Қазақстан • 29 Сәуір, 2022

Ел бірлігінің берік тұғыры

313 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бір нәрсе даусыз. Бұл – Қазақстанның өзге ұлт өкілдерімен бір шаңырақ астында, бір мемлекетте тату-тәтті өмір сүрудің, өзге ұлт өкілдерін құрметтеудің ерекше үлгісін көрсете алғандығы. Біз бұл жайында жиі айтып та, жазып та жүрміз. Өйткені бәрімізді біріктірген бір-ақ ниет бар: елімізде мекендеп отырған өзге ұлт өкілдерімен ынтымақта өмір сүру, ортақ шаңырақты шайқалтпау. Ел бірлігі – бәріміздің оң ниетімізден туатын мақсат. Бұл арман-мақсат қазақ топырағынан тамыр жайып отырған кез келген ұлттың басты мүддесіне айналуы тиіс. Мереке қарсаңында отандастарымызға «Ел бірлігінің берік тұғыры қандай болуы керек?» деген сауал қойған едік. Жауап бергендер ең алдымен тіршіліктің татулықтан, берекенің бірліктен бастау алатынын алға тартқаны жүрекке жылылық ұялатты.

Ел бірлігінің берік тұғыры

Қазақстаннан басқа Отанның керегі жоқ...

Евгений КИНЦЕЛЬ,

тәуелсіз заңгер, Консультанттардың республикалық палатасының және «Ақжол» ДП Солтүстік

Қазақстан облыстық филиалының төрағасы:

– Мен Сол­түс­тік Қазақстан облы­сында туып-өстім. Мек­­тепті осында оқыдым. Жоғары білімді де облыс орталығы Петро­павл қа­ла­сынан алдым. Әкем про­куратура қыз­­меткері болды, облыстық прокурордың орынбасары лауазымын атқарды. Ол ешқашан атажұртына, Германияға көшуді ойлаған да жоқ, осыдан төрт жыл бұрын өмірден өтіп, өзі туған Ұлы дала топырағында жатыр. Мен де Қазақ­стан­нан басқа жерде тұруды қаламаймын. Менің бір-ақ Отаным бар, ол – Қазақстан. Мен оны сүйемін, ал егер ел басына күн туып, қорғау керек болса, алдыңғылардың қатарында сапқа тұрамын.

Мен Германияда екі рет болдым. Әрине, тамаша жер, тұрмыс деңгейі жоғары. Көп нәрсесіне қызығасың. Бірақ бірнеше күннен кейін туған елді аңсайсың. Өйткені оларда біздегі еркіндік, адамдар арасындағы жылы қатынас жоқ. Көп адам бір-біріне қатал мә­дениетке байланған техникалық бай­ланыспен маталып қалған сияқ­ты. Ешқашан ашылып, біз­дегідей емін-еркін сөйлеспейді. Сондықтан біз барымызды бағалай білуіміз керек. Адамдық жылылық үнемі бойымызда болсын. Адам үшін адамгершілік қасиеттен жоғары ештеңе жоқ.

Мен барлық отандасымды 1 мамыр – Қазақстан хал­қының бірлігі күнімен құттықтаймын. Елімізде әр­қашан өзара түсіністік пен төзімділік болсын! Осы екеуі болса біз әрқашан да өзара тату боламыз. Бұл ме­реке – біздің біртұтас екенімізді айғақтайтын ерекше күн. Бұл күнді біз өзіміздің қазақ, орыс, украин, татар достарымызбен бірге айрықша атап өтеміз. Мүм­кіншілігіне қарай таза ауаға шығып, кең даланың жұпар иісін жұтамыз.

