– Рүстем Жарасқанұлы, тарихи тақырыптағы фильмдердің төңірегінде пікір қайшылығының жүретіні белгілі, сіздің «Алмас қылышты» түсіремін деп алмас қылыштай қайралдым» деген сөзіңіз де сол талас-тартысты меңзеп айтылса керек. Кең форматтағы эпопеялық жобалар, тарихи тақырыптағы фильмдер тапсырыс негізінде бүгінгі күннің талабымен түсіріледі, бірақ ол болашақта да өзектілігін жоймас үшін режиссер нені біліп, нені ескеруі керек, әлде уақыт өте келе, ол фильмдер бәрібір ескіріп, көрерменді қызықтыра алмауы заңды ма?
– «Алмас қылыш» фильмі – төңірегіне мыңдаған адамды топтастыра алған ұлттық идеяның жемісі. Фильм қазақтың арғы тарихын алғаш рет қопара жазған Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» шығармасының желісі бойынша қолға алынғанын талай мәрте айттым. І.Есенберлин үш кітаптан тұратын «Көшпенділер» тарихи эпопеясын кеңестік партия идеологиясының дәуірлеп тұрған кезінде жазды. Алмағайып заманда қазақтың санасына «қазақ хандығы», «қазақ мемлекеті» деген сөздерді сыналап кіргізіп, арманы азаттық болып, ерлік жасап жазған шығармасында ол кісінің ыждағатты ізденісінің нәтижесінде табылған, пайдаланған көптеген деректері кейінгі тарихшылардың мәліметімен толықтырылып жатыр. Қуатты кеңес империясының шеңберінен шығармайтын сол кезеңдегі идеологияның әсерімен жазылған шығарма болғандықтан, автор тарихи шындықты астыртын, тұспалдап қана жеткізуге немесе айтқысы келген ойын аңыз-әпсана әдісіне орап жазуға мәжбүр болған тұсы да жоқ емес. Сондықтан фильмде өзгертулер көп болды. Сценарийді жазу барысында XV ғасырда қазақ хандығының құрылуымен бірге өріс алған жыраулар әдебиетіне, халықтың топтасуы мен бірігуін өлеңдеріне өзек етіп, күш-қуатының нығаюына, бүгінгі тілмен айтқанда, мемлекеттілігінің тұтастығын қамтамасыз етуге үндеген зар заманның жыраулары, тіпті қолбасшылары десек те жарасар, Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Ақтамберді, Доспамбеттердің өлеңдеріндегі тарихи шындық пен бүгінгі тарихшылардың жаңа деректері негізге алынды. Бұл жыраулар қазақ халқының болашағын ойлап, ұрпағының татулықпен, бірлікпен қалыптасып өсуін жырлайды. Сол себепті алдаспан ақындардың есімі қазақ халқының аңызында, әдебиетінде, тарихтағы естелігінде сақталып қалған, тарихта өмір сүрген, соңына мұра қалдырған дерегі бар кісілер. Қазақ әдебиеті тарихында шығармалары өз атымен жеткен жыраулар поэзиясын да зерделеп, М.Тынышпаев, М.Мағауин зерттеулерінің тереңіне үңіле отырып, олардың да жазбаларын кәдеге жаратып, қисынын келтіруге тырыстық.
«Алмас қылыш» – деректі фильм емес, көркем дүние. Көркем дүние болғандықтан, ол ешқашан нақтылық пен шындықтың дәлме-дәл көшірмесі бола алмайды, тарих шежіресінің ақиқатында ауытқудың болуы заңды. Жазбаша дерек атаулыдан 550 жыл бұрын Қазақ хандығы құрылған кезде «Тарих-и-Рашидиде» ғана «көшпелі өзбек хандығынан Жәнібек пен Керей бөлініп шықты» деген нақты жазылған бір ғана дерек бар. Қалған деректердің бәрін І.Есенберлиннің деректеріне, басқа да мәліметтерге сүйене отырып, киноға ыңғайлап, құрастыруға тура келді. Бұл фильм әу баста Қазақстанның жас ұрпағының, жалпы халықтың өз елінің тарихына деген қызығушылығын оятатын жоба болса екен деген оймен жасалған дүние болатын.
