Қазақстан • 29 Сәуір, 2022

Заң шығару ісінде сапалы өзгерістер керек

336 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында елімізде жүргізілетін саяси реформалар пакетін ұсынған болатын. Жылдың басты құжатында құқық саласы да назардан тыс қалған жоқ. Конституциялық сот құру мен Ата Заңға өзгерістер енгізілетіні белгілі болды.

Заң шығару ісінде сапалы өзгерістер керек

Осы орайда мені азаматтар мен қоғамға қажетті реформаларды жүргізу үшін заң шығаруда нені өзгерту керек деген сауал толғандырады.

Күн сайын түрлі серпінді заңнамалық реформалар бойынша нормативтік-құқықтық актілер жобаларын зерделеуге тура келеді. Осындай актілердің бар­лығында дерлік әзірлеуші бөлім­нің қызығушылығы ескеріледі. Дегенмен олар бұл реформаның бірнеше мүдделі тараптың бірі ғана екенін айта кеткен ләзім.

Бұл әсіресе құқық қорғау органдары дайындаған норма­тивтік-құқықтық актілердің жо­баларында көрініс табады. Оларда мәселен, адвокаттар құқығына қатысты айтарлықтай серпіліс жоқ. Бұл түсінікті де, өйткені адвокаттар нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеушілердің іс жүргізу қарсыластары екені бар­шаға мәлім. Сондықтан ереже­лердің басым көпшілігі мемле­кеттік органның мүддесі үшін және олардың қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетуге бағыт­талған. Ал адвокаттарға қатысты көптеген қолайсыз норма бар. Біріне қарсылық танытып үлгерсең, жаңасы пайда болады.

Шын мәнінде, мұндай нәтиже заңдылық. Кез келген ұйым өзінің ведомстволық мүдделерін көздеуге бейім. Бұл олардың табиғатына сай. Соның салдарынан Қылмыстық процессуалдық кодекс, Әкімшілік құқық бұзу­шы­лық туралы кодекс және қоғам­дық құқық саласындағы өзге де нор­­мативтік-құқықтық актілер тер­геу­шінің, прокурордың және ше­неу­­ніктің, яғни едәуір бөлігі бас­­тап­қыда оларды әзірлеген адам­­дар­дың мүддесі үшін жа­зылған.

Адамның да, мемлекеттің де мүддесі үшін шын мәнінде серпінді реформаларды іске асыру үшін ерікті саяси шешім мен ведомстволық мүдделері бар, басқа тұлғалардың мүдделеріне қайшылық туғызатын мемлекеттік органдарға заң жобаларын жазу үшін жұмыс топтарын құруға тыйым салу керек. Қазірдің өзінде құрылғандарын таратқан жөн. Осылайша, біз өз мүддеміз үшін заңнамалық бастамалар легін тоқтата аламыз.

Жеке тұлға мен мемлекеттік органдар мүдделерінің теңгерімін ескере отырып, әсіресе сот жүйесі мен құқық қорғау органдарын реформалау бойынша жаңа норма­тивтік-құқықтық базаны әзір­леу мақсатында тәуелсіз сарап­тама топтарын құрған дұрыс. Әр топтағы абсолютті көпшілікті депутаттар, ғылыми және кәсіби қауымдастықтардың өкілдері құрауы қажет.

Қазақстан құқығындағы нор­мативизм салтанатын тоқтатуға ден қойған ләзім. Ол үшін құ­қық­тық қағидаттарға құқық нор­маларынан басымдық беру және жаңа нормативтік-құқықтық акті­лерді қабылдауды шектеу қажет. Бұл заң шығару ісінде сапалы өзгерістерге әкеледі.

Біздің елімізде нормативтік көз­қарастың арқасында барлық атқарушы орган Парламентпен қа­тар заң шығарушы органға айнал­ды. Олардың кез келгенінің бас­ты бағыттарының бірі – заң жо­баларын әзірлеу. Бұл билік тар­мақ­тарының бөліну принципін жояды.

Мысалы, АҚШ-тың моно­по­лияға қарсы заңы (Шерман заңы) 1890 жылы қабылданды. Бұл заң аз ғана түзетулермен әлі де қауіпсіз жұмыс істеп тұр.

Әлемде конвейер секілді заң шығара бермей-ақ іске асқан (нор­мативизм жағдайында қа­жетті) тиімді заңнаманың мысал­дары көп. Бұл заң идеалды де­генді білдірмейді. Жоқ. Онда көп­теген қарама-қайшылық пен негізсіз ережелер бар. Бірақ бұл ешкімді мазаламайды. Оған жыл сайын ешкім өзгерістер мен толықтырулар енгізбейді. Көптеген коллизиялық норма, негізсіз және әділетсіз ережелер сот­тардың құқық қолдану проце­сінде парасаттылық, әділдік және объективті негізділік қағидат­тарын ескере отырып еңсеріледі. Нәтижесінде, АҚШ-та әділ заң, билік тармақтарының нақты бөлінуі, ықпалды судьялар және мықты адвокатура бар.

Жаңа Қазақстанда да осындай көзқарас қалыптасуы керек. Сонда әуре-сарсаң азаятын болады.

 

Айдын БИКЕБАЕВ,

Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы