Аймақтар • 03 Мамыр, 2022

Алғабас алға баспай тұр

2153 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Орталықтан он шақырым жердегі Алғабас ауылының проблемасы шаш етектен. Тұрғындары арыз-тілектерін жаудырғанда, неден бастап жазарымызды білмей састық. Елімізде ауыз судың сандаған бағдарламасы қабылданғанымен алғабастықтарға әлі күнге дейін бір тамшы су бұйырмаған. Ауыз суы былай тұрсын, тұрғындар бұлаққа су шығара алмай отырған жоқ па?! «Малым – жанымның садағасы...» дейтін жұрт жайылым мен шабындық таппай шыр-пыр. Сарып ауруы ол, жайлап тұр...

Алғабас алға баспай тұр

150-ге тарта түтіні бар ауылға арна­йы бұрылғанбыз. Аудан орталығы Күр­шімнен бар-жоғы 10 шақырым жер­дегі Алғабасқа жетудің өзі мұң. Былтыр ғана төселген асфальты жыл болмай езіліп кеткен. Жолай жолыққан жүргізушілер асфальтқа әнеугүні жүк көлігі батып қалғанын айтып күледі. Күлмейді, кекетеді. Аудан әкімдігінің салғырттығын, жауапсыздығын айтып күрсінеді. Айтса, айтқандай. 10 шақырымға жол сала алмаса, төсеген асфальттың астаң-кестеңі шығып жатса, кім алақайлайды?! Халықтың билікке деген сенімі осындайдан кетеді.

– Жолдың сиқы міне, көріп тұрсыздар. Жас баланың еңбегіндей былқылдап жатыр. Былтыр төселген асфальт. Сапа жоқ. Қалыңдығын қараңыз, 1,5 см болса болды, әйтпесе ол да жоқ. Үгіліп жатыр. Жолдың дәл осы тұсы ойнамалы. Сондықтан алдымен астыңғы қабатын бекітіп алуы қажет. Көктемде су жүретіндей жол астынан көпір салынуы керек еді. Салынбаған. Әншейін ауаға шашылған ақша, – дейді жүргізуші Тоқтамыс Тұрсынов.

Көрдік, асфальт жұп-жұқа. Саусақ­пен түртсең, үгіледі. Жолшылар май жақ­қандай, сипай салған. Оның үстіне, отыз тонналық жүк көліктері ойқас­та­ғанда езбей қоя ма?! Салған соң салғырт­сымай салу керек еді, рас. Ресми деректерге сүйенсек, бұл жолға 100 млн тең­геден астам қаржы жұмсалған екен. Иә, аз қаражат емес.

– Күршім – Алғабас арасындағы жолдың 7 шақырымы жөнделді. Ал қалған 3 шақырымына мердігер ұйым демеушілік көмек ретінде асфальт төсеп берген. Оған да аз қаражат жұмсамады. Қабылдап алмас бұрын жан-жақты тексеру жүргізілді. Бәрі нормаға сай болды. Алайда асфальт төселген жердің үш шақырымы ойнамалы. Көктемде ойнап, асфальт қопсып кетеді. Оны жөндеудің бір амалы сол, үш шақырымды қайта қазып, тас төсеп, дренаж салып барып асфальттау керек. Жалпы жолдың кепілдемесі бар. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп жатырмыз, – дейді Күршім аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының басшысы Мақсат Әкірамов.

Сенгендей болдық. Биыл жобалық-сметалық құжаты реттелсе, келер жылы Алғабасқа алшаң басып тақтайдай асфальтпен баратын шығармыз.

Алғабастың әуелгі атауы «Зеленый» еді. Демек, кеңес өкіметі тұсында жасыл желегі жайқалып тұрған соң солай атаса керек-ті. Бүгін ше, бүгін өзгерген бәрі. Ауыл жұрты алға басамыз ба деп атауын «Алғабас» деп өзгерткен шығар. Алайда кері кетпесе, алға басқан ауылға ұқсамайды. Жоқ, ауыл халқының ауызбіршілігіне сызат түспеген. Бәрі ұйымшыл. Есіктеріне құлып салынбайтын ауыл десек те болады. Алайда... Сары дала. Аңызақ жел. Іргесіндегі Ертіс те тартылып кеткен. Біз барғанда тұрғындары өре түрегеліп, ауылдың проб­лемаларын жіпке тізгендей айтты.

«Ауылда 500-дей жан бар. Мектебіміз 11 жылдық. Мәселелерді айтар болсақ, көшелерде жарық жоқ. Малға не жайы­лым, не суат таппай сандаламыз. Дуа­дақпыз. Шабындық та проблема. Қыс­қасы, ешкімге керек жоқ болып отырған жайымыз бар» деп шуласты ел.

– Колхозда 35 мың қой бар-тұғын. Одан басқа қанша ірі қара, жылқы болды. Жайылымы да, шабындығы да жетіп артылатын. Сол жердің бәрін таныс-тамырларына таратты да жіберді. Енді ауыл малы жайылымнан тарығып отыр. Шабындық та қиын. Бір шаруаның басында мыңдаған гектар жер бар да, бір ауыл он гектар жерге зар. Әділдік қане? Оның үстіне ол шаруа қалада тұрса, жерді пайдаланбаса, неге ауылдың еншісіне қалдырмайды? – дейді Алғабас ауылының тұрғыны Бәйкен Қалымов.