Өз шығармамның болашақтағы тағдыры туралы алдын ала ешнәрсе айта алмаймын, ол тіпті дұрыс емес те шығар. Уақыт өте келе бәрі айқындалады. Міне, осы жаңа ғана «Еларнадан» беріліп жатқан «Қазақ хандығының» «Алтын тақ» сериясын көріп, орнымнан тұрған бетім. Осы жолы бастан-аяқ асықпай отырып көрдім. Фильм түсіріліп, экранға шыққаннан кейін ел қатарлы көргеніңде аса көп ешнәрсе түсіне бермейсің. Араға уақыт салып барып, әр кадрды асықпай зерделесең, басқаша қабылданады. Қысқа мерзім ішінде, шектеулі қаражатпен ауқымды жоба жасалғанына өзім де таң қалдым. «Алмас қылыш» Youtube желісіне қойылғалы бері шартараптағы әлем елдерінен 9,5 млн адам көрген екен. Әсіресе, ағылшын субтитрімен орналастырылған орыс тіліндегі нұсқасы өте көп көрермен тартты. Көрген адамдар фильмнен алған әсерін айтып, пікір қалдырып, жетістігі мен кемшілігін қатар жазып жатыр. Фильмнің ағылшын тіліндегі нұсқасы дүние жүзінің кино алаңдарына шығып, сатылым жайлап жүзеге аса бастады. Дәл бүгінгі күні Түркияның «ТRT AVAZ» арнасынан осы жобаның фильмі де, сериалдық нұсқасы да қатар жүріп жатыр. Корея, Қытай, Араб елдеріне де таныстырылу үстінде. Екі нұсқасын да көрермен қауым жылы қабылдаған сияқты.
– Сіздің фильмдеріңіздің басты ерекшелігі – тарихи сюжет арқылы елдік пен бірліктің дәріптелуі деп білеміз. Отқа оранып, дүрлігіп жатқан дүрбелеңге толы дүниедегі мазасыздықты айтпағанда, бейбіт елдердің өзінде сенім қайшылығы, партия алауыздығы, тіпті әлеуметтік желі іріткісі сияқты ішкі араздық жиі көрініс тауып отырады. Біздің көпұлтты елімізде бірлік идеясын көрсетіп отыру маңызды. Бірақ қандай тәсілмен?
– Қазақ хандығының құрылу тарихын зерттей жүріп, жыраулар поэзиясымен жақсылап танысқанымды жоғарыда айттым ғой. «Балаларға өсиет, қылмаңыздар кепиет. Бірлігіңнен айрылма, бірлікте бар қасиет. Татулық болар береке, Қылмасын жұрт келеке» дейді ақылман Ақтамберді. Жастайынан ауызбіршілікпен, достықпен қалыптасып өскен жас ұрпақ халқына тек жақсылық ойлайды. Кешегі Алтын Орда құрамында болған Қазан хандығы, Астрахан хандығы, Ноғай ордасы, Әбілқайыр Шайбани құрған көшпенді Өзбек хандығы, содан кейінгі бөлініп шыққан Қазақ хандығы, осының бәрін бүгінгі кезеңге параллель қарастыратын болсақ, ғасырлар өте тарихтың айна-қатесіз қайталанатынын байқаймыз. Көзіміз көрген кешегі алып империя құлдырап, құлағаннан кейін бөлшектерге бөлініп, бірнеше жаңа мемлекет пайда болды. «Өз еркімен қосылды» деген өтірікке сендіріп, бәрінің басына бір қамытты кигізген құрсаудан босап шығып, егемен ел болып отырғанымызға да, міне, отыз жыл. Тарихи сериалдар мен фильмдерді түсіру міндеті жүктеліп, бес-алты ғасыр бұрынғы Өзбек хандығы мен Қазақ хандығы арасындағы текетірес, соғыс көріністерін камерамен таспалап жүргенде