Қазақстан • 29 Сәуір, 2022

Кеткендер қайтып келеді

345 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тірлігі мен бірлігі жарасқан қазақ елі кісі баласын көкіре­гінен кері итермегені қарт тарих парақтарында хаттаулы тұр. Қайта нәубет жылдарында, сталиндік репрессия ке­зінде жер аударылып келген өзге ұлт өкілдерін бауырына ба­сып, мейірін төккенін тарих парақтарынан жақсы білеміз.

Кеткендер қайтып келеді

Өзге елден келгендер қай кезде де қазақтардың өзектен теппегенін айтудан шаршаған емес. Олар жыл сайын көңілі баладай риясыз, пейі­лі дархан даладай кең қазақ хал­қына шын көңілден шыққан алғыс­­тарын жаудырып-ақ жатады. Сартап дала, жусанды қырдан бақы­тын тапқандардың қарасы қалың. Тіпті жыл өткен сайын еселеніп те келеді.   

Уақытында көптеген өзге ұлт өкіл­дері ес жиып, етек жинаған соң тарихи отандарына оралуға ниетті болды. Бабаларының кіндік қаны там­ған өлкеге аяқ басқылары келгендіктен болар, олардың бірі Германия, Грекия, Из­раиль, Ресей, Украина деп шекара асты, жаңа өмірге қадам бас­ты. Алайда Қазақстанның байтақ даласындағы еркін­дік пен елдің ақ адал ниетін аңсаған талай отбасы кері оралды. Әйтеуір көкірегін сағы­ныш табы сарғайтты ма, әлде байырғы Отанындағы экономикалық жағдайлар әсер етті ме, әлеуметтік мәсе­лелер мезі етті ме, ол жа­ғын кім білсін?! Белгілісі, көш керуенінің беті кері бұ­рылды. Қазақстанға қайта оралғандардың саны уақыт өткен сайын арта түскенін статистикалық дерек­тер де айқындап тұр.

Шырайлы Шымкент ша­һарын мекен еткен Ионис Сиди­ропулоға тәуел­­сіздіктің ал­ғаш­қы жылдары оңай бол­маған көрінеді. Ол тарихи Отаны – Эллада еліне көшуге бел бай­лайды. Алайда арада көп уа­қыт өтпей, Қазақстан­ға қайта оралғанды мақұл көреді.

– Мен Қазақстанға жағ­дайды бай­қап көрейін, елдегі ахуалды барла­йын деген ниетпен, бақай есеппен қайта оралған жоқпын. Шетелді кез­геннен де кәдімгідей шар­шайсың. Оны өзім айқын сезін­дім. Көп адамдар айтып, іздеп жүрген ертегідегідей тәтті өмірді шын мәнісінде ол жақтан таба бермейсің. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома іспетті. Өзімнің бо­лашағымды Қазақстанмен байланыстырамын. Неге десеңіз, бұл – менің Отаным. Балаларымды өсіріп, қазақ даласында тәрбиелегенді, олар­дың осында тұрғанын, осында жетілгенін расында да мақұл көремін, – дейді ол.

Деректерге сүйенсек, кейінгі жыл­дары шетелден мың­­даған өзге ұлт өкілі Қа­­зақ­станға көшіп келген екен. Олардың барлығы да уақ­тылы Қазақстанның азамат­ты­ғын алып, тір­ліктерін бастауға ниеттенген. Көшіп ке­лушілердің қатарында украин, орыс, әзербайжан ұл­ты өкілдерінің үлес сал­мағы басым. Елге қайта орал­ғандардың дені Қостанай, Алматы, Маңғыстау облыс­тары мен Алматы қаласына қоныстанғанды жөн көреді. Байқағанымыз, тарихи отандарына оралғандардың басым көпшілігі Қазақстанда­ғы бауырмалдықты, мейір­бандықты қатты аңсайды. Оны өздері жиі айтып та жүр. Ең бастысы олар елдегі ты­ныштықты мақ­тан тұтады. Бірлік үстемдік құрған елде берекенің орнайтынына деген сенімдері зор.

Жоғарыда біз әңгімеге арқау еткен Ионис Сидиро­пуло бабалары­ның табанының табы қалған елге барып, онда 19 жыл өмір сүріпті. Түсінген­ге 19 жыл аз уақыт емес. Эллада елінде жүргенімен, оның Қа­зақстанға, Оңтүстіктегі шырайлы ша­һар Шымкентке аңсары ауа берген. Ол әлбетте, өз сөзінде тұрақтылық пен елдегі татулық, тыныштық атау­лы қастерлі ұғымдарды қатты баға­лайтынын тіліне тиек етті. Оның көкірегіндегі Қазақстанға деген са­ғы­­ныш кері қайтуына сеп болған сы­ңайлы. Қанша дегенмен қазақ халқына бауыр басты, тонның ішкі бауындай ара­ласты, сыйласты. Сол сыйластық Грекия асқан азаматтың Шымкентке келіп, тірлігін тіктеуіне түрткі бол­ғаны анық.