Таным • 04 Мамыр, 2022

Үміт шырағын ұстап өткен ғұлама

657 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Осыдан тура қырық жыл бұрын Әбсаттар ағам мені кабинетіне шақырды. Жүзінен нұр себелеген, күлімсірей қарап өзінің жіңішке қоңыр дауысымен адамды бірден баурап алатын қасиетін алғаш көргенде-ақ аңғардым. Сабырмен, ойлы көзін маған қадап бір қарап алды да, асықпай сөз бастады. Өзінің сол кезде атқарып жүрген қызметін (ҚазМУ-дың филология факультеті деканының орынбасары) тастап, алыстағы араб еліне ғылыми іссапарға аттанатынын айтты.

Үміт шырағын ұстап өткен ғұлама

Фотоны түсірген Ерлан Омар

Сонау қазақ үшін әлі де жұм­бақ, әлі де құпия, ғажайып шығыс әлемін Әбекеңнің біраз жылдардан бері зерттеп, зерделеп жүргенін білетінмін. Осы жолы алдына үлкен мақсат қойып отыр­ға­нын ішімнен пайымдадым. Содан кейін де ұлағатты ұста­зым­­мен талай рет жолым түйісті.

Ойлап отырсам, сонау 1982 жылдың қоңыр күзінен басталған Әбекеңнің ғылым мен білімдегі, қазақ руханиятындағы ұзақ та ұланғайыр сапары бірде-бір рет саябыр таппай үнемі жалғасумен болды. Осынау ғылым мен білім сапарында Әбекең қанша рет биік белестерге көтерілді, қан­ша рет биік шыңдарға шықты. Бүкіл ғұмыры бел жазбай еңбек­те­нумен, ғылымға берілу­мен өтті. Азаматтық ойларын бүк­пе­сіз айтып, қаймықпай жазатын қасиетінен де Әбекеңнің сергек мінезі, терең біліммен келген рухани ұстанымдары да кө­рініп тұратын. Әрдайым туған елінің рухани кеңістігінің ылғи алғы шебінде, жел өтінде жүріп тәуелсіз мемлекетіміздің аяғы­нан тұрып, қабырғасының бекуіне өлшеусіз үлес қосты. Ұлты­мыздың әлемдік додада те­ре­зесі тең, еңсесі биік ел болуына баға жетпес олжа салды.

Енді кішкене шегініс жасасақ, Әбекеңнің шын мәніндегі ғылым мен білімге сапары осыдан жарты ғасыр бұрын Мәскеу қаласындағы Шығыстану институтының аспирантурасында басталыпты. Өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бастап жас дарын шығыстану ілімінің терең қатпарларын игере бастайды. Институттағы араб тілі мен әдебиетінің корифейлері, профессорлар Ю.Н.Завадовский мен Г.Ш.Шарбатовтардан дәріс алады. Профессор Завадовскийдің ғылыми жетекшілігімен Марокко әдебиеті тарихына қатысты Кеңес Одағында бұрын-соңды зерттелмеген тың тақырыпқа түрен салады.

1975-1976 жылдары осынау ғылыми ізденістер жас ғалымды Марок­ко мемлекетіне сапар шек­ті­реді. Рабат қаласындағы V Мұхаммед атындағы университетте араб тілі мен әдебиетін те­реңдей зерттеумен қатар профес­сор Мұхаммед әл-Фасидің же­тек­шілігімен Марокко ауыз әдебиеті тарихынан диссертация жазады. 1976 жылы Мәскеуге оралып ғы­лы­ми зерттеуін үлкен табыс­пен қорғайды. Араб әдебиетінің қақпасын осылай имене ашқан жас шәкірт, дарынды ізденуші араға жылдар салып арабтану, шығыстану ғылымының әлемдік деңгейдегі биіктерін бағындырды.

Бүгінде Әбекеңе Марокко елі­нің ғылымы қарыздар. Отар­лау­шылардың Марок­кода әдебиет жоқ дейтін тұжырымын тас-талқан етіп, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Мәскеу халықаралық қатынас және М.Горький атындағы Бүкіл­одақ­тық әдебиет институты ға­лым­дарының біріккен Ғылыми Кеңесінде қазақ ғалымы Әбсаттар Дер­бісәлі Марокко әдебиетін әлем әдебиеті контексінде қарас­ты­ратын докторлық диссертация­сын қорғайды. Сол тұста бұл ғы­лы­ми іргелі жаңалық Әбекеңді әлемдік әдебиеттану ғылымының төрінен бірақ шығарды. Сөйтіп, қазақ ғылымына шығыстану және арабтану сияқты іргелі ғылым салаларының біржолата арна салуына, жаңа белеске көтерілуіне профессор Ә.Дербісәлі жол ашты.

