Аймақтар • 04 Мамыр, 2022

Қостанайда 50-ден астам полиция қызметкері қан тапсырды

210 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін «Мен – Отанымның қорғаушысымын, мен – донормын» акциясы басталды. Оған Қостанай полицейлері де қосылды. Алғашқы күні Қостанай облысы ПД-ның 50-ден астам қызметкері қан тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР ІІМ хабарламасына сүйеніп.

Қостанайда 50-ден астам полиция қызметкері қан тапсырды

Іс-шараға Қостанай облысы ПД түрлі құрылымдық бөлімшелерінің полиция қызметкерлері қатысты. Акцияға қатысушылардың арасында тұрақты түрде қан тапсыратындар да, Қостанай қаласының облыстық қан орталығына алғаш рет келгендер де бар.

«Менің қаным екінші оң қан тобына жатады және мен донор ретінде бесінші жыл қан тапсырып жатырмын. Адамдарға көмектесудің мұндай мүмкіндігі өте маңызды екеніне сенімдімін», дейді ақпараттандыру және байланыс басқармасының қызметкері Руслан Жылқыбаев.

«Погондардағы донорлар» қостанайлықтар да олардан үлгі алып, акцияға қосылады деп үміттенеді. Ауыр аурулары жоқ кез келген адам донор бола алады. Ішкі істер органдарының қызметкерлері үнемі медициналық тексеруден өтеді, дене дайындығы жақсы, сондықтан медицина қызметкерлері ерікті полиция қызметкерлерін көруге қуанышты.

«Тұрақты қан тапсыру әл-ауқаттың жақсаруына ықпал етеді, бүкіл ағзаның жұмысын жақсартады. Қан тапсыру 10-15 минутты ғана алады, бірақ алдымен сауалнаманы толтыру керек, бізде медициналық тексеруден өту керек. Ерлерге жылына 6 рет, ал әйелдерге 4 рет тапсыруға болады», деп түсіндірді донорларды жинақтау бөлімшесінің терапевті Айсұлу Атамбузова. 

Донорлық қан жоспарлы операциялар жүргізу үшін және қажет болған жағдайда шұғыл операциялық араласу үшін беріледі. Облыстық қан орталығы дәрігерінің айтуынша, ең сирек қан тобы – 4 топ, ал ең көп тарағаны – 1 және 2 оң қан тобы.

«Мен – Отан қорғаушысымын, мен – донормын» акциясы 6 мамырға дейін жалғасады.