Өнер • 29 Сәуір, 2022

Шеберханадағы дарқан дала бейнесі

485 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Николай Аштема. Белгілі суретші. Жазған картиналары қазақы қанық бояуға тұнып тұрады. Әр полотносынан ұлттық рух сезіледі. Әнеки, Абылайды ақ киізге көтеріп, хан сайлап жатқан суреті қандай?! Алаш Орда тақырыбында өткен көрмеде Шәкәрімді бейнелепті. Абайды да әр қырынан зерттеген...

Шеберханадағы дарқан дала бейнесі

Сексеннің сеңгіріне келген Н.Аштема қазақтың дарқан даласын аядай ғана шеберханада отырып, кенепке түсіреді. Таң­ның атысы, күннің батысы тынбай еңбектенеді. Суретші ше­берханасы. Қабырғада майлы бояу­мен, акварельмен жазылған этюд­тер ілінген. Сөрелері ескі кі­таптарға толы. Үстел үстінде гипстен жасалған шағын мүсіндер жинақталған. Кенепке сал­ған кар­тиналарын бақшалап жи­нас­тырғанның өзінде бөлменің жартысын алады. Есік жақтағы бұ­рыштан бокс «грушасын» бай­қа­дым. Демек сексендегі ақсақал спорттан да құр алақан емес.

Николай Павлович жазып отыр­ған картинасына көзін сығы­рай­та бір қарады да, күміс түстес шашын саусақтарымен салалай тарап, орындыққа жайғасты. Төрде Қазақ хандығына арнаған картинасына ілулі тұр. Сөйлеп тұрған композиция; Арыстан баб кесенесінің алдында халық ақ киізге көтеріп хан сайлап жатыр. Айналасында қолдарына найза ұстап, атқа мінген батырлар. Бір шетінде абыз ақсақалдар ба­­йыппен ақ киіздің үстіндегі ханға қарайды. Полотнода суретші қара­пайым халықты да бейнелеген. Халық алдында қобыз тартып Қорқыт ата отыр. Суретші қазақтардың киген киімдеріндегі әр оюды зерттеп, зерделеп барып бейнелеген. Н.Аштеманың ой ұшқырлығы, шеберлігі, қазақтың тарихына, қазақ халқына деген сүйіспеншілігі осы картинадан-ақ байқалды.

ж

– Бұл картина қазақ ханды­ғы­ның 550 жылдығына орай жазыл­ған еді. Мұндай тағы бірнеше полот­но бар, – дейді сурет­ші.

Осыдан бірнеше жыл бұрын жазған полотноларын жиналып тұрған жерінен алып шығып, әрбір картина туралы сипаттап айтты. Тың игеру қазақ жерінде болғандықтан картинасында әр ұлттың егістік басындағы ең­бегі бейнеленген. Сонымен қа­тар «Наурыз мейрамы», «Же­ңіске жеткендермен кездесу», «Мәңгілік өмір» атты картина­лары өзінің жеке қорында сақ­таулы. Бұдан өзге сериялық «Қыз Жібек пен Төле­ген» атты екі картинасы бар. Бірін­де екеуінің қоштасуы бейнеленсе, екін­ші­сінде Бекежанның қолынан қаза бол­ған Төлегеннің құлап бара жатқанын көрсеткен. Абайдың балалық шағынан кемеңгерлік шағына дейінгі аралықты жазған сериялық картиналары барын да айтты. Ол суреттерді көпшілік көрер­мен көрмелерден көрген де болар.

– Қазақтың тарихын, салт-дәстүрін полотноға түсіру мен үшін міндет. Ұлттық ою-өрнектер жазған картинаны аша түседі. Шабытқа шабыт қоса­ды. Бір сөзбен айтқанда қазақ же­рінде тұрып, суретші болмау мүм­кін емес, – дейді Н.Аштема әңгімесінде.

Суретші бірде Ілияс Есен­бер­линнің «Көшпенділер» трилогиясын сатып алып, бас алмай үш күн ішінде оқып шыққан. Кітаптан қорытқан ойын қағаз бетіне түсіреді. Содан бастап қазақтың тарихына назары ауып, жан-жақты зерттеп, қылқаламы кенеп бетінде ойқастай бастайды. Әр тарихи картинаны бастамас бұрын сол туралы оқып, біліп алу да суретшінің тарихи сауаттылығын айшықтайды. Бірақ суретші салған суреттерін сатып нәпақа таппақ емес. Әрине, тапсырыс түсіп жатса, қол қусырып қалмасы анық.

ж

Кәсіби суретшінің Қазақстанда тұрып жатқанына елу жылға таяды. Украи­нада туған ол әскер қатарынан кейін Өзбекстанда салық инспекторы болып қызмет еткен. Бірде Юрий Лебедев есімді кәсіби суретші Н.Аштеманың суретке деген ыңғайын байқап, өзіне жұмысқа шақырды. Ұсынысты құп алған ол 1989 жылдан бастап шығармашылық жолға түсіп, әр­түрлі жанрда картиналар жаза бас­тайды. Көптеген көрмеге қа­ты­сады.

Кейінгі жылдары достарының ша­қыруы­мен Өскеменге келіп тұ­рақ­тай­ды. Өмірін бейнелеу өне­ріне арнаған Николай Пав­лович мүсін жасаумен де айна­лыс­қан. Кеңес өкіметі құлағаннан кейін Өскемендегі суретшілер үйі де тарайды. Ал Николай Аштема бір бөлмесіне ие болып қалған.

– Мен жаныма жақын жұмыс таптым. Отыз бес жыл болды сурет­шілер студиясына жетек­шілік етіп келемін. Көптеген шәкірт тәрбиеледім. Өзім балаларды үйрете отырып, өзім де үйреніп жүрмін, – дейді суретші қылқаламын қайта қолына алып.

ж

Сексенге келген Н.Аштема кейде кене­бін кептіріп қойып, спорт­пен де айналысады. Шебер­ханасында гантель көтеріп, «груша» ұрады. Бұрындары арнайы спорт залда жаттықса, қазір шеберханасында жаттыға береді. Спортшы, әрі суретші ақсақалдың қазақы иісі аңқыған картиналарын облыстағы музейлерден де көруге болады.