Таным • 29 Сәуір, 2022

Сыншы еңбегіндегі «Сөз өнерінің философиясы»

726 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Қазақтың философиялық сыны тарихындағы өрен тұлға Сағат Әшімбаев мемлекет және қоғам қайраткері, айтулы әдебиетші, тележурналист, ұшқыр ойлы көсемсөзші, ұйымдастырушы еді.

Сыншы еңбегіндегі «Сөз өнерінің философиясы»

Оның шығармашылық өмірбаяны мен өсу, өркендеу, өнер жолындағы бел-белестерін тізбелесек, 1965-1970 жылдарда КазГУ-дің студенті, 1969-1979 жылдарда «Лениншіл жас» газеті мен «Жұлдыз» журналында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1979-1980 жылдарда «Жалын» баспасында жұмыс істеді, 1980-1986 ж.ж. Бүкілодақтық авторлар құқығын қорғау агенттігі (ВААР) Қазақ бөлімшесінің бастығы, 1986-1991 ж.ж. Қазақстан Радио және телехабарлар тарату жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары, кейіннен төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Осы уақытта ұлттық тіл мен сана, ел тарихы, руханият жайы, иман, демократия және бюрократия, тәуелсіздік, салт-дәстүр, жастар тәрбиесі, қоғамдық құндылықтар хақында ордалы ойлар туындатқан «Парыз бен Қарыз», «Жүректен қозғайық!», «Қауышу» дейтін авторлық бағдарламалары Сағат Әшімбаевтың интеллектуалдық-шығармашылық әле­уетін, әлеуметтік-философиялық көзқарасын, тұлғалық болмысын танытты.

Ол – КСРО Жазушылар одағы жанындағы сын Кеңесінің мүшесі, Қазақстан Жазушылары одағының хатшысы, ­республика Жастар сыйлығының лауреаты.

Сағат Әшімбаев «Сын мұраты» (1974), «Талантқа тағзым» (1982), «Парасатқа құштарлық» (1985), «Шындыққа сүйіспеншілік» (1993) атты әдеби-сын жинақтарының авторы.

Нені жазса да, нені айтса да әділетті, турашыл ұстанымын ту ғып ұстап сын өнерінің қағидаттарымен толық қару­ланған шалқар білімімен, жанартаудай жалынды жүрегімен, көркемдік құбы­лыстарды жіті танығыштық-бай­қа­ғыштық, ұшқырлық-тапқырлық, айт­қыштық зерделілігімен, сыншылдық көз­қарасымен, бірегей шынайы әдеби тал­дауларымен, түйдек-түйдек әсерлі тол­ғамдарымен, жаңалықты байламда­рымен ерекшеленген әдебиет сыншы­сы, қайраткер, ұйымдастырушы, ұлт­тың көкейкесті ой-арманын, асыл мұра­тын көгілдір экран алдында билерше толғанып, буырқанып яғни «қайраты бар кісінің, берекесі бар ісінің», дегендей рух жыршысы һәм жаршысы – Сағат Әшімбаев еді. Оның рухани жан тазалығы, адалдығы, ар үніне зер салатындығы, ақиқатшылдығы соншалықты жарқын, кемел, тірі, дәл, мықты мысалдарға жүгі­ніп, құштарлықпен, мейірбандықпен ой-пікі­рін бейнелі жеткізетін-ді және де ойлау мен сөйлеу мәнері, стилі осыған бағы­натын-ды.

