Қазақстан • 29 Сәуір, 2022

Саяси өзгерістер қоғамның қатысуынсыз іске аспайды

551 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміз маңызды саяси өзгерістердің алдында тұр және бұл өзгерістер азаматтардың қатысуынсыз жүзеге аспайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында осы ойды жеткізді.

Саяси өзгерістер қоғамның қатысуынсыз іске аспайды

Ең бастысы – Конституцияға енгізілетін өзгерістер халық талқысына шығарылады және азаматтарымыздың шешімімен қабылданады.

​Президентіміз жұмыс тобы Ата Заңымыздың 33 бабына өзгеріс енгізуді ұсынғаны туралы айтты. Бұл Конституцияның үштен бір бөлігі деген сөз. Сондықтан, өзгерістер – ауқымды әрі маңызды. Осыны ескере отырып, Мемлекет басшысы республикалық референдум өткізуді ұсынды.

​Бұл – айтулы саяси оқиға деуге толық негіз бар. Себебі мұндай референдум осыдан 27 жыл бұрын өткізілген еді. Ол кезде де қолданыстағы Ата Заңымыз қабылданған болатын. Содан бергі өзгерістер Парламенттің ғана қатысуымен орын алып келгені белгілі.

​Жаңа Қазақстанда қоғамның пікірі – алдыңғы орында. Президентіміз өзінің осы бастамасы арқылы азаматтарды ел өміріне белсене араласуға шақырып отыр. Қасым-Жомарт Кемелұлының, референдум әрбір азаматтың елдің тағдырын айқындауға тікелей қатысу мүмкіндігі дегені сондықтан. Бұл қадам, бір жағынан, билік пен қоғамның арасындағы әлсіреген сенімді нығайтуға да оң ықпалын тигізетіні анық.

​Еліміз қаңтар оқиғасын басынан өткерді. Геосаяси ахуал да шиеленсіп тұр. Міне, осындай қиындықтарға қарамастан, Мемлекет басшысы Қазақстанды демократиялық құндылықтар негізінде нығайтуға мән беріп отыр. Президентіміздің тікелей бастамасымен қолға алынған реформалардың дені саяси трансформацияны көздейді. Конституциялық өзгерістерді тұтас ұлттың талқысына салу бастамасын да демократияға негізделген саяси жаңарудың белгісі деп қабылдаймын.

 

Бейбіт ИСАБАЕВ,

Сенат депутаты