 

Ынтымағы берік елдің ырысы мол

Дмитрий РОМАЩЕНКО,

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

– Ықылым за­­ман­­дардағы түр­­­­­лі тарихи се­­бептермен Пол­та­ва, Харь­ков, Херсон губерния­ларынан қазақ жеріне қоныс ауда­рып, осынау ұлан-ғайыр Ұлы даланы исініп, тұрақтап қалған украин ұлтының өкілімін. Түріміз, тіліміз ала-құла болғанымен, осы елдің тілеуін тілеп, бірнеше ғасыр бойы тату-тәтті бейбіт өмір сүріп, өсіп-өніп отырған жайымыз бар. Сондықтан мамыражай мамырдың басы – Халықтар бірлігі күні мерекесі Қазақстан украиндарының орны ерек, аса қадір тұтып, қастерлейтін мейрамы.

Мен Қостанай облысына қарасты Федоров ауда­нында дү­ниеге келдім. Тілім орысша шықты. Өйткені үйдегі әке-шешем, бауырларым түгел орыс тілінде сөй­леседі. Соған қарамастан мем­лекеттік тілді үйреніп алдым. Оны­мен қоймай, Ахмет Байтұр­сынұлы атындағы Қостанай уни­верситетін қазақ филологиясы мамандығы бойынша тәмамдап, диплом алып шықтым. Бірінші сыныпта қазақ тілі пәні бойынша диктанттан «екілік» деген баға алып, қатты күйзелгенім есімде қалыпты. Тіл үйренуге сол оқиға себеп болды. Бірінші сыныптың соңына дейін 100-ге дейін санап үйрендім. Кейін қазақ әдебиетіне ден қоя бастадым. Әдебиет оқы­ған балаға тіл үйрену оңай болады. Абай, Мұхтар, Мұқағали шығармаларын жастанып оқыдым. Дала көшпенділерінің тарихына бойладым. Осылайша, ұлтаралық достық, бауырмалдық, ынтымақ деген құндылықтарға бастайтын төте жолдың кілті мемлекеттік тілді меңгеру арқылы қолға түсетінін түсіндім.

Қазір Қостанай қаласындағы М.Горький атын­дағы гимназияда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беремін. Биыл облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының бас сарапшысы ретінде мемлекеттік тілді үйрету курсын аштым. Бұл курс бұрыннан бері бар еді, бірақ форматы басқа болатын. Мен ашқан үйірменің ерекшелігі – қазақ тілін үйренуге ниет білдірген кез келген жастағы адамға тіл үйретемін. Сабақ аптасына екі рет болады.

Менің өмірім достықты, бейбітшілікті насихаттайтын Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясымен тығыз байланысты. Біраз жылғы еңбегім еленіп, былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың өз қолынан «Құрмет» орденін алдым.

Жалпы, Тобыл өңіріне тамыр жіберген украин ұлтының өкілдері қай салада болсын ел дамуына елеулі үлес қосып келеді. Олардың ішінде кейінгі буынға үлгі-өнегесін жұқтырып, елдік пен бірлікті жаршысы болып жүрген бұрынғы ардагер журналист Сергей Харченко, әйгілі спортшылар әулетінен өсіп-өнген Сергей Матвиенко, өңірге белгілі қоғам қайраткері Валерий Вишниченко, атақты диқан, меценат Олег Даниленко, ғалым-профессор Юрий Бондаренко сынды ел мақтаныштары бар.

Сөз соңында сан ұлтқа Отан болған Ұлы даланың көкжиегін тұман, аспанын бұлт шалмасын деген тілегімді білдіргім келеді. Ынтымағы жарасқан елдің ырысы мол болады. Қашанда осы бірлік-берекемізден ажырамай, бейбіт күннің бесігін тербетіп, ел үшін еңбек етіп, мемлекетіміздің дамуына өз үлесімізді қоса берейік.

 

Таба нанның дәмі таңдайымнан кетпейді

Лилия ПАК,

Қызылорда облысының тұрғыны

– Осы күні қазақ қыздарымен бірге ойнап жүріп, шоққа піскен ыстық таба нанды таласа-тар­­маса бөлісіп жейтін кезіміз есіме жиі оралады. Қариялардың қаба­ғынан жы­лы­лық, маң­да­йымнан сипаған ала­қа­ны­нан мейірім шуағын сезі­нетінмін.