Білімге құмарлық – кітап оқуға құмар­лық. Оқығаныңды ыждаһатпен түсі­ніп қабылдау, көңілге түю, жадыңда сақтау үшін конспектілеу, туындаған ой-пікір­лерді жазып отыру – қаламгер Сағат Әшімбаевтың дағдысы. Бұған нақ­ты дәлел – 1974-1991 жылдардағы 45 дәптері. Дүйсен Мүсірәліұлының көрсе­туінше, 8-9 мың беттей. Оннан астамы сөздік есебінде. Ұзын саны 5 мыңдай күр­делі сөз тіркесі жинақталған. Бұлардың баршасын «жұмыс дәптерлері немесе шығармашылық лаборатория, шеберлік мектебі», десе болады. Зейін қойып, қол­мен қағазға түсіру бейне бір сарқылмас қазына, рухани қор. Бұл орайда оның осынау ұшан-теңіз жазбаларының ішінде мына бір дерегі ден қойғызады. Орыстың көрнекті ағартушысы Н.А.Рубакин (1862-1946) өз өмірінде 200 мың кітап оқыған. (22.05.1979). Сонда қайраткер, білімпаз Сағат Әшімбаевтың өмірдегі, өнердегі ұстанымы, қағидасы не екенін айқын көруге болады. Ол сөз өнерінің табиғатына тереңдеу мақсатында философияны, психологияны, стилистиканы, поэтиканы, социологияны барынша мән беріп, тебіреніп оқыған (тіпті классикалық физиканы, кибернетиканы, физиологияны, әскери медицинаны, космостық биоритмоло­гияны, математиканы, механиканы, ­антропологияны, генетиканы). Мысалы, ол ойшылдардың мынадай терең мағыналы тұжырымдарын келтірген:

  1. «Психология, как изучение человеческой души, является теоретической основой для искусства жизни и достижения счастья» (З.Фрейд).
  2. «Сознание есть мудрость» (Гегель).
  3. «Мудрость есть возвышение души» (Гегель).
  4. «Бог раскрывается внутри творения» (М.Хайдеггер).
  5. «Человек скрывает три вещи: не­достаток ума, избыток денег, камень за пазухой» (Вольтер).

Ұшқыр ойлы сарабдал Сағат Әшім­баевтың сын өнері, сөз сыры, ақындық, әдебиет жайындағы парасатты пайымдау­лары қандай дегенде мына бір кесек ой толғамдарын айтуға болады.

  1. «Сыншы жеке адамның творчество­лық лабораториясын ашып қоюшы ғана емес, ең бастысы бүкіл әдебиеттің дамуы­на жол ашушы адам». 05.03.80.
  2. «Образдылық – тілдің көркемдігі, яғни сөздің суреттілігі, бейнелілігі. Поэ­зия­дағы көркемдік – өлең сөздің сурет­тілігі мен бейнелілігі, оған қоса әуезділігі. Абай поэзиясында баяндау да, толғау да, суреттеу де – бәрі-бәрі бар». 27.01.79.

Әдеби туындыдағы көркемдік құбы­лыстарды саралағанда филологиялық білім мен талғампаздықтың қажеттігі – мәтінтанудың басты құралы.

  1. «Шағын жанрдан жазушы шеберлігі әлдеқайда айқын көрінеді, әрі бұл жанр шеберлікті талап етеді». 14.02.79.

Көркем әңгіме, новелланы мөлдіретіп жазу айрықша асқан шеберлікті қажет ететінін сұңғылалықпен сезінген.

Негізінде, жазушы тұлғасы – барша керемет қасиеттердің қайнар көзі. Ол оның интеллектуалдық болмысы, дүние­танымы, тәжірибесі, интуициясы, ой-парасаты. Бұл орайда Сағат Әшімбаев ой-толғамы былайша өрілген:

  1. «Көркем шығармадағы кең құлашты азаматтық ой мен адамгершілік пафостың қайнар көзі жазушының азаматтық бол­мысы екені анық». 14.02.1979.
  2. «Көркем шығарма – жазушының өмір, уақыт, адамдар туралы көркемдік тұрғыдан айтылған философиялық концепциясы». 31.10.1979.

Шынайы ақындық өнерді меңгеру мен поэзияның принциптерін жетік білудің айырмашылығын анық айтқанына мына бір пікірі айғақ.

«Ақындық интуиция – табиғаттың сыйы, ал ақындық мәдениет – оқу мен тоқу­дың нәтижесі». 3.02.1979.

Сыншылдық жөнінен келгенде Абай турасындағы тосын, жаңа байлам.

«Қазақтың ең данышпан сыншысы – Абай». 21.12.1978.