Шығыстанушы ғалым Қазақ ұлт­тық университетінде өзі негі­зін қалаған, тұңғыш деканы бол­ған шығыстану факультетінде келе-келе парсы, урду, қытай, жапон бөлімдерін ашып, соңынан иран-түрік, қытай-жапон тілдері мен әдебиеті кафедраларын ұйым­дастырды. Осынау сирек ғы­лым салаларының арнайы дайындықтан өткен, біліктілігі жоғары мамандарын өзі іздеп жүріп, жинады. ҚазҰУ-дың деканы, кафедра меңгерушісі, сонан соң жеті жылға жуық универ­си­тет­тің халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры қызметінде жүріп шығыстану, халықаралық қатынастар факультетін әлемдік деңгейге көтерді. Осы арқылы қара шаңырақтың абыройы өсті, беделі көтерілді. Бүгінде әлем­дік рейтингте ең ілгері екі жүз университеттің қатарына кірген ҚазҰУ-дың тәуелсіздік таңы ша­па­­ғында дүниедегі екінші ұстаз, ұлы ойшыл, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің есімін ие­ленуі де Әбекеңнің еңбегінің тіке­лей жемісі. Осыны бүгінде біреу біледі, біреу білмейді.

Әрине, Әбекеңнің ең басты олжасы шығыстану бағытындағы еңбектері, ғылыми монографиялары. Қазақ ұлтының әлем өрке­ние­ті­не қосқан үлесін айғақ­тайтын әйгілі бабаларымыз Әл-Фараби, Жауһари, Қадырғали Жалайыри, Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати тәрізді ғұламаларымыздың жа­рық­қа шығуы, туған елге оралуы да Әбекеңнің ерен еңбегінің арқасы. Профессор Әбсаттар Дербі­сәлі X-XVIII ғасырларда ғұ­мыр кешкен, соңына баға жетпес құнды мұра қалдырған жалпы саны елуге жуық ғұлама ой­шылдары­мызды тауып, осынау тұлға­ла­рымыздың еңбектерін ғылыми айналымға енгізді.

Қаншама шәкірттеріне бұлақ көзін тауып, зерттетіп, «ұлы көм­бе­нің құнарына» салды. Солар­дың бір парасы қазіргі күні елге танымал шығыстанушылар, арабтанушылар, исламтанушылар. Ғылымның игілігі үшін Әбекең салған жол, іргесін көтерген мектеп мешіттің мұнараларындай алыс­тан көз тартады.

Әбекеңнің қос шынарымыз, ұлтымыздың ұлы перзенттері Әбу Насыр әл-Фараби мен Мұхаммед Хайдар Дулатидің мұрасын зерт­теу­дегі жанкешті еңбегін бөле жара айтар едім. Әл-Фарабиді алғашқы зерттеушілердің бірі де бірегейі профессор Әбсаттар Дербісәлі. Мәскеу шығыстану институтының аспирантурасын­да оқып жүрген кезінде-ақ Әл-Фараби жайлы орта ғасыр­лар­­да жазылған тарихи жазба жәдігер­лік­терді іздеп тауып, аударды. Ғұ­ламадан бір, екі ғасыр кейін өмір сүрген, Фараби жайлы құн­ды деректер қалдырған Ибн Саид әл-Кифти, Ибн Халликан, Ибн Әби Усайбиға секілді араб ше­жіре­ші­ле­рінің еңбектерін ана тілімізде сөйлетті.

1980 жылы «Әл-Фарабидің эстетикасы» атты тұңғыш зерттеу еңбегін жариялап, екі жылдан соң «Шыңырау бұлақтар (1982) атты толымды, құнарлы кітабын қазақ оқырманына ұсынды. Әдеби зерттеулер, толғаныстар, эсселерден жинақталған бұл туынды Әбекеңді ғалым, қаламгер ретінде жаңа қырынан танытты. Автордың бұл дүниесі қазақ-араб әдеби байланыстарын, ежелгі әдебиетіміз жайлы тың деректерді байыппен зерделеген сирек еңбек ретінде биік бағаланды. Осыдан кейін тынымсыз ізденген ғалымның іргелі-іргелі зерттеулері бірінен соң бірі оқырман қолына тиді. Шығыстану және филология факультеттерінің студенттеріне арнап «Араб әдебиеті» атты ана тілімізде тұңғыш оқулық жазды. Мұнда араб халқының сан ға­сырлық әдеби мұрасының клас­си­калық дәуірлері талдау арна­сына түседі. Ал «Араб тілді Марокко әдебиеті» атты орыс тіліндегі монографиясын «Ғылым» баспасынан жарыққа шығарды.