кеудеме келіп кептелетін «бір соғыстың ызғары бар» деген ойдан өзім де тітіркенуші едім. Бүгінгі Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстан тарихи параллель іздесек, ел мен жердің тұтастығы жолында ұлы жорықтар кешіп өткен бабаларымыздың ерлігінің, жанкештілігінің өте ұқсас екенін көріп, тарих дөңгелегінің кері айналатынын мойындайды екенсің. Алтын Орда дәуірлеген кезеңде біз де қағанат тізгінін ұстаған билеуші ел ретінде төрткүл дүниеге белгілі болғанбыз. Бүгінде жиі айтылатын «алты Алаш» дегеніміз сол Алтын Орда империясында болған бауырлас елдердің ортақ атауы болуы мүмкін деген ой сананың бір бұрышында үнемі жаңғырып тұрады. Сол ұлы қағанат ыдырағаннан кейін, қазағы, өзбегі, қарақалпағы, татар, ноғай, башқұрты бар, қаншама ұлыстар мен жеке мемлекеттер пайда болды. Фильм түсіріп жүргенде тарихтың осылай қайталанып отыратынын ойлаған да жоқ едім, бүгін, міне, көз көріп, көңіл сеніп отыр.
Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Осыдан жүз жыл бұрын қазақ жерінде жергілікті халық 90-нан артық пайызды құрап отырды. Қазақстан бір күнде көпұлтты мемлекетке айнала салған жоқ. Кеңестік саясаттың нәтижесінде сонау Қиыр Шығыстан бері қарай, Волга бойындағы, Кавказ елдеріндегі халықтарды қазақ жеріне мәжбүрлеп көшіргеннен бергі бір ғасырдан астам уақыт бойына Қазақстан үздіксіз өзге этнос өкілдерімен толықтырылып отырды. Бұл үшін олар да, қазақ та кінәлі емес. Ел ретінде өркендеп, дамуымызға тигізген мұның өзіндік игі ықпалын да теріске шығара алмаймыз. Тәуелсіздік алған отыз жылдан бері елімізде болған іргелі өзгерістер қазақ халқының сан жағынан да, сапа жағынан да толығуына әсерін тигізді. Ендігі мұрат – бірлікке ұмтылып, егемендіктен айрылмай, еліміздің іргесін бекіте түсу. Қару-жарағы бар ел, бәлкім, айбарлы, мықты шығар, бірақ елдің ынтымағы мен бірлігі одан да мықтырақ. Елді, жерді, тілді қорғауға халық күш-қуатты бірліктен алады. Барлық жеңіс пен жетістіктің бастауында бірлік тұрады. Осы асыл мұраттың іргесі идеология арқылы, кино, телевизия арқылы халықтың санасына сіңірілуі керек. Отаншылдыққа үндейтін, рухты оятып, көтеретін әскери-патриоттық, тарихи фильмдерді көбірек түсіріп, қазақша контентті көбейтіп, қалыптастыра беру керек.
– Тарихи тақырыптағы фильмдермен халықаралық кино бәйгелерге қатысып, жеңіске жетудің мүмкіндігі қандай?
– Бұл мәселенің нәзік иірімдері, өзіндік технологиясы бар. Тақырып таңдауға талғаммен қарап, оның әлем халқына қызықты болуын, тарих жүйесінің бір-бірімен байланысын есептей отырып жасаса, үлкен кинофестивальдерге қатысудың мүмкіндігі мол. Продюсерлік жұмысы, арнайы сценарий жазу, шетелдік компаниялармен біріге отырып, колоборация жасау да маңызды тетіктерінің бірі. Бұл – өте күрделі жұмыс.
