Технология • 05 Мамыр, 2022

Бізге 5G керек пе?

1811 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары әлемде ұялы байланыстың жаңа буыны – 5G енгізілуде. Аталған технология туралы осы күнге дейін көп айтылды, артылған үміт те зор. Жаңа технологияның бір­қатар артықшылығы бар. Жыл­дамдығы жақсы, кідірісі аз. Өт­кі­зу қабілеті жоғары. Яғни бір шаршы шақырымға есептегенде көп құрылғының кідіріссіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Бірақ Finprom.kz-тің хабарлауынша, кемшілігі де көп көрінеді.

Бізге 5G керек пе?

Біріншіден, бұл технология­ны ен­гізу өте қымбат. Мұның алдындағы 4G-ді енгізуден кем дегенде екі есе қымбатқа түседі. Bloomberg-тің мәлі­метіне қарағанда, америкалық опера­торлардың 5G технологиясының ра­дио толқындарына жұмсаған сомасы 118,4 млрд долларды, ал 4G үшін 61,8 млрд долларды құраған. Қажетті ин­фрақұрылым да бірнеше есе қымбат.

Екіншіден, бизнес үшін бұған қар­жы салу орынды, болмаса орынсыз деген мәселе ашық тұр. 5G енгізуді тек ұя­лы байланыс операторлары ғана қамтамасыз ете алады. Мем­ле­кет­тің мұндай қадамға бармасы анық. Салынған инвес­тиция өзін-өзі ақта­маса, жеке сектор үшін мұның пайдасы шамалы. Мәселен, АҚШ-тың үш ірі операторы 5G эфиріне және желіні жаңартуға 100 млрд доллар жұм­саған. Бірақ олар бұдан ешқандай пайда көрмеді. Ол аздай технология пайда болыпты-ау деп елең еткен жан баласы жоқ.

Үшіншіден, әлемдік оператор­лар­дың орасан зор қаржылық үлесіне қарамастан, тұтынушылар анау айт­қандай айырмашылықты көрмей отыр. Халықаралық тәжірибе де осыған келіп саяды. Мәселен, Deloitte-дің Ирландияда 5G енгізу туралы есебінде 4G, 4G+ және Wi-Fi қосылыстары қазіргі уақытта тұтынушылардың қа­жет­тіліктері үшін жеткілікті еке­ні айтылған. 2021 жылы Deloitte сауал­дама­сына қатысқандардың 54 пайызы 4G мен 5G арасындағы айырмашылық жоқтығын айтқан. Яғни тұтынушының 5G-ге тез арада көшуін ынталандыратын нақты қосымша артықшылықта­ры жоқ. Әгәраки, аталған технологияға қы­зығушылық пайда болса, онда ол ұзақ мерзімді перспективаның ша­руасына айналмақ.

Сауалдамаға қатысқан тұтыну­шы­лар смартфонды таңдау кезіндегі маңызды функциялар ретінде бата­реяның қызмет ету мерзімін, сақ­тау сыйымдылығын, камераның функ­ционалдығы мен сапасын атаған. Бұл ретте 5G қолдау маңызды функ­ция­лардың тізімінде тек 10-орынға ие бол­ған. Ұлыбританияда жүргізілген зерт­теу осыны аңғартты.

«Мұндай жағдайда қарапайым пай­­даланушыға 5G енгізу тиімсіз. Мұндай жобаны техникалық тұрғы­дан іске асыру үшін қыруар қар­жы керек. Ал салынған қаржы қалай­да өтелуге тиіс. Демек, 5G-дің енгізі­луі­мен байланыс операторлары тариф­терді күрт қымбаттатуы мүмкін. Со­ны­­мен қатар айырмашылықты сезі­ну үшін тұрғындар смартфон­дарын ауыстыруға мәжбүр болады. Өйткені бүгінде көптеген пайдаланушының құрылғысы 5G-ді көтермейді. Егер Ұлыбритания мен АҚШ сияқты дамы­ған елдердегі жағдайдан алшақтап, қазақстандықтар бұған дайын ба деген сұрақ қойылса, халық тарапынан теріс жауап берілетіні анық. Себебі табыс деңгейі жоғары дамыған елдердің өзінде азаматтар артықшылығы шамалы технологияға мән бермей отыр. Онда кезекті дағдарыстан зардап шеккен қазақстандықтар үшін бұл аса қажет те емес», делінген Finprom.kz хабар­ламасында.

Қазақстанда қолданыстағы 4G инфра­­құрылымына сүйенген мобильді интернеттің жылдамдығы өсіп келеді. Бір жыл ішінде көрсеткіш бірден 38,3 пайызға – 2021 жылғы наурыздағы 13,53 Мбит/с-тан 2022 жылғы наурыз­да 18,71 Мбит/с-қа дейін ұлғайды. Қазақстандағы интернет құны әлемдегі ең төменгілердің бірі екенін ескерсек, бұл тәп-тәуір нәтиже.

Қазақстанда жылдамдығы жоғары мобильді интернет абоненттерінің са­ны да жылдам көбеюде. 2022 жыл­­ғы ­наурызда елімізде жоғары жыл­­дамдықты кең жолақты қол­жетім­ділікке ие 17 млн-ға жуық абонент­тің бары белгілі болды. Бұл өткен жылдың сәйкес ке­зе­­ңімен салыс­тырғанда 5,7 па­йызға жоғары.

Сондықтан қазір қазақстандықтарға ынта-зейінді 5G-ге ауыстырғаннан гөрі 4G-дің жаппай тұрақты жұмыс істеуіне қол жеткізу маңыздырақ. Мысалы, ұялы байланыс абоненттерінің саны бойынша нарық көшбасшысы – Beeline-ның 2021 жылдың соңындағы 4G желісінің жабындысы 81 пайызды құрады. Аталған көрсеткіш 2020 жылы 76 пайызға, 2019 жылы 68 пайызға, 2018 жылы 60 пайызға тең еді.

«Бәлкім, 5G-дің артықшылықтары біздің бизнес үшін маңызды шығар. Өйткені кідірістің аздығы мен көп құ­рылғыларды қолдау технологиялық тұр­ғыдан тиімді. Мысалы, бұл күр­делі тау-кен жабдығын қашықтан басқару үшін қажет. Сонымен бірге объектідегі мыңдаған датчиктерден көрсеткіштерді алу және өндірістің жалпы көрінісін бағалау үшін де ма­ңызды. Алайда бұл тұрғыдан алғанда да біздің кәсіпорындар мұндай жаңа­шылдыққа дайын емес. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, цифр­лық технологияларды пайдалана­тын өнеркәсіптегі ірі және орта кәсіп­орын­дардың үлесі 2021 жылы не­бәрі 9,9 пайызды құраған. Бұл анау айт­қандай жақсы көрсеткіш емес. Сон­дықтан әрбір оныншы компанияға сенім артып, сұранысы өте күмәнді тех­нологияны енгізу мүмкін емес. Қазақ­стандық бизнес бұл үшін артық қаржы шығармайды да», дейді Finprom.kz сарапшылары.

Әлбетте, жергілікті деңгейде кез кел­ген заманауи технологияны игеру үшін 5G-ді сынап көру керек. Алайда жаңа стандартқа толықтай көшу туралы әңгіме айтуға әлі ерте.