Қазақстан • 04 Мамыр, 2022

Хат қоржын

489 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Хат қоржын

...қолдау білдіреді

Президент пәрмені қашанда назарда

 2022 жыл Қазақстан үшін қиындықпен басталды. Қаңтар қасіреті ел тарихына қаралы күндер ретінде жазылып, қазақстандықтар қиын күндерді бастан кешті. Ұлт бірлігі, жұрт елдігі сыналған күндер бүгінде артта қалды. Дегенмен халықтың әлеуметтік жағдайының ауырлығынан басталған бұл оқиғаның алғашқы күндерінде біраз талап қойылды. Міне, осы талаптарды орындау мақсатында және ел ертеңін еңселендіру үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын жариялады.

Өз сөзінде арандатушылар Тәуелсіздікке дақ түсіріп, егемендікке кір келтіргенін атап көрсеткен Қасым-Жомарт Кемелұлы қазақстандықтарға мемлекетіміздің елдігін сақтап қалу маңыздылығын түсіндірді. Сонымен қатар қасіретті қаңтарды қолдан ұйымдастырғандардың алдағы уақытта жауапқа тартылатындарын да ашық айтты.

Өзінің Жолдауында Мемлекет басшысы келесі ауқымды кезеңге ауысып, демократияны нығайтуға бағытталған саяси реформалар қажет екенін де көлденең тартты. Осы кезге дейінгі билік институттарының құрылымы ел егемендігін алған кезеңде, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында нәтижелі болғанымен, бүгінде өзгерісті талап ететінін, ерікті түрде ауқымды реформалар жүргізілмесе, еріксіз керітартпа өзгерістер орын алатынын атап көрсетті. Мемлекет басшысы өзінің сөзінде «Біз жаңа Қазақстанда «түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт» қағидатын берік ұстануға тиіспіз», деді. Түсінетін адамға осы бірауыз сөзде үлкен мән-мағына жатыр.

Жолдауын «Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын. Осы жолда жауапкершіліктің бәрін мойныма алуға дайынмын!» деп қорытындылаған Президент халыққа арқа сүйейтінін де анық аңғартты. Олай болса, бүгін бақытты болғысы келетін халық та өзіне тиесілі жауапкершілікті алғаны керек-ақ.

Ләззат СПАНОВА,

 экономика ғылымдарының магистрі,

 «Болашақ» университетінің оқытушысы

ҚЫЗЫЛОРДА

 

 

...жақсылығымен бөліседі

Қой қоздап, құлындар ойнақ салған өңір

«САПА-2002» ЖШС-да (бас директоры Нұржан Әшіров) 6 мыңдай қой, 400 жылқы, 450 сиыр бар екен. Ал серіктестіктің іс басқарушысы Бегалы Әшір қозылы қойдың әрбірі рацион бойынша күніне 2-3 кило түйіншектелген жем жейтінін айтып өтті. Сырлы, Құмқұдық, Жанжал атты қыстауларға барғанымызда қора маңында әлі де шөптің мол қоры барын көрдік. Бұлардағы шопан үйлері де тап-тұйнақтай екен.

«Мемлекет басшысы «Қалыптасқан халықаралық жағдайда елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үлкен маңызға ие болып отыр. Украинадағы жағдай азық-түлік бағасының күрт қымбаттауына әкелді», дей келе, ауыл шаруашылығы өнімдерін көбейтуді тапсырды. Біз соның ішінде елге сапалы ет, сүт, жүн, тері беруді міндетіміз деп санаймыз», дейді аға шопан Құлажан Қолдасов.

Бұл – бүгінгінің адамы! Әріден ойлайды! Төрткүл төңіректе не болып жатқанын көңіл көзімен барлайды. Соған сай өзінше еңбек етеді. Дала қаһарманының сөзіне тояттаған біз ілгері жүрдік. Еңісте бір үйір жылқы жайылып жүр. Құлындар асыр салып, ойнақтайды. Осының бәрі жымдасып, Құмқұдық қыстауына керемет көрік беріп тұр. Бізге қыр төсіндегі қаптаған төл құлпырған қызғалдақтай көрінді.

