ХҚКО-да 8 қызмет бойынша қағаз түрінде берілетін қолхатты қысқартты. Жақын арада барлық мемлекеттік қызмет қолхатсыз көрсетілетін болады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдиннің айтуынша, қағазсыз қызмет көрсетуге көшу бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады.
«Мемлекеттік аппаратты жалпы цифрландыру және бюрократиясыздандыру аясында миллиондаған тонна қағазды технологиялар мен онлайн-сервистерге ауыстыру қажет, біз осы бағытта жұмысты бастап та кеттік. Енді қазақстандықтарға құжаты дайын болғанда қай ХҚКО-ға жүгіну керектігі және уақыты көрсетілген sms-хабарлама келеді. ХҚКО операторына клиент қолхаттың электронды нұсқасын көрсетсе болды», деді Сүйеніш Әбділдин.
Халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандары қазақстандықтарға осы 8 қызмет бойынша жылына 6 млн-ға жуық қолхат береді (бұл қолхаттардың жалпы санының 40%-ын құрайды). Енді клиенттер құжаттарын алу кезінде қағаз түріндегі қолхатты көрсету қажеттілігінен құтылды.
Қағаздың 2022 жылы күрт қымбаттап кеткенін ескеретін болсақ, қағаз түріндегі қолхаттан бас тарту мемлекеттік корпорацияның қағазға жұмсалатын шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді.
Қолхат берілмейтін қызметтер тізімі:
Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығының тіркеу куәлігін беру және кері қайтарып алу;
Қазақстан Республикасы халқын тұрғылықты жері бойынша тіркеу;
Қазақстан Республикасы халқын тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығару;
Азаматтық хал актілерін тіркеу туралы қайталама куәліктер немесе анықтамалар беру;
Соттылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтама беру;
Жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттың телнұсқасын беру;
Жылжымайтын мүлік объектілерінің жоспарын (схемасын) қосалғанда, тіркеу органы куәландырған тіркеу ісі құжаттарының көшірмелерін беру;
Жылжымайтын мүлік объектілерінің техникалық паспортының телнұсқасын беру.
Аяна Тоғанбек