Ал енді ғалымның Қожа Ахмет Йасауи кесенесі мен он­да­­ғы құл­пы­тас­тардағы араб ті­лін­­де­гі жазу­лар­дың сырын ашуы, Мұхам­мед Хайдар Дулати мұра­сын іздеп Қашқарияға (1994), Пәкістанға (1995), Үндістанға (1998) сапар шегіп, Кашмир өлке­сі­нен ұлы ғалымның зиратын тауып, құлпытасының эпита­фия­сы­ның мазмұнын анықтауы бөлек әңгіме.

Ғалым мұнымен шектелген жоқ. Артынша «Қожа Ахмет Йасауи және Түркістан мәде­ние­ті» атты сүбелі кітап жазды. «Мың бір түн елінде», «Ежел­гі араб жерінде» деп аталатын жинақтарын ұсынды. Бұл кітаптарында ғалым өз көзімен көрген, ой елегінен өткізген, тарих, өркениет көшінің бүгінгі биігінен бағамдаған толғамдары топтастырылған. Қазіргі Марокко, Ирак, Иемен, Тунис, Ливия, Сирия секілді ежелгі елдердің ты­ныс-тіршілігі, кешегісі мен бү­гіні, әдебиеті мен мәдениеті автор баян­даулары арқылы сыр шер­теді.

Оның «Қазақ даласының жұл­дыз­­дары» (1995) атты көлем­ді тарихи-философиялық зерт­те­уін­де қазақ даласындағы бүгінде құм басқан, ұмыт бола бастаған ежелгі қала­ларымызда ғұмыр кешкен, еңбек жазған елуден астам ой­шыл­дардың мұрасы сөз болады. Олардың ішінде: Отырар мен Түркістан, Тараз, Сайрам, Сыр бойынан шыққан, бүгінде енді-енді еңбектері еліне қайта орала бастаған Әбу Ибрагим Исхақ әл-Фараби, Исмайыл әл-Жауһари әл-Фараби, Бурһан ад-дин Ахмад әл-Фараби, Әбу-л-Қасым әл-Фараби, Маула Мұхаммад әл-Фараби, Ахмад әл-Исфиджаби, Жамал ад-Дин Саид Түркістани, Мұхаммад Баки Қарнақи, Хусам ад-Дин ас-Сығнақи сынды ғұла­ма­лардың өмірбаянымен, діни танымдық тұрғыдағы аса құнды кітаптарымен қауышамыз. Бұлар­дың сыртында аттары аталмай қал­ған ойшылдар, ғалымдар қан­­шама. Жалпы, Әбекең қазақ да­ла­­сынан шыққан 200-ден астам ғұламалардың есімін елге қай­тар­ды. Оның ішінде Отырардан шыққан он Фараби, үш Сайрами, жеті Түркістани, бес Женди, екі Баршынкенти, екі Сығнақи, екі Баласағұни, алты Тарази және өз есімдерін ру, тайпаларымен ата­ған үш Кердери, Қыпшақи, Дулати, Жалайыри, Наймани, Қо­ңырат­ли, Қазақилердің өмірі мен шығармашылығы зерделенген.

Профессор Әбсаттар ағамыз­дың жүрек түкпірінен айрықша тебіреніп, тереңіне бойлап, көз майын тауысып ұзақ жылдар зерт­теген тақырыбы – Мұхаммед Хайдар Дулати мұрасы екенін айт­тық. Бұл бағытта ғалым бар қа­жырын сарқып өндіріп еңбек етті.

Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати әлем руханиятының тарихында құндылығы өте жоғары «Тарих-и-Рашиди» атты еңбек қалдырған ірі шығармашылық тұлға. Нақты деректер мен нақты та­рихи тұлғалар тағдырынан жа­зыл­­ған бұл туынды әлем тари­хы­ның алтын қорына қосылған дүние.