Негізінде, жазушы «қоғамның озық ойшылы», «Әдебиет қоғамнан биік», «Дә­уірге сыншылдық тұрғыдан қара­ған», дейтін Сағат Әшімбаевтың түйін­ді тұ­жырымы (31.01.1979) бар. Тағы да Абай турасындағы «қаһарлы сынды көп айтқан», дейтін фразасын қосуға болады.

Қайраткердің 33-дәптерінде «тайпалық тар сезімнен, рулық улы сезімнен ары­луымыз керек те ұлттық ұлы сезімді алға қоюымыз керек». Сонымен қатар әде­биет сыншысының Шәкәрімнің Л.Н.Тол­стой­мен хат жазысқанын (8.06.1975), Л.Н.Толстой дүниеден өткенде ағылшын­ның «Таймс» газеті «Мир потерял точку опоры», деп қайғырғанын (29.11.1976), Жапония мен Англия мемуарларды көп оқитынын (19.07.1974) айтқаны бар.

Сыншылдық көзқарасымен, ойшылдық қырларымен, білімінің тереңдігімен, жазу өнеріндегі тәжірибесімен, адамшылық өнегесімен, есілтіп-төгілтіп сөйлеу мәде­ниетімен, таза пейіл-мейірімімен, ерен еңбекшілдік қабілетімен дараланған ­Сағат Әшімбаев негізінен афористік ой­лауға бейім. Айталық: 1. Жер қозғалса бір апат, ел қозғалса үш апат. 30.09.1978 ж. ­ 2. Жеке адам жалқы, халық қашан да талқы. 25.10.1978 ж.

Әдебиет сыншысының шығарма­шы­лық еңбегінің беломыртқасы – «Азамат­тық формуласы». Мұның өзі – азамат­тық-ұлттық дәстүрлерге бай гуманистік-фи­ло­софиялық категория. Осы бір ұлы дәс­түр, ұлы ұғым жайында толғағанда саң­лақ Сағат Әшімбаев қайта өрлеу дәуі­ріндегі француз жазушысы, философы Ми­шель де Монтеннің (1533-1592) «Ха­лық өзінің азаматтық манифесін сан ға­сыр­лар бойы қанымен де, жанымен де жа­зады. Азаматтық манифесі айқын емес ха­­лықтың болашағы да айқын емес», дейтін пікірін келтіреді де, өзі мы­­­на­­дай тұжырымды нақтылы ой айта­ды. «Адамгершіліктің ақшаңқан апо­ге­йі – азаматтық», деп көрсетеді. Және де «бір­­тұтас», «түп негізі бір егіз ұғым», деп жа­лынды сыншы «Әділдік ту тік­кен жерде – шындық салтанат құра­ды», дей­ді де, өзі өмір сүрген ортадағы ос­па­­дар­­лықтың сәлекет-пәлекеттерді бы­лай­ша мінездейді: «рухани жұт – то­ғы­шар­лық, көзқарастағы тайыздық, мі­нез­дегі өзімшілдік, дүниетаным­да­ғы дүм­­шелік, сезімдегі желбуаздық, сөз­дегі екіұштылық, ниеттегі арамдық пен аш­көзділік, көңілдегі көрсоқырлық пен пе­йіл­дегі тарлық, көкейдегі то­йым­­сыз­дық, жүрістегі сұйықтық, пози­­­ция­дағы самарқау бейтараптық, әре­­кет­­тегі жалтақтық, қарым-қатынас­тағы есеп пен пайдакүнемдік, прин­цип­­тегі солқылдақтық, мақсат-мұрат­­тағы жер бауырлаған ұсақтық, сенім­дегі немқұ­райдылық. Осының бәрі тоғы­шарлық «аурудың» басты-басты симптомдары». («Азаматтық формуласы», 1983 жыл).