«САПА-2002» ЖШС жемшөп өңдеу ісімен де айналысады. 3 мың гектардай жерінен қажетті мал азығын жинап алады екен. Бұдан тыс серіктестіктің өсімдік майын шығаратын цехы жұмыс істеп тұр. Жалпы, серіктестікке биылғы көктем мол ырзық сыйлапты. Осының айғағындай, қыр төсі думанға бөленіп жатты. Жазықта бірнеше трактор жер өңдеп, тұқым сеуіп жүр.

Бізді аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрбай Қалдыкөзов қарсы алды. «Сәтін салса, биыл да қазығұрттық шаруалар олжалы болады. Ал егіншілік жағына келсек, аудан бойынша 90 328 гектар жерге әр алуан дақыл егеміз. Оған ауыл шаруашылығы техникалары сақадай сай тұр, жанар-жағармайдан да қысылмаймыз», деді.

Біздің ойымызға дана халқымыздың «Елде болса, ерінге тиеді» деген нақыл сөзі оралды.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Түркістан облысы,

Қазығұрт ауданы

 

 

…ұсынысын жеткізеді

Елі үшін еткен еңбегі ескерілсе екен

 Тарихқа сүйенер болсақ, сонау XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ мектебінің қандай болуы керегі нақтыланып, оның құрылуы қолға алына бастаған. Тіпті 1919-1920 жылдары қазақ мұғалімдерінің саны артып, ұлт мектептерін ана тілімізде оқыту жағы қарастырылған. Алайда білім ошағының жоқтығын, оқулықтың жетіспеуін айтпасқа тағы болмас. Дәл осы мәселелер сол кездегі ұстаздар үшін еш кедергі келтіре алмаған. Олар ұрпақтың келешегін ойлап, ағартушылық жолын жалғастыра білді. Солардың қатарында қазақ ауылдарында мектеп ашып, алғаш сабақ берген Бағман Кенжекеев те бар еді.

Бағман Кенжекеев 1902 жылы қазіргі Павлодар облысына қарасты Қызылжар ауылында дүниеге келген. Жастайынан күресті жанына серік етіп, балуан болған. Кереку қаласындағы мұғалімдер курсын бітіріп, Қызылағаш жеріндегі №3 ауылға жұмысқа орналасады. Сол кездегі жалындап тұрған жас ұстаз мектеп ашу қажет екенін халыққа түсіндіріп, белсенді жұмыс атқарған. Оның осындай күш-жігер жұмсауының нәтижесінде 1920 жылы Кереку уезінің №3 ауылында тұңғыш кеңестік мектеп есігін айқара ашып, онда 38 ер бала оқуға ниет танытыпты.

Бағман Кенжекеевтің біліктілігі жоғары жақтағы басшылықтың көзіне түсіп, оның оқу-тәрбие жұмысын жетілдіруге деген ынтасы мен қабілет-қарымы жоғары бағаланыпты. Осылайша, ол 1927 жылы Солтүстік өңірде тұңғыш ашылған Шөптікөл мектебінің басшылық қызметіне тағайындалған. Заман ағынымен ағартушылығы бір арнаға тоғысқан соң Бағман Кенжекеев мұғалімдік қызметін жетілдіруді жөн санап, Алматы қаласында жаңадан ашылған Абай атындағы педагогикалық институтқа оқуға түскен. Осында білім ала жүріп, аталған оқу ордасына енді түскен студенттерге дәріс оқыған.

 Иә, Бағман Кенжекеевтің ағартушылық жолында атқарған еңбектері елеулі.

«Құрмет белгісі» ордені мен «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі осы сөзіміздің айқын айғағы. 1960 жылы «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі» деген абыройлы атақ та иесін дәл тапқан деуіміз керек. Енді оның ұрпақтарының ер есімі елдің жадында әрдайым сақталса деген арманы бар. Елінің ертеңі үшін еңбек еткен, жерін жаудан қорғаған жауынгердің есімі ескеріліп, Қаскелең қаласынан атына бір көше берілсе, несі айып?

Дидар МӘЛІКҰЛЫ

Алматы облысы,

Қаскелең қаласы