Қоғам • 03 Мамыр, 2022

Бізге қандай бірлік қажет?

381 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осы орайда белгілі ойшылдың «Сөз өзінің мағынасынан айырылған сәтте халық азаттығынан айырылады» деген пікірі еріксіз еске түседі. Біз қоғам, ұлт болып мемлекет пен халық арасындағы бірлік туралы ойланатын кезеңде тұрмыз. Осы ретте, әрине, қандай бірлік деген сауал тумақ. Расында, қандай бірлік?

Бізге қандай бірлік қажет?

Халқымыз өткен тарихында да осы ғажап сөзді аз естімеген. Алыс­қа бармай-ақ қояйық. Кешегі кеңестік кезеңде мемлекет пен халықтың арасында ондай өзара түсінісу болды ма? Мүлдем болмады деп күнәға бату орынсыз. Ондай өзара түсінісу қысқа сәтке болса да орын алды. Мәселен, Ұлы отан соғысы аталған жылдары. Арасында қазақ та бар кеңес халқы осы кезеңде үкіметтің барлық шарасын жанын салып қолдады. Соның арқасында билік, мемлекет үлкен абыройға ие болды. Халық та! Дегенмен бұл бір сәттік өзара түсінісу еді. Тоталитарлық жүйе халықтың бұл биік саналы ерлігін өз дәрежесінде бағалай алмады, оның қадіріне жете алмады. Халық пен биліктің арасындағы мұндай алшақтықтың нәтижесі бізге мәлім.

Аллаға шүкір, бүгін біз мем­ле­кетті ұлтпыз. Болашақтан үміт­тенуге хақымыз бар. Ал осы үміт қайткенде шындыққа айналмақ?! Менің түсінігімде өкімет пен халық екеуі бірдей шындыққа, ақиқатқа ұм­тылып, осы жолда бір болғанда ғана. Ондай әрекеттің нәтижесін көп ұза­май-ақ біз көретін боламыз. Мұн­дай тәжірибені өскен-өнген елдер­дің өмірінен байқауға болады. Яғни ақиқатқа сүйенген, оны сыйлаған елдің, мемлекеттің болашағы айқын.

Басқаша айтқанда, бізге Абай айтқандай, нөлдердің бірлігі емес, екіжақты саналылардың, мақ­саты түсінікті ұлт пен оның мемлекетінің бірлігі, тұтастығы қажет. Бізді мына күрделене түскен заманда құтқаратын жалқы тура жол осы ғана!

Қысқа ғана қаңтардағы жағ­дайға байланысты. Мен бұл тарихи сәтке тарихшының көзімен қарағым келеді. Сондай-ақ оны бір қырлы, қарабайыр оқиға ретінде түсіну де қателікке ұрындырар еді. Бұл күрделі қоғамдық құбылыстан өз басым алдымен қарапайым ашынған, наразы халықтың ащы үнін естігендей боламын. Ұзаққа созылған әділетсіздікке, аяқ асты болған үмітке. Ол дауысты бәріміз де естуге тиіспіз! Мәселе мынада. Халық күнде көтеріле бермейді. Біздің ұлттық жүріп өткен тарихи жолымыз солай дейді. ХХ ғасырды ғана алайықшы. 1916 жыл солай болды. Ол жолғы ұмтылыс Алашорда өкіметін өмірге әкелді. Келесі ұмтылыс 1929-1931 жылдардың байқалды. Халық большевиктік қиянатшыл, әділетсіз реформа-сымақтарға көтеріліспен жауап берді. Наразылық қанға боялып басылды. 1916 жылы да солай болған. Келесі сілкініс 1941-1945 жылдардың ізін ала байқалды. Бұл жолы ол рухани сипат алды. Қарсылық жеке интеллектуалдар тарапынан байқалды. Бұл жолы ұлттық зиялылардың белсенді бөлігі 25 жылды арқалап Сібірге айдалды. Кеңестік қиянатқа соңғы қарсыласу 1986 жылдың жел­тоқ­санында орын алды. Дүлей күшке қарсы тұрған буынның меселі қайтты, тауы шағылды.

Мен 2022-нің қаңтарындағы наразылықты баяндалған кеңес­тік кезеңдегі наразылықтың жал­ғасы деген тұжырымнан аулақ­пын. Бұл жолғы оқиғаның болмысы бөлек. Оған пиғылы, мақ­саты халықтың мүддесінен мүл­дем бөлек, азат­тығы­мызға, елді­гімізге, мем­лекет­тігімізге қарсы күш­тер­дің араласқандығы алыс­тан ай­қайлап көрініп тұрды. Қаңтар оқиғасының қауіптілігі де осында. Менің айтпағым, осындай күрделі құбылыстардан халықтың үнін, мұңын ести білгеніміз, оны ажыратып, аршып алғанымыз кемелділіктің көрінісі болмақ.

«Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» дейді ұлы ойшыл. Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың майдан қыл суырған­дай әрекеті қоғамның ойынан шығып отыр. Біз  –орналасқан кеңістігі, жүріп өткен жолы күрделі ұлтпыз. Соған сәйкес болашақ ұрпақ, өткен аға буындар алдындағы жауапкершілігіміз де жеңіл емес. Жақсы мен жаманды ажырата алатын кемелдік бізге де жат емес. Ол ата-бабамыздан дарыған ел едік қой! Ойлы, білімді, іскер ұлтқа айналғанымыз жөн. Және бұл мақсатқа тез арада жетуге тиіспіз. Пре­зидентіміздің төңірегіне бірі­гейік, мұрат-мақсаты айқын елге айналайық.

 

Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ,

академик