Қазақстан • 03 Мамыр, 2022

Ауқымды демократиялық үрдіс

866 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент ұсынған конституциялық реформалардың барлығы да бір мақсатты көздейді. Ол – Тәуелсіз Қазақстандағы жаңа саяси реформаларды іске асыру. Саяси реформаларды іске асырудың мәні қоғамды жаңғыртуды, әрбір адамның санасын жаңғыртуды көксейді. Бұл жұмыстар сонысымен де бағалы.

Ауқымды демократиялық үрдіс

«Жаңа Қазақстан» деген ұғымды сөз­бұйдаға сала бермеу керек. Қазақстан Пре­зи­денті Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселені де дұрыс меңзеді. Ол ұғымды жиі қайталай бергеннен қоғам да, мемлекет те, басқа да өзгермейді. Ол үшін әрқайсымыз өзгерісті өзімізден бастауымыз керек. Әрбір азамат, әрбір мекеме, ұйымдар, саяси партиялар біздің қоғамды, адамдардың ішкі әлемін жаңарту, жаңғырту жолында талмай тер төгуі, аянбай еңбектенуі керек. Сондай-ақ бұл істе кез келгеніміз жауапкершілік жүгін қайыспай көтере білгеніміз абзал. Сонда ғана нәтиже болады.

Бірінші кезекте қай-қайсымыз да «бұл өзгерістер біздің мемлекетіміздің, жас ұрпағымыздың болашағы», деген сөзді сана төрінен шығар­мауымыз қажет. Осы тұрғы­дан алған кезде Конституциямызға енгізі­летін барлық өзгерістерді бүкілхалықтық референдумға шығару өте бір маңызды қадам деп есептеймін. Оны баршамыз жақсы түсініп отырмыз. Өйткені референдумға Қазақстанның барлық азаматы қатысады. Еліміздің барлық қиырында дауыс беру процесі жүргізіледі. Демократиялық үрдістің өзегі де осында тұр.

Қысқасы, әрбір қазақстандық осы референдумға қатыса отырып, Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға өз ойларын білдіреді. Бұл іске барынша жауапкершілікпен қарайды. Бір анығы, халықтың өзі қабылдағаннан кейін сол өзгерістер арқылы сананың жаңғыруына барлығымыз бір кісідей жауапты боламыз. Мәселе Мемлекет басшысы, Үкімет немесе бір мекеменің ғана басшысына жүктелмейді. Сондықтан да халықтық референдум мемлекет үшін маңызды әрі тарихи оқиғаға айналып отыр. Осыны бәріміз жан жүрегімізбен ұғынғанымыз жөн.

Жалпы, Конституциямызға өте ауқым­ды өзгерістер енгізілгелі жатыр. Бірден 33 бап жан-жақты толықтырылатын болады. Бұл – Ата Заңның үштен бір бөлігі. Сондықтан да бұл реформаны қандай да бір заңның немесе Парламенттің шеңберінде қалдырып қоймай, жалпыхалықтық рефе­рендумға шығару өте дұрыс әрі маңызды тарихи қадам.

Екінші айтылатын мәселе, сол референдум ойдағыдай өтіп жатса, әрбір қазақстандық оған жұмылған жұдырықтай бірлікпен қатысуға тиіс. Елдің ертеңі үшін жасалып жатқан жұмыстан шет қалуға болмайтынын әрбір қазақстандық түсінуі керек. Бір белгілісі, дауыс беру арқылы еліміздің ертеңі үшін әрқайсымыз белгілі бір дең­гейде міндеттеме аламыз. Ол мінд­еттеме – мемлекеттің ертеңі үшін әрқайсымызға артылған жауапкершілік жүгі. Ал жауапкершілік жүгі ешқа­шан жеңіл болған емес. Сонда ғана біз мемлекеттен балаларымызға, болашағымызға қажетті дүниелерді сұрай аламыз.

Түйіп айтар болсам, референдум – ең бірінші кезекте халықтың ойы мен пікірі. Екіншіден, баршамыздың ортақ міндетіміз. Үшіншіден, еліміздегі өте үлкен ауқымдағы демократиялық үрдіс. Оның тарихи ма­ңыз­дылығы да осында жатыр деуге болады.

 

Әли БЕКТАЕВ,

«Ауыл» ХДП партиясының төрағасы