Абайдың «күрескерлік-азаматтық бағытынан ешбір таймауын», кейінгі дәуірлерге үлгі, эталон етеді. Ертеден шап­са кешке озған, ылдидан шапса төс­ке озған ойы озық сыншының «Батыс Еуропаның пәленше мемлекеті сыйып кетеді деген шартты салыстыру» жо­сық­сыз дейді де, әрі қарай ойын былай­ша сабақтастырады: «Ендігі жерде рес­публикамыздың рухани мәдениетіне қанша елді сыйындырып, қанша жұртты сүйіндіріп отырмыз деген фактілерге жүгінуіміз керек. Еш уақытта да жердің үлкендігі ұлттық сана-сезім үлкендігінің үлгісі болған емес және болмайды да!». «Қасіретті қаңтар» трагедиясынан кейін, мемлекет тәуелсіздігі мен тұтастығынан айрылып қала жаздағаннан кейін, халық жаппай қайыршылыққа, жұмыссыздыққа, дәрменсіз, мүшкіл, нәуетек күйге душар болғаннан кейін, халықтың рухы, намысы, қайраты жаншылғаннан кейін, көп асаймын деп көптің қарғысына жо­ғары лауазым иелерінің ұшырағанынан кейін, Сағат Әшімбаевтың ойлы сөзінің мағынасын жете түсінгендей болдық. Иә, Ұлы даламыздың игіліктерін: жер­үсті мен астының өлшеусіз байлығының пайдасын халық көрген жоқ. «Ақта­бан шұбырындыны» бастан кешіргендей күй кешті, қалаға қарай шұбырды, ел иесіз қалды. Адамгершілік, гуманизм ха­қында: «тіршіліктің мәнін, дүниенің сә­нін төрттағандап ұстап тұрған ең ұлы прин­цип» «заңның да, адамның да құдірет­тілігін танытатын ең ұлы күш!», деп қадап айтты.

Ұлт патриоты халықтың келешек тағ­дырын түбегейлі ойлап, ел, жер, ата-ана, халықтық мінез, дәстүр, тіл деп тебіренеді. Мәселен: «Туған тіліңді сүю деген оны егжей-тегжейлі білу, осы тілдің құдіретін патша көңілмен паш ететін Асан Ата мен Абайдан бастап бәрін оқу деген сөз». Ойшылдық рухтың иесі Абайдың «Тіл өнері дертпен тең», дегенінің астарына, сырына үңіліп, «жалпы тіл өнерін білмеудің салдары кімге болса да дертпен тең екендігін меңзеп тұр», деп жазады.

Сондай-ақ «Тіл байлығы – ой бай­лығы», «Тілдің бай тарихы – халықтың бай тарихы», «Кітапқа деген көзқарас – әдебиетке, тілге деген көзқарас», «Әдебиет – халық тарихының көркемдік көрінісі», «Творчество – рухани сүйіспеншіліктің ең жоғары түрі», дейтін тұжырымдары қай дәуір, қай қоғам болмасын өрнегі өшпес өнегелі ғибратнамалар.

Қоғам өміріндегі жұлынқұрттарды, тоғышарларды, немқұрайдыларды, құзғын құлқынқұмарларды «Азаматтық формуласы» атты әлеуметтік-философиялық мақаласында тереңірек, кеңірек түсіндіру барысында мына бір дәйекті мысалы ойландырмай қоймайды: «Барлық трагедия атаулының түп-төркіні немқұрайдылықтан басталады» (Т.Манн). Бұл сөзді Нобель сыйлығының лауреаты, ұлы гуманист жазушы бірде өзіне қойылған «Еуропада фашизм қалай туды?», деген сұраққа жауап ретінде айтыпты. «Біздер – деп жазады ол – алғашында фашистік элементтер не бүлдірер деп мән бермей немқұрайдылыққа салынып жүрген кезде, олар біртіндеп үстемдік алып алды да, шетімізден біздерді біртіндеп құрта бастағандықтан көбіміз шетелдерге қа­шып бас сауғалауға мәжбүр болдық».

«...Сол себепті біз рухани-интеллек­туал­дық саладағы кейбір көңіл көншіт­пейтін немқұрайдылықтың бірен-саран көріністеріне тоқталмақпыз?».

  1. Кітап оқуға енжарлық.
  2. Дүниеқоңыздық.
  3. Шындық пен әділет жолында селқос­тық таныту.
  4. Жақсы мен жаманды айырмаушы­лық. Осы орайда б.ж.б. ІІІ ғасырда өмір сүрген Диоген Лаэрцийдің: «Государ­ство погибают тогда, когда не могут бо­лее отличать хороших людей от дурных», де­ген сөзін келтіреді. Сондай-ақ Абайдың:

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі – қан, бірі – май боп енді

екі ұртың –

дегенін де еске түсіреді.