Алдында Әл-Фараби, Жүсіп Бала­сағұн, Махмуд Қашқари шы­ғар­машылығы туралы жа­ңа­­ша толғап, қалам тербеп жүрген про­фес­сор Әбсаттар Дер­бі­сә­лі 90-жылдардың басын­да Ду­латидің мұраларын әлем­­­дік ғылыми орталықтар мен сирек қолжазбалар қоры­нан із­деп тауып, тереңдеп зерт­теу­­ді қолға алды. Ең алдымен дү­ние­ жүзі ғалымдарының Ду­ла­­тиге қатысты жарияланған ең­бек­терін жүйелеп, бір ізге тү­сір­ді. Тұңғыш рет Дулатидің өмір­баяндық-библиографиялық анық­тамалығын ғылыми тұтас, толыққанды дүние ретінде жеке кітап етіп жариялады. Дулатидің өмірі мен шығармашылығын түгелдей қамтып, аса құнды тарихи мұра санатында сандаған дерек көздерін алға тарта отырып, оның («Тарих-и-Рашидидің») ағылшын, француз, орыс, ұйғыр, өзбек, қазақ тілдеріндегі аудармаларының ма­ңы­зы туралы өзіндік тың ой-тол­ғам­дарын батыл ұсынады.

Дулати еңбектерін зерттеуге арналған бірнеше ғасыр көле­мін­дегі жарық көрген шетел басылымдарын да назардан тыс қалдырмайды. Олардың қай мем­лекетте, қанша рет қайта кө­ші­рілгені туралы ғылыми мәлі­мет­терді де дерек көздерін тауып баяндайды.

Профессор Әбсаттар Дербісәлі тұңғыш рет ана тілімізде жарық көрген Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» ең­бе­гіне өзінің ұзақ жылдар жүр­гізген ғылыми зерттеулеріне сүйе­ніп, терең талдауға құрылған алғы­сөз жазып, осынау бүкіл әлем тарих­шы ғалымдары мойындаған әдеби-мемуарлық туындының адамзат өркениеті кеңістігіндегі алатын тарихи орнына баға берді.

Осынау әлем назарын өзіне аударған еңбегімен бірге Дулати «Жаһан наме» атты әйгілі шы­ғыс­тық үлгідегі, ең бастысы, тү­­рік­тік дүниетаным биігінен ой толғайтын, даналық сөз айта­тын классикалық поэтикалық шы­ғар­масын дүниеге алып келді. Адам тағдырының қас-қағым сәт­тік өткіншілігі мен жалған тір­­­шіліктің мәніне терең бойлай­тын ақын поэтикалық метафора, айшықты ой, даналық толғамдар арқылы және басқа да дастан жанры­на сыйымды, қиял-ғажайып оқиғаларға құры­ла­тын құнарлы көркемдік әдіс-тәсілдерге иек арта отырып, поэ­зия­лық жара­ты­лысы бөлек тағы­лымдық-тәр­би­елік маңызы тереңге тартатын көпқырлы туын­ды келтірді. Дас­тан­ның тарихи мәні де, тарихи тағылымы да осында.

Бұл дастанды тұңғыш рет қазақ тіліне ежелгі түрік (шағатай) тілінен Берлин нұсқасы бойын­ша жолма-жол аудармасын және оны Қашғар нұсқасымен са­лыс­­тыра ғылыми транскрипция­сын жасаған, алғы сөзін жа­зып, сөздігін құрастырған, түсі­нік, ескерту, аннотация және шы­­ғармашылық тарихын қоса әзір­­леген профессор Әбсаттар Дербісәлі. Ол өзінің Шыңжаң өлке­сіне жасаған іссапарында ұлы бабамыздың он сегіз жыл ғұ­мыры өткен Қашғар, Опал, Хисар, Жаркент сынды тарихи қалаларды аралап, осындағы тарихи орындардағы баба ізімен жүріп отырып, көптеген құнды мәліметтер жинайды.

Нәтижесінде, 1981 жылы Қаш­ғар қаласынан табылған дас­тан­ның қолжазба нұсқасын сон­да­ғы қазақ ғалымы Ахметбек Кіршібаевтан елге алып қайтады. Ғалым бұл қолжазбаның толық ғылыми сипаттамасын жасады. Яғни қолжазба Патлық Қотан қ­а­ғазына настағалиқ жазу үлгі­сі­мен екі бағана етіп көші­ріл­ген. Қолжазбаның форматы 16х10,5 см, ал жалпы көлемі 56 парақ. Жалпы нобайы 112 бет. Әрбір беті 13 жолдан тұрады. Бәйіттер қара сиямен, тарау тақырыптары қызыл сиямен көшірілген.

