Білім • 03 Мамыр, 2022

Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі

482 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде жұмыс іздеген де, жұмысшы іздеген де көп.

Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі

Аталған жоғары оқу орнының ұйым­дастыруымен өткен іс-шарада елор­дадағы оқу орындарының бітіру­ші студенттері мен өзге өңір­лер­ден келген жұмыс берушілер де бар. Бәрі де өзіне лайық жұмыс іздейді. Ал университеттің мақсаты – түлекке жұмыс, жұмыс берушіге қызметкер табуға себепкер болу. Іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі, Л.Н.Гу­милев атындағы ЕҰУ «Көлік-энер­гетика» факультетінің деканы Тыныс Сүлейменов: «Осы жәрмеңкеге 40-тан аса жұмыс беруші келді. Үлкен артриумда екі шеңбер болып отыр, жұмыс істеймін деген адамға лайықты жұмысшы іздеген мекеме жеткілікті. Соның ішінде ірі ұйымдардан бөлек, жаңа, заманауи мекемелердің келгені де қуантады. Бастысы, түлектер жұ­мыс тауып алса деген ниеттеміз. Мы­салы, өзім оқытқан сала бойынша бүгін келген Астанаэнергосбыт өкіл­деріне барып, «Жылу энергия­сы» мамандығымен 110 студент бітіре­тінін, оларды жұмыспен қамтуға мүм­кіндіктің бар-жоғын сұрап едім, бәріне орын табылатынын, маман аса қажет екенін айтып отыр. 4 жыл оқып, мамандық алғаннан кейін сонысын ақтап, жұмысқа орналасып кеткенін қалаймыз», деді.

Жұмыс берушілердің арасында білім беру саласының ұйымдары көп көрінді. Мемлекеттік мектептер де, жекеменшік орта білім беру ұйымдары да, оқу орталықтары да бар. Соның бірі – республикалық физика-математика мектебі. Бұл мектепке физика пәнінің мұғалімі мен зертханада жұмыс істейтін лаборант керек екен. «Жоғары оқу орындарының бітіруші студенттері немесе магистранттары арасынан өзімізге білікті мамандарды таңдап алу мақсатында осы жәрмеңкеге келіп отырмыз. Лаборант физика пәнінен зертханалық жұмыстар жүргізуге көмектесуі керек. Физика мамандығы бойынша бакалавр немесе магистр дәрежесінің болуы талап етіледі. Ал физика пәнінің мұғаліміне педагогикалық мамандықты бітірген болуы шарт. Дипломында педагогика және психология пәндерінің оқығаны көрсетілуі тиіс», дейді рес­пуб­ликалық физика-математика мектебінің өкілі Думан Кенжеалин. Мұғалім мен лаборанттың жалақысын сұрағанымызда мектеп өкілі сұхбат кезінде айтылатынын жеткізді.

Біз көбіне шет тілін, соның ішін­де ағылшын, қытай тілдерін мең­гергендерге жұмыс табуды оңай деп білеміз. Сөйтсек, олай емес екен. Док­то­рантурада білім алып жүрген Қаһар Қайрат ағылшын, қытай тілдерін ер­кін меңгерсе де жұмыс табу қиын еке­нін айтады. «Мен «Аймақтану» ма­мандығы бойынша 3-курс докторан­­тымын. Өз мамандығыма сәйкес жұ­мыс іздеп жүрмін. Докторантурада оқитындарға биыл стипендияны 170 мың теңгеге көбейтті, бірақ мұндай қаражатқа отбасын асырай алмаймын. Сондықтан сабағыма қосымша әртүрлі орталықтарда ағылшыннан сабақ беріп жүрдім. Бірақ жеке орталықтарда жаздыгүні жұмыс болмай қалады. Сол себепті тұрақты жұмысқа орналассам деймін. Қазір жұмыссыздар, бос орындарға кандидаттар көп. Жұмыс табу екі шет тілін еркін меңгерген менің өзіме қиын. Өйткені көп жер орыс тілін білуді талап етеді. Мен Қытайдан келген қазақпын, орыс тілін оқымағанмын. Ал елшіліктерге жұмысқа таныссыз орналасу тіпті мүмкін емес», дейді Қ.Қайрат.