– Кәсіби актерлермен жұмыс істегенді жөн көресіз бе, әлде «шынайылық» үшін көшеден кездейсоқ адамдарды шақырасыз ба? Қолға алған жобаларыңызда актерлік құрамды қаншалықты жаңалап отырасыз? Мұны сұраған себебім, сіздің фильмдеріңізде белгілі есімдер мен белгісіздер, екеуі де аралас жүреді...
– Менің фильмдерімде екеуі де бар. «Сталинге сыйлық» фильмінде Нұржұман Ықтымбаев сияқты белгілі актермен бірге белгілі поляк режиссері Зануссидің ұсынысымен Польшадан Давид Маркиш, Ресейден Екатерина Ретникова, Александр Баширов сынды актерлер келіп қатысты. Кеңес өкіметі жер аударған мыңдаған адамды қоқыс секілді қазақ даласына әкеліп төккенде, жатсынбай бауырына басқан қазақтардың жанашырлығы мен дархандығына көркем ескерткіш қойғым келді. Бұл фильм нағыз жалпыадамзаттық ізгілік пен ұлттар арасындағы достық идеясын көтерді. Талай халықаралық фестивальдердің үлкен марапаттарына, гран-при жүлделеріне ие болды. Фильмдегі кейіпкерлерді ойнауға әр ұлттың өкілдері шақырылды. Кәсіби емес актерлер фактурасы, түр келбеті, психодинамикасы жағынан кейіпкерлерге ұқсас болғанымен де, қабілетіне қарай іріктеліп алынады. Бұрын киноға түспеген, көшеде жүрген адамды бірден камера алдына әкелу қиын. Бірақ кейде қиыршық тастардың арасынан жылтыраған алтын табылып жатады. Мысалы, Е.Тұрсыновтың «Шал» фильмінде басты рөлде ойнаған Ерболат Тоғызақов алғаш рет «Сталинге сыйлық» фильміне түсіп, дүнген Фатының рөлімен актер ретіндегі мүмкіндігін сынап байқады. Бірақ Ерболат ағамыз бұрыннан киноның төңірегінде жұмыс істеп жүрген адам, ақыр соңында әжептәуір актерге айналып кетті. «Қазақ хандығында» да кездейсоқ жайттар көп болды. Қытай кинематографиясындағы әйгілі есімдердің бірі, сол жақтағы қандастардың арасынан маңдайы жарқырап шыққан режиссер Жанар Сағатқызы Алматыға келген сапарында Шайбанидің бәйбішесінің рөліне шақырылып, тәп-тәуір образ жасады. Бірінші рет кастингке келіп, Қасым ханның рөліне алынған дебютант Мейірғат Амангелдин, Шахмұхаммедтің рөлін сомдаған Ниязбек Шайсұлтанов деген бауырларымыздың да жолы ашылып, бүгінде жаңа жобалардан жиі бой көрсететін танымал актерлерге айналды. Атырау облысында садақ, жамбы ату сияқты ұлттық ойындардың дамуына басшылық жасап, бұл өнерді бес саусақтай меңгерген бейтаныс Асланбек Жанбалаев та «Қазақ хандығына» түсіп, нәтижесінде тұнықтығымен, тазалығымен Болат Қалымбетовтің «Мұқағали» фильмінде басты кейіпкерді ойнап шықты. Бұлай тізбелей беретін болсам, бірталай адамның атын атауға тура келеді. Рас, кәсіби актермен жұмыс істеген әлдеқайда жеңілірек, бірақ белгілі әртістердің жанында жаңадан жұлдыздар жанып, кино көгінен көрініп жатса, бұл да айтулы жетістік.
– Кино саласынан алыс қарапайым адамдар сіздер түсірген туындыны «қызық фильм екен, актер тамаша ойнады, жақсы» деп немесе «жаман» деп біржақты, кесіп-пішіп бағалайды. Ал киноның қалай түсірілетінін бүге-шігесіне дейін білетін кәсіби көзқарастағы сіз өзге әріптестеріңіздің жұмысын қалай қабылдап, қалай бағалайсыз?