Ауылдықтардың ауыз суға қол жет­кізе алмай отырғаны және бар. Каналға су шықпаған соң жерасты суы төмен түсіп кеткен. Бұрындары төрт метрден-ақ ауыз су шығып тұрса, қазір 8 метрге тереңдеген. Қайта құдық қазу да ауыл­дықтардың қалтасына соғады. Метрі – 25 мың теңгеден.

– Арыққа ие жоқ. Ие болмаған соң тазаланбайды. Жеріміз қандай еді кезінде?! Шыбық шаншысаң, орман болатын. «Ақбұлақ» бағдарламасымен былтыр ауыз су тартамыз деген. Сөз ғана екен. Жолдың жағдайы анау, көрдіңдер. Бірақ ауылдан адам көшіп жатқан жоқ қазір. Енді осы ауылымызға Үкімет жағдай жасаса дейміз. Жағдай деп отырғанымыз – ауыз су, жайылым мен шабындық. Содан кейін каналдарға су шығып тұрса, болғаны. Адамның тіршілігіне ең қажеті осы. Соған қол жеткізе алмай отырған жоқпыз ба? – деп қосты зейнеткер Бәйкен Қалымов.

Ауылдықтардың әр сөзіне құлақ түрдік. Айтқан уәждерін түртіп алдық. Облыс, аудан әкімдігі ауылдың зар қақ­сап отырған үніне бір сәт құлақ түрсе, халықтың айтқан проблемалары сөз­сіз шешілер ме еді. Ол үшін әлбетте, игерілмей жатқан егістік алқаптар қай­та­­ры­лып, ауылдықтардың еншісіне бе­рі­лу­ге тиіс.

– Ауыл сыртында сиырды қойып, бұзау да жайыла алмайды. Жіберген сиырың шаруаның жеріне барып түссе, шу шығады. Жекенің жері ауылдың іргесінде. Біз бау-бақша суғара алмасақ, шабындық болмаса, жайылымнан тары­ғып отырсақ, қалай жан сақтаймыз?! Балық аулауға рұқсат бергенімен, ау қытайдың синтетикасы деп тағы тарпа бас салады. Бурцеллез ол, солқылдатып тұр, – дейді ауыл тұрғыны Зағила Қаратаева.

Бруцеллез демекші, Күршім өңірінде індет дендеп тұрған секілді. Тұрғын­дар­дың пікіріне қарағанда, аш малға ауру үйір. «Оның үстіне, ауылда мал дәрігері жоқ. Округте 12 мал дәрігері болуы керек болса, 4 дәрігер ғана еңбек етіп жүр. Материалдық базасы да ақсап жатыр. Қан алып үлгірмейді. Ең басты мәселесі – жалақылары төмен. Төмен болған соң құдайдың зорлығымен жұмыс істеп жүр. Ал бруцеллезге қарсы вакцинаны халық өзі сатып алады. Штамптарына қа­рай бағасы әртүрлі. Соған мемлекеттен қаржы қарастырылуы керек. Үкімет көңіл бөлмей, ауыл шаруашылығы, оның ішінде ветеринария оңалмайды», деседі Алғабастың тұрғындары. Сөздерінің жаны бар. Ауылға көңіл бөлінсе, мұн­шалықты індет жайлар ма еді?!

– Күзде «Бизнес-бастау» бағдар­ламасымен 1 млн 600 мың теңгеге алты бас бұзаулы сиыр сатып алдым. Көктемде бруцеллез шықты. Қораны ауыстыру керек деген соң, жаңа қора салдық. Болмады. 250 мың теңгеден сатып алған әр бас 50-60 мың теңге ғана шығарды. Қазір мал жоқ, қора бос қалды. Кредитін төлеп отырмыз. Бұдан кейін мал алғым да келмейді. Менің малымнан ғана емес, ауылдан шығып жатыр, – дейді ауыл тұрғыны, төрт баланың әкесі Ерік Құмарғажин.

Алғабас халқы айтқан мәселенің барлығын ауылдық округтің әкімі Ерлан Нұрсоветовке жеткіздік. Оның сөзіне қарағанда, жалпы Күршім ауылдық округінде 84 мың гектар жер бар. 26 мың гектары ауылшаруашылық мақсатқа берілген. Ал Алғабастың маңайында жайылым жердің жеткіліксіздігін округ әкімі де растап отыр.

– Алғабастың маңайы егістік жерлер. Егін салынбайды. Себебі су жетіспейді. 15 жыл болды су жоқ. Егістік жерді жайылымға өзгертейік десек, рұқсат жоқ. Президент керісінше, егістік жерді көбейтсін деген. 800 гектар жер бар. Соны жайылымға алайық деп ұсыныс жасап отырмыз. Ал бойдақ малға және санитарлық табынға Зайсан көлінің жағасынан жер алдық. Су мәселесіне келер болсақ, «Қазсушар» мекемесіне тиісті құжаттарды тапсырдық. Бір арнаның ғана құжаттары болмай тұр. Ол да реттеледі. Облыс әкімдігі «Күршімнің теңгеріміне берілсін» деген шешім шығарса болды, біз жұмыс істейміз. Тағы бір каналды округтің теңгеріміне алатын болдық. Оны жөндеп алсақ, егістікке су шығады, – дейді Күршім ауылдық округінің әкімі Ерлан Нұрсоветов.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрғымыз келсе, Алғабастың тұрғындары айтқан бірқатар мәселе бүгін-ертең шешілуге тиіс. Мәселені шеше алмай сағызша созып жүріп алсақ, ауылда мал қалмайды, мал қалмаған соң жан қалмайды. Онсыз да шекарадағы аудандарда құрып кеткен ауылдар аз емес...

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Күршім ауданы,

Алғабас ауылы