Қазақстан • 05 Мамыр, 2022

Халық өз пікірін айтуға тиіс

386 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Конституцияға түзетулер мен толықтырулар енгізудің жаңа жобасы Ата Заңның үштен бір бөлігін қамтып отыр. Еліміздің тарихындағы мұндай ауқымды конституциялық өзгерістерді жүзеге асыру көпшіліктің қатысуын қажет етеді.

Халық өз пікірін айтуға тиіс

Азаматтардың маңызды мемле­кеттік мәселелер және өз құқықтары мен мүдделеріне қатысты шешім қабылдауға тікелей қатысуының тиімді тәсілдерінің бірі – референдум өткізу болып табылады. Сондай-ақ референдум – демократиялық және құқықтық мемлекеттегі негізгі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізудің бірден-бір заңды әдісі.

Елімізде бұған дейін жалпыха­лық­тық референдумның 1995 жылы өткенін, ал Конституцияға 4 рет өз­­геріс­тер мен толықтырулар ен­гізу Пар­ламент арқылы жүзеге асқан­ды­ғын есеп­ке алатын болсақ, кезекті рес­пуб­ли­калық референдум өткізудің қазір­гі таң­дағы маңыздылығына, оның бір­қатар оң тұсына тоқталғанымыз дұрыс.

Біріншіден, бұл саяси реформалар негізінде құрылуға тиіс Жаңа Қазақ­станда мемлекеттік маңызды мәсе­лелердің қоғамдық талқыдан өтіп, барынша халықтың қолдауына ие болуы жағдайында ғана шешім табу қағи­даты жатыр. Екіншіден, халықтың рефе­рендумға қатысуы, дауыс беруі – азамат­тық қоғамның және азаматтардың саяси мәдениеті мен әлеуетін байқатады.

Әрине, еліміздегі соңғы референдумнан бері 27 жыл өткенін ескере отырып, азаматтардың өз ер­кін білдірудің бұл нысанының ұмыт бола бастағанын, ал кейінгі ұрпақ­тың референдум туралы түсінігі де жоқ екендігін мойындауымыз қа­жет. Сондықтан референдум өткізу қар­са­ңы­нда бірінші кезекте жалпы рефе­рен­дум туралы, оның өткізілу тәрті­бі, әдісі, қағидаттары мен нысаны ту­ралы, екіншіден, референдумның нақ­ты нысандары, яғни ұсынылған түзе­ту­лердің әрқайсысы бойынша көлем­ді түсіндіру жұмысын жүргізу билік органдары мен сарапшылар қоғам­дастығы үшін басты міндет болуға тиіс.

Заң бойынша референдум өткізуге бір айдан кем емес, үш айдан артық емес уақыт беріледі, ақпараттық нау­қан­ды, түзетулер бойынша талқы­лау­­лар мен пікірталастарды қазірден бас­тау өте маңызды, сондай-ақ ха­лыққа түсіндіру де қарапайым, бар­шаға түсінікті деңгейде жүргізіл­гені жөн. Жалпы, қазіргі уақытта азаматтардың басым бөлігі, оның ішінде жастар өзіне қажетті ақпаратты әлеуметтік желіден алады, яғни үгіт-насихат барысында осы жағын есепке алу маңызды. Тағы бір айта кететін жайт, 1995 жылы (1999 жылғы түзетулермен) жарияланған «Республикалық референдум туралы» Заңның да көнергенін, қоғамның қазіргі дамуына сәйкес келмейтіндігін ескер­мей болмайды. Бұл заңда әлеу­мет­тік желілер туралы, оларды сая­си нау­қанға пайдалану мәселесі айтылмаған.

Тағы бір өзекті мәселе – референ­дум өткізу барысындағы дауыс беру форматын ұйымдастыру. Конституциялық өзгертулердің барлығына келісім беру бір сұрақ арқылы ма, жоқ әлде сұрақтар мазмұнына қарай топтарға бөлініп беріле ме деген мәселе де бар. Өйткені қоғамдағы бір бапқа қатысты пікірталастың деңгейіне қарайтын болсақ, бір сұраққа қатысты келіспеушілік жалпы референдум нәтижесіне кері әсер етпей ме деген сұрақ туындайды. Қазір барлығы бір резонансты түзетуге назар аударуда, бірақ бұдан басқа өзгерістер өз кезегінде елдің саяси жүйесіндегі маңызды орын алады.

Сондықтан да конституциялық өз­ге­рістер бойынша шешім қабыл­­дай­тын азаматтарға үлкен жауапкер­шілік жүктеледі. Президент Жол­дауын­да Жаңа Қазақстанды бірге өркендету туралы айта келіп, Жаңа Қазақстан – бүгінгі буынның болашақ ұрпаққа аманаты екеніне тоқталды. Азаматтардың саяси және экономикалық басқарудың толыққанды қатысушысы болу мүм­кіндігін ескере отырып, ре­ферендумға барлығымыз қатысып, өз таңдауымыз арқылы болашағымызға жарқын жол ашуымыз қажет.

 

Алмас АРЗЫҚҰЛОВ,

Президент жанындағы Қазақстан саяси зерттеулер институтының сарапшысы