– Ұлттық Кино қордағы фильмдерді сұрыптайтын комиссия құрамында болғандықтан, ел назарына ұсынылған бірталай фильмдерді қайта қарап жатырмыз. Фильмдердің сапасы туралы біржақты ой қорыту мүмкін емес, әртүрлі деңгейдегі жұмыстың бірі көңілден шығады, бірі көрмей жатып, жылдам жалықтырып жібереді. Соңғы кезде түсірілген туындылардың ішінде Б.Қалымбетовтің «Мұқағали» фильмі тақырыбы, көркемдік сапасы, идеясы жағынан ең өркештісі. Ақынның трагедиялық образын тереңнен қазған, поэзиядағы тұлғасы өмірден көрген қиындықтары арқылы бірте-бірте биіктеп, асқақ әрі бірегей бейне болып шыққан. Мен де ақынның баласымын, әдеби ортаның ахуалымен жақсы таныспын, сондықтан режиссердің ақын туралы көркем толғанысы шынайылығымен баурады. Фильмдегі кей фрагменттер, параллельдер соңғы жылдары менің өмірімде болған тағдыр сынағымен, өзегімді өртейтін қасірет-қайғымен қатар қабысып, ерекше әсер етті. «Мұқағали» фильмі үшін Болат ағама ризамын. Сондай-ақ кейінгі жас буын режиссерлердің ішінен Фархад Шарипов деген жігіттің шығармашылығы назар аудартады. Өзі алматылық болған соң, фильмдерін орыс тілінде, қала өмірін қаузап түсірсе де, әр фильмінің өзегінде елең еткізерлік ерекше жаңалық жатады. Түсірген фильмдерінің бәрі де шетелдік фестивальдер мен байқаулардың бас жүлдесін олжалап жүр.
– Авторлық кино және тарихи сериал – қай жанрда жұмыс істегенде өзіңізді суда жүзген балықтай еркін сезінесіз?
– «Қазақ хандығы» жобасын қолға алған кезде сериал форматымен бастаған едік. Бонус ретінде әр маусымға арналып екі жобадан жасалды. Бірінші маусымда «Алмас қылыш», екінші маусымда «Алтын тақ» атты фильм – режиссер ретінде өз ұсынысыммен дүниеге келген туындылар. Мемлекет қаржы бөлген кезде тек сериалға тапсырыс берген болатын. Соған қарамастан, сериалдың әр маусымына қосып екі кино жасап шығардық. Бірақ ілгеріде түсірген «Қаладан келген қыз», «Құрақ көрпе», «Сталинге сыйлық» фильмдерінің бәрі де – авторлық кинотуындылар. Жаныма жақын. Сондықтан ерте ме, кеш пе, авторлық киноға қайта ораламын деген ойдамын. Қазір осы мақсатқа дайындық үстіндемін.
– Біздің режиссерлеріміз бұрынғыдай емес, Батыс көрерменіне бағыттап кино түсірудің пайдасы жоғын түсініп қалғандай. Дегенмен кино режиссері атақ-марапат, мойындалу мен танымалдылықты қай алаңнан іздегені дұрыс?