Осының барлығын ой елегінен өткізген ғалым «Жаһан наме» дастанын Дулати Бадахшандағы Қала-и Зафарды қоршауға алған 1529-1530 жылдары жаз­ғанын та­рихи деректермен дәлел­дей­ді. Сонымен бірге дастанды жалғастыруды ақын Қаш­ғар­ға қайтып оралған соң, яғни 1532 жылға дейін созғанын атап көрсетеді. Қиссаның соң­ғы нүк­те­сін Мұхаммед Хайдар Ду­ла­тидің һижраның 939 жылы­ның раджаб айында, яғни бізше 1530 жылдың наурыз айында қойғанын дәлелдейді. Бұл тұс әйгілі қолбасшы Мырза Мұ­хам­мед Хайдар Дулатидің үл­кен әскермен Қашмирде бол­ған кезеңімен сәйкес келеді. Осы­нау дастанның қазақ руханиятына қайта оралуы Әбекеңнің шы­ғар­ма­шылығында ғана емес, қазақ ғылымындағы құбылыс болды.

Енді Әбекеңнің қайраткерлігі, мемлекет ісіндегі еңбегін бір ауыз сөзбен түйіндеп өтейік. Ол 2000 жылы Қазақстан мұсыл­ман­дарының ІІІ Құрылтайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, ал 2000 жылы тамызда Босния мен Герцеговинаның аста­­насы Сараевода және 2002 жылы сәуірде Кипрде өткен Еура­зия Ислам Шурасының IV-V халық­ара­лық конференцияларында осы ұйым төрағасының бірінші орынбасары болып екі рет сайланды.

Қазақстандағы дін істерінің басшылығына шығыстанушы ғалым Әбсаттар Дербісәлінің келуі еліміз үшін үлкен игілік болды. Мемлекетіміздегі қастерлі асыл дініміз өркениет жолына түсті. Мүфтият құрылымында түбе­гейлі өзгерістер өріс алды. Оқы­мыстылар, зиялылар басқарса діннің марқаятынын, көркейетінін көрдік. Жоғары деңгейдегі білім­ді де, білікті діни кадрлар даяр­лау­ға баса көңіл бөлінді. Бас мүфти Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетін, имам­дардың білімін жетілдіретін рес­пуб­ликалық Ислам институтын ашты.

Ислам тарихын, оның терең тамырларын адамзаттық өркениет, сан ғасырлық ілім ретінде ұзақ жылдардан бері зерттеп, зерделеп жүрген Әбекең бұл мемлекеттік биік қызметінде де ақыл, парасат биігінен табылды. Дін ісіндегі мемлекеттік саясатты, ұлттық ұста­нымды үлкен білгірлікпен, сабыр­лы да салиқалы тұлғасымен ғұламалық биіктен көрініп, он екі жыл бойы Дінбасы аталатын абыройына шаң-тозаң жұқтырмады. Бас мүфти Әбсаттар қажының тұсында Республика бойынша жүз­деген мешіт ашылып, ислам дінінің нұры шашырады.

Рамазан айларында Әбекең қолына қаламын алып ұлттық газетіміз «Егемен Қазақстанның» бетінде ғибраты бөлек, тағылымды да, танымдық мазмұны өте терең мақалаларын жыл сайын жариялап отыратын.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сынұлы салған жолменен халық­тық тілде асыл дініміздің жүріп өткен кезеңдерін, Хақ елшісі Мұ­хаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өмір, тағдырын, қасиетті сахаба­лар­дың әлем жүзіне ислам дінін тарату мақсатындағы ерлік іс­терін, ғұламалардың қолымен жазыл­ған киелі кітаптардың тарихын төгілте баяндаған дүниелерін қалың қазақ оқырманы іздеп жү­ріп оқитын. Бір мақаласында Бас мүфти, Шейх Әбсаттар қажы: «Хақ елшісі (с.ғ.с.) арқылы келген ислам діні VII ғасырдың екінші жартысында Араб түбегі шеңберінен шығып, Африка мен Азия континентіне тарала бастады. Тіпті VIII ғасырдың алғашқы ширегінде Тұран даласында да Хақ діннің керімсал желі есіп, бабаларымыз да ислам дінімен қауышуға мүмкіндік алды. Ат үстіндегі майданда ешкімге дес бермейтін дала тарландары ислам дінін қылыштың жүзімен емес, Хаққа деген жа­қын бітім-болмысымен шынайы түрде қабылдады. Себебі түр­кінің тұла бойында ғылым, білім, имандылық, адамгершілік пен гуманизм, әділдікке деген құштарлықтың қаны тасып жатушы еді. Ия, біздің дүртекті дана бабаларымыз жаңа дінді қабылдап қана қоймай, оны ба­йытуға үлкен үлес қосты», - деп толғанады. Ислам діні тура­лы халықтың жүрегіне бұдан ар­тық жақындатып қалайша жаза аласың!

