Қазақстан • 29 Сәуір, 2022

Бірлік бізге ауадай қажет

293 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Біз қазіргі уақытта бірлік туралы көп айтумен келеміз. Өйткені кешегі қаңтар оқиғасы кезінде бір Қазақстанды бөлшектемек болған теріс пиғылды күштер бар екеніне көзіміз жетті. Егер де бізде тастай бірлік болса қасіретті қаңтар кезінде аяулы Алматымыз қирамауға тиіс еді. Алматы қазақтың тәуелсіздігі қалыптасқан киелі қала емес пе! Ал осы ғажайып шаһарды есі дұрыс қазақ қалай талқандайды?

Бірлік бізге ауадай қажет

Әлі күнге дейін осыған миым жет­пейді. Себебі бұл – ешқандай қи­сынға келмейтін әрекет. Менің­ше, қаңтар оқиғасы кезінде қан­ша­ма қарапайым жігіт жат идео­ло­гиядағы күштердің жетегінде кетті. Олар әлеуметтік мәселелері ше­шіл­мей, жұмыссыздықтан, жоқ­шы­лықтан шаршаған қазақтың жас­тары еді. Дегенмен бұл басқа әң­гіме... Қалай айтқанда да олар өзінің киелі топырағына, қастерлі қала­сы­на мұнша аяусыздық танытпаса керек. Олардың көңіліндегі ре­нішін пайдаланған ішіміздегі һәм сыртымыздағы жат күштер жағдайды өз пайдасына бұрғысы келгенін көріп отырмыз. Мұны жайдан-жай тілге тиек етіп отырғанымыз жоқ. Дәл осы қаңтардағы жағдай халқымызға бірлік дейтін қастерлі ұғымның ауадай қажет екенін көрсетті. Ын­тымаққа ұйысып, бір тудың астына жиналу – біздің басты бағдарымызға айналуға тиіс.

Әлемде болып жатқан түрлі оқиға­лардан да сабақ алғанымыз жөн. Украинадағы дүрбелеңнің хабарын күн сайын алып, біліп отырмыз. Әлемнің басқа бір бөлшегінде отырсақ та аталған жайға жанымыз ауырады. Бұл біздің де жүрегімізге жүк, санамызға салмақ салды. Осы жерде не түйеміз? Ұлттық қасірет ұлттарды біріктіреді. Ендеше біз де 70 жыл бойы Кеңес заманында, тарихымызды қасіретпен айғыздаған ашаршылықта аз зардап шеккеніміз жоқ. Біздің бұл қасіретіміз өз дең­гейінде мойындалса, әлем бізге де елең ете қалар еді. Қолда бар деректерді саралар болсақ, 5 миллион адамның қырылуы – орны толмас аянышты тарих. Әлбетте оның бәрі түгел қазақ деуге болмайды. 200 мыңға жуық орыс халқының да өкілі қырылды деген тарихи дерек бар. Өйткені бұл Сталин басқарған коммунистік-большевиктік жүйенің шаруаларға жасалған ауыр қиянаты болды. Қилы кезеңдердегі ұлттық қасірет, тарихта болып жатқан оқиғалар бізге сабақ болуға тиіс.

Биыл 1932 жылғы ашаршылыққа 90, 1921 жылғы ашаршылыққа 100 жыл толады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы ашаршылық ақиқатын әлі де аша түсуіміз керек деген болатын. Мамыр айының 31-дегі Ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ұлттардың басын біріктіретін тарихи күнге айналса дер едім. Қазақ қасіреті сөзсіз ұлтымыздың басын біріктіреді. Сондықтан бұған еш жалтақтамай, аталған датаны жазықсыз құрбан болған 5 миллион адамды жоқтайтын, соларға арнап дұға оқылатын, соларға арнап Парламент мінберінде 1 минут үнсіздік жарияланатын күнге ай­налдыруға тиіспіз. Осындай дата­лар­дың ауқымын кеңейту Қазақстан халқының бірлігін нығайта түседі деп есептеймін. Себебі мұның артында тұтас халықтың тағдырлы тарихы, бес миллион адамның аруағы тұр.

Бірлік туралы айтқанда мына нәрсені ұмытпауымыз керек. Бірлігі жоғалған ел бәрінен айырылады. Тағы да сол қаңтар оқиғасы кезін­де белгілі құрылымдардың бас­шы­лығында жүрген азаматтар ел Президентіне, мемлекетке адалдық танытпағаны айтылып жатыр. «Іштен шыққан жау жаман» деген осы. Өткен күндердің тізбегін көз алдымыздан өткізіп, етек-жеңімізді жинайтын, болашаққа байыппен қарайтын кез әлдеқашан жетті. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Халқымның алдындағы президенттік те, перзенттік те парызымды өтеуге тиіспін» дегені бар. Сын сағатта Президентіміз батыл қадамға бармағанда мемлекетіміз бөлшектеніп, тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетер еді. Мұны ойлаудың өзі масқара. Бастысы, бұл төңкерістен аман шықтық. Ендігі жерде Үкімет жастарымыздың әлеуметтік проблемасын шешуге күш салуы керек. Бұл сөзсіз жастарды бірлікке алып келеді, олар бірлік үшін күресетін миллиондаған сарбаздарға айналады.

 

Смағұл ЕЛУБАЙ,

жазушы