– Кино деген – өнер, өнер болғанда да, өнердің төресі. Формасы мен мазмұнына қарай авторлық кино, көрермен киносы, концептуалды кино, жанрлық кино, коммерциялық кино деп тарамдалып кете береді. Жанрлық кинода жас режиссерлердің үлкен шоғыры танылып келеді. Авторлық кинода да өзіндік жаңашыл бағытымен назарға ілігіп жүрген режиссерлер бар. Бірі қарапайым көрерменнің көңіл төрінен орын алып жатса, енді бірі фестивальдегі қатал қазылар алқасының бағасын алып, ертеңіне елеңдетіп қояды. Мысалы, Дәрежан Өмірбаевтың фильмдері – таза авторлық кино, кез келген адам түсіне бермеуі мүмкін, бірақ өз көрерменін қалыптастырған режиссер. Өз басым екі киноны да сабақтастырып, көрерменнің де көңілінен шығатын, бик санаттағы шетелдік байқауға да қатысатын ортақ дүние жасап шығарғым келеді. Өзімді «Сатыбалды Нарымбетов ағамыздың шинелінен шықтым» деп мақтанамын. Тірі болса, телефонмен де хабарласып, кездесуге де шақырып, бағыт-бағдар беріп, ағыл-тегіл ақылын айтар еді. Әлі есімде, бала күнімде әкем екеуміз жетектесіп алып Жазушылар одағына келдік. Алдымыздан Сатыбалды аға шықты. Бала болсам да, екеуінің жақсы дос екенін әңгімесінен сезіп тұрмын. Сонда әкем: «Сәке, менің балам өскенде сен секілді режиссер болады. Сонда сен оның өкіл әкесі боласың» деді. Әкемді әулие ме деймін, тура айтқанындай болды да шықты. Сәкен ағамның мектебін көргеннен кейін ол кісіні кинодағы өкіл әке ретінде қабылдайтын едім, жақыныма айналып кеткен екен, жоқтығы жаныма батады.
– Пандемияның да әсері болар, кино алаңында көптен бері көрінбей кеткен сияқтысыз. Жақын арада сізді жаңа жобалар аясынан көре аламыз ба?
– «Қазақ хандығы» аяқталған соң ешбір жоба бастай алмай отырмын. Бірді-екілі жобамды комиссияға тапсырған едім, өтпеді. Не себепті өте алмағанын ешкім түсіндірмеді. «Құжатты дер кезінде өткізген жоқсыз» деп ең аяғында өзімді кінәлі етіп шығарды. Қазір 1930 жылдардағы қазақтың бір отбасысының тағдырын баяндайтын «Зергер» деген жаңа жоба әзірлеп отырмын. Отызыншы жылдардағы аштықты көрген балалардың жасы бүгінде тоқсаннан асып барады. Бұл Абайтану ғылымының іргесінің беки түсуіне бар саналы ғұмырын сарп еткен, бүгінде жасы 90-нан асқан ғұлама ғалым Мекемтас Мырзахметов ағамызбен әңгімелескенен кейін туған ой болатын. Қиын-қыстау заманда халқымыздың басынан өткен сол нәубетті көзімен көрген кішкентай балалардың естелігінен құралған сценарийді комиссияға тапсырдым. Нәтижесін күтіп отырмын.
– Оқырманға қандай фильмдерді көруге кеңес бересіз және олар қай қырымен маңызды деп есептейсіз?
– Қазақты айтпағанда, әлемдік кино индустрия тақырыбы, қаржысы, техникалық мүмкіндігі жағынан мүлде басқа деңгейге өтіп, жаңа талаптар негізінде жұмыс істеп жатса да, нағыз халықтық хитке айналған шымыр ойлы классикалық фильмдер маңызын ешқашан жоймайды деп ойлаймын. Түсіріліп жатқан жаңа шедеврлер, жай ғана жақсы фильмдер жетерлік. Бірақ соның арасында культ киноға айналған, ешқашан тозбайтын, ескірмейтін фильмдер болады. Акира Курасаваның, Андрей Тарковскийдің фильмдері, Американың 70-жылдардағы атышулы режиссерлерінің классикаға айналған фильмдерін қайталап көргеннен адам ләззат алмаса, «уақытым текке өтті» деп өкінбейтіні анық. Қысқасы, көрермен ақылды киноны көбірек көруге ұмтылса, өз өміріне кішкентай болса да, жарық сәуле түсірер еді. Ақылды кино адамға ой салады, өріс-танымын жаңа сапаға көтереді. Көңіл көкжиегі кеңейіп, өмірге көзқарасы өзгереді. Тіпті қарапайым тілмен тарқатқанда, өмірге не үшін келіп, не үшін кететінін түсінеді...
– Әңгімеңізге рахмет.