Асылында, ұлттың рухани-мәде­ни өрлеуіне кедергі жасайтын немқұрай­дылық, тоғышарлық тәрізді кеселдер­ге осылайша шүйлігеді. С.Әшім­баев­­тың адам бойындағы өте-мөте тө­тен­ше зиян­ды құбылыстың сипаты ис­лам­­дық-мұсылмандық дүниетанымда айқын айшықталған.

«Иа-син» сүресінің 6-ші аятына орай тәпсірінде былай делінеді: «Нем­құрай­дылық жүректің ең жаман дерті. Өйткені немқұрайдылыққа шалдыққан жүрек – әлсіреген жүрек. Ондай жүректің 1) се­зінуге, 2) сүйсінуге, 3) әсер­ленуге еш­қандай да дәрмені жоқ. Сондықтан да қан­дай да жүректі бол­ма­сын ескертіп, ақиқаттан хабардар қы­­лып, оятқан абзал». (Қасиетті Құран: мағы­насы мен түсініктемелері. Е.Оңға­ров, Н.Мұратәлі. – Нұр-Сұлтан: 2020. -646 бет.).

Сағат Әшімбаевтың табиғи қабі­леті, ізденгіштік қасиеті, тумысынан зерде­лігі мектеп қабырғасында, сонан соң КазГУ-дегі студенттік жылдарында-ақ толық көрініс тапқан. Айталық, 1967-1971 жылдардың өзінде-ақ «Лениншіл жас», «Жетісу», «Қазақстан пионері», «Ленинская смена», «Социалистік Қазақ­стан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде 32 ма­­қала және «Жұлдыз», «Жалын» журна­лында 4 мақала жарияланған. Сонымен қатар афоризмдерді, И.Эренбургтің «Паб­ло Пикассосын» қазақшалаған. Мінеки, осынау жарияланымдардың өзі оның қаламгерлік қолтаңбасын, әдеби сын-зерттеулер мен көркем шығармаларды сыншылдық көзқараспен, логикалық білгірлікпен әдеби-теориялық тұрғы­дан талдауға деген ынта-зейінін байқа­тады. Таратып айтар болсақ, академик Мұқаметжан Қаратаевтың «Социалис­тік реализмнің қазақ прозасында қалыпта­суы» (1965), «Әдебиет және эстетика», атты ке­сек монографиясы (1978), Әбіш Кекіл­баевтың «бүтіндей бір жаңа құбылыс репеттес» «көркем қарапайымдылыққа» ие «Бір шөкім бұлт» пен «Дала балладалары», дейтін шығармалары, қазақ әдеби сынының даму деңгейі, әлеуметтік-эсте­тикалық қызметі, жастар прозасының бағыт-бағдары, гуманистік, шеберлік сипаты, психологиялық лиризм жайы, көркемдік мазмұны, сыршылдық қуаты, Мұхтар Мағауиннің «Қобыз сарыны» мен Төлен Әбдіковтің «Көкжиек» жина­ғына жазған рецензиясы, академик-жазушы Ғабит Мүсіреповтің әдеби және көркем шығармашылығына қатысты ой-тұжырымдары, поэзияны ой мен сезімнің «сырлы толқынына» ұқсатуы, көркемдік шарттылық пен шешім, характер мен сюжет табиғатына үңілуі – студенттік жыл­дардағы балауса сыншының пікір, пайым­даулары қисынды, дәлелдері дәйекті, дәлелді, тіл мәдениеті ойдағыдай екендігін анық танытады.

Сағат Әшімбаев теориялық, мето­до­логиялық, философиялық ойлау мәде­ниетінің тереңдігіне қатысты ұлттық поэ­тиканың күрделі мәселелерін зерделейді.