Қиыр Шығыстан Қазақстанға жер аударылғанда анам Лира Ким тұлымшағы желбіреген қыз екен. Қи­налып келгенде қанатының астына алып, қам­қорлығын ая­маған жергілікті ұлттың арқа­сын­да қа­тарға қосылып, аудандық денсаулық саласында ұзақ жыл абыройлы еңбек етті. Әкемнен ерте айырылдық, анам жетелеп жүріп жетілдірді.

Жалағаштың жайсаң жұртынан ешқандай жаттық көрген жоқпын. Қайта ерекше қамқорлығын сезіндім. Қазақ пен корейдің тәрбие тамыры сабақтас. Анамның ақылымен мен қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрпына, танымы мен тәрбиесіне құрметпен қарауды жастайымнан жадыма түйіп өстім. Құрбыларыммен ойнап жүріп, тілін үйрендім.

Қызылорда медициналық колледжін үздік бітіріп, еңбек жолымды аудандық өкпе аурулары ауруханасынан бастадым. Ұзақ жыл осы саладағы еңбегімнің арқасында елдің алғысына бөлен­дім.

Өмірлік серігім Мирон Пак екеуміз 50 жылдан астам бақытты ғұмыр кешіп, үш бала тәрбиелеп өсірдік. Мирон аудандық электр тарату жүйесі меке­ме­сінде ұзақ жыл абыройлы еңбек етті. Отба­сымызда екі келінім қазақ, сондай-ақ немерем қазақ отбасына келін боп түсті.

Аталарымыз тоқсан жылдай бұрын тосырқай аттаған топырақ біз үшін құтты мекен болды. Осында өстік, өндік, қазақтың мейірімінен нәр алып, тамыр жайдық.

 

Тектілік көрінісі

Вангар ВОИНЦЕ,

Жамбыл облысының Сортөбе ауылындағы М.Лермонтов атындағы №16 орта мектеп директорының орынбасары:

– Жыл са­йын 1 мамыр күні еліміз ең мейірімді де жарқын мере­ке­лердің бірі – Қазақстан хал­қы­­ның бірлігі күнін тойлайды. Бұл мереке қазақ халқының болмысын көрсететін күн деп білемін. Сондай-ақ бұл 100-ден астам ұлт өкілі тұратын еліміздің бейбіт өмір сүруіне өте қажетті достық, түсіністік пен келісім мерекесі. Қазақстанның үлкен отбасында қазақтардан бастап орыстар, украиндар, немістер, корейлер, ұйғырлар, армяндар, дүнгендер және тағы да басқа түрлі ұлттың өкілдері тұрады. Барлығы да қазақ халқының тағ­дырында бар бірегей ұлттар болып есептеледі.

Біздің мемлекетіміздің бас­ты жетістігі – халық­тарының ұлтара­лық және конфессияаралық ке­лісімі, өзара түсіністігі мен сыйластығы. Бұл – біздің елі­міз­дің ең басты байлығы. Осы баға жетпес байлықты көздің қарашығындай сақтау – бәріміздің міндетіміз! Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі ғасырлармен ары қарай жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым бе­рік болып, қашан да ынтымақ пен бірліктің мәңгі жасай беруіне тілектеспін! Еліміздің өзге ұлт өкілдерін бауырына басып, төрін ұсынған ұлы саясаты – кейінгі жастарды да отаншылдыққа, бірлікке, татулыққа тәрбиелейтін үлкен мектеп. Сондай-ақ түрлі тарихи шығармалардан қазақтың қилы тағдырымен қатар, асқақ рухын, дархан пейілін де көруге болады. Мұның бәрі де тектіліктің, ұлылықтың көрінісі!