Әбекең тек жазуда ғана емес, сөйлегенде де шешен болатын. Мәуліт күндері Республика сарайында Алматының зиялыларын жинап, залда отырған мыңдаған адамның алдына шығып, сахна төрінен сөз бастағанына өзім талай рет куә болдым. Келген халық Дінбасы, Бас Мүфти Әбсаттар қажының сөзін ұйып тыңдайтын. Әбекеңнің әңгімесінде магия болатын. Рухани күш болатын. Мұ­сылмандық адал, таза тірші­лік­ке насихаттайтын, ислам тек қана намаз оқып, ораза тұту ғана емес, оның ауқымы өте кең екенін түсіндіретін.

 Ғылымға қайта оралып тағы да бірнеше жыл Білім және ғылым министрлігінің Шығыстану ғылы­ми-зерттеу институтына бас­шы­лық жасады. Мемлекеттік «Мә­­дени мұра» жобасының ая­сын­да шығыстану саласындағы бір­неше іргелі ғылыми жобаны жү­зеге асырды. Қаншама ақтаң­дақтардың орнын толтырды. Өзі де институт ұжымымен бірге үлгі көр­­сетіп, өнімді еңбек етті. Қа­зақ­стан Республикасы Ұлт­тық ғы­лым Академиясының мүше­лі­гі­не сайланды.

Қорыта айтқанда, туған топы­ра­ғы мен ата тегінен қасиет дарып, құт қонған, сұлу да сырбаз мінездің иесі, жүрген жерін жарық етіп күллі қазақтың жүрегіне жол тапқан ғұлама ғалым Әбсаттар Дербісәліні қалың елі ешқашан ұмытпайды. Өзі жарты ғасырға жуық көз майын тауысып жүріп іздеп тапқан, жазған, жарты әлем­ді аралап жүріп тарих парақ­та­рынан ажыратып, аршып алған ұлы бабаларының есімін ұлтына қайтарып тағылымды ғұмыр кешкен абыз жанның жылдар өткен сайын қадірі арта түсетініне сенім кәміл.

Арқалы кісіні көптің буы көтереді деген сөз бар. Несін айтасыз, көзі тірісінде Әбекең бірде Зұлпықардай жарқылдап, ұйқыдағы сананы оятып, бірде сүңгі болып тарих қатпарларында шаң қапқан ақиқаттарды жарыққа шығарды. Бірде мәуелі ағаш болып, басы жерге тигенше иіліп, қазаққа жасаған қайырымды іс­те­рімен еліне, ұлтына алғаусыз қызмет атқарды. Ғалымдығына, ғылымдағы табыстарына бірде-бір рет масаттанған жоқ.

Осыдан бір жыл бұрын ғұла­ма ғалым, халықтың тілегін­де идеал тұлғаға айналған Әбсат­тар Дербісәлі мезгілсіз өмір­ден озғанда сілтідей тынған елі үнсіз жылады. Жоқтады. Жы­­ла­май қайтеді. Ғалымның әлі де жазары, берері көп еді. Араб, шағатай, парсы, көне түрік тіліндегі аса құнды, сирек кітап­тары жинақталған құтты кітап­ха­насы, жазу үстеліндегі әлі сия­­сы кеппеген қасиетті қаламы да же­тімсірегендей. Ендігі үміт шы­рағы ұстаздың алдын көрген, аса­таяғын ұстаған жүздеген шә­кірт­тері, шәкірттері...

 

Қансейіт Әбдезұлы,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры,

филология ғылымдарының докторы, Халықаралық Айтматов академиясының академигі