Поэзияға симметрия, гармония, бояу­лар құбылысы, көркемдік бейнелеу «жү­ректің сөзі», «сезім байлығы» тән екен­дігін дұрыс бағамдайды. Сонымен қатар роман жанры, әдебиет тарихы (ха­лық тарихы) көркемсөз философиясы, суреткерлік мәнісі (зерделілік, ойшылдық, кемеңгерлік), театр өнері, драматург, режиссер, актер тұлғасы хақында жүйелі топшылаулар жасайды.

«Сын – өнер», «сын – әдебиеттану ғылымының іргетасы» дей отырып, Ежел­гі Шығыс аңызында «өсек айтқанның жолын кес, сын айтқанның, шын айтқан­ның қолын шеш», дейтін түйінді толғамын сүйене отырып, ой өрбітеді.

«Әдебиет – көркемсөз философиясы», деп өзі жазғанындай, сөз зергерлерінің ойлау, жазу, тіл мәдениеті, интеллектуалдық әлеуеті, суреткерлік көзқарасы, атап айт­қанда, ұлт суреткерлері М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Нұр­пейісов шығармашылығындағы көркем­дік идея, азаматтық әуен, халық өмірінің шындығы, елдік сана, шеберлік сабақтары, дүниетаным тереңдігі, кейіп­керлер жүйесі, сюжет құрау, характер сомдау, композиция хақында күрделі пікір­лер өрбітті.

Академик-жазушы Ғабит Мүсіре­пов­пен сұхбаттасып («Ғабит ағамен 227 минут», «Лениншіл жас»,1972 жыл, 10 қа­раша), оның шығармашылық өмір­­­бая­ны, қоғамға, заманға көзқара­сы қан­дай екен­дігін мәлімдейді: «Сексен­ге келген мені дәл бүгінгі таңда кәрілік емес, адам­гершілік проблемасы селкілдетіп отыр. ...Яғни ар-ождан, адамгершілік бай­лы­ғымыз тым ортайып бара жатқан жоқ па?

Менің осынша өмір тәжірибемнен мықтап бір түйген нәрсем, «байлық қуған жерде бақыттың басы қисаяды», «дү­ниеге құмарлық жеңген жерде – адамға деген сүйіспеншілік жеңіледі, ақылға деген сүйіспеншілік жерленеді», деген атақты философ Салюскийдің сөздерінің туралығына көзім жетті» («Ғ.Мүсірепов туралы триптих», 1981 жыл).

Дәуір суреткері әрі куәгері Ғабит Мүсіреповтің кемеңгерлік ғибраттарын сұңқар табиғатты Сағат Әшімбаев қаз-қалпында былайша хатқа түсірген: «Оқу – ойдың қорегі, тоқу – жақсылықтың алғы шарты», «Жамандық атаулыны жаба тоқу – жамандыққа жол беру деген сөз», «Ойы тереңнің сезімі телегей, сезімі тереңнің ойы телегей».

Немесе:

«Мен Абайды 60 жыл бойы оқып келе­мін, әрбір оқыған сайын жаңа ой тауып келемін, сол үшін де өмір бойы табынып келемін», дейтін лебізі. Бар болмысымен, азаматтық даусымен, ақ-адал пейілімен жазатын сыншы: «Абайға табынбаған адам – ақылға табынбайтын адам!», деп өз ойын да қосады.

Қазақтың сыншылық-қоғамдық ойы тарихында лайықты орны бар жалынды көсемсөзші Сағат Әшімбаев өткір ойларын әлем данышпандарының пікірлерімен тұздықтап беріп отырады. Солардың бі­реуі былайша: «Барлық қылмыс атаулы – жақсылығы өз басынан артылмайтын адамнан басталады, өз қара басын күйттеген адамның өзегінде өзімшілдік деген қара құрт бар» (Томас Манн).

Жинақтай айтқанда, әдебиет сыншысы, тележурналист, саңлақ көсемсөзші, «сөз өнерінің философиясын» жарқыратып, заманның, халықтың, руханияттың айнасы дәрежесіне жеткізген Сағат Әшімбаевтың сыншылық-шығармашылық өмірбаяны өз алдына тарихи бір дәуір деу – ақиқат құбылыс.

 

Серік НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы,

профессор