебі сыныптастарының қорлайтын хабарламаларының салдарынан оның кәмелетке толмаған қызы бір ай бойы күйзеліске түсіп, жылаған. Соның салдарынан қызына психологтың көмегі қажет болған. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың қаулысымен жасөспірімнің әкесі кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу бойынша өз міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Моральдық зиянды өтеу мөлшерін анықтау кезінде сот сыныптастарын қорлау нәтижесінде психологиялық күйзеліске ұшыраған кәмелетке толмаған қыздың жеке мүліктік емес игіліктері мен құқықтарының өмірлік маңызын, сондай-ақ жауапкерлердің отбасылық және мүліктік жағдайын ескерді.

Сот шешімімен талап қанағаттандырылды. Баланың ата-анасынан талап қоюшының пайдасына ортақ тәртіпте 2 млн теңге мөлшерінде моральдық зиянның өтемақысы өндіріп алынды. Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар