Ерекшелігі неде?
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрболат Мақашев әр аптаның сенбісінде жалғыз облыс орталығында ғана емес, Екібастұз және Ақсу қалаларында, барлық аудандарда жәрмеңке ұйымдастырылатынын айтты. Фермерлік базар салынса, тұтынушылар арзан әрі сапалы өнімге қарық болмақ.
– Ең әуелі жобаның артықшылығына тоқталайын. Фермерлік базардың құрылысы – уақыт талабы. Соңғы жылдары ұйымдастырылып жүрген сенбілік жәрмеңкенің тиімділігі зор болғанымен, кемшін тұстары да жоқ емес. Мәселен, жәрмеңкедегі сауда орындары ашық аспан аясында орналасқан. Саудагерлер былай тұрсын, тұтынушылардың өзі қыста суықтың, жазда ыстықтың зардабын көп тартады. Онда қарапайым дәретхана, қол жуатын орындар да қарастырылмаған. Ветеринарлық және фитосанитарлық зертханалар, бақылау таразылары, өтініш-тілектер мен ұсыныстар білдіретін орындар да жоқ. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сататын қатарда ұзын-сонар кезек пайда болады. Осындай кемшіліктерді назарға алып, заманауи талаптарға сай фермерлік базар ашуды қолға алдық, – дейді Н.Мақашев.
Белгілі болғандай, жаңа базардың жалпы аумағы 1 мың шаршы метрге тең. Қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым қарастырылған. Барлық типтегі көліктер, тіпті үлкен жүк көліктері еркін кіріп-шыға алады. Қоғамдық жолаушылар тасымалы реттеліп, автобус, шағын автобус және трамвай аялдамалары пайда болады. Мұнда жабынды 100 сауда орны және ашық аспан астындағы тағы 100 сауда орны ашылады. Асхана, көлік тұрағы өз алдына, сыйымдылығы 5 мың тоннаны құрайтын қойма салынбақ. Ветеринарлық және фитосанитарлық зертханаларға арнайы орындар бөлінеді. Жоба құны – 839,4 млн теңге.
Бүгінде облыста 3,5 мың ұсақ шаруашылық, жеке аулада кәсібін дөңгелетіп отырған 66,4 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері бар. Олар өнімдерін сауда орындарына тікелей өткізе алмайды. Тіпті, қайта өңдеу кәсіпорындарымен де байланыс жоқ. Өз кезегінде қала тұғындары да жаңа түскен әрі бағасы арзан өнімдерді тікелей тауар өндірушілерден сатып ала алмайды. Екі ортада алыпсатарлар ғана пайда тауып жүр. Фермерлік базардың ашылуы аталған проблемаларды шешеді деп күтілуде.
Таңнан таңдағанын алады
Фермерлік базар ашылады деген жаңалықты зейнеткерлер жылы қабылдағаны рас. Қариялар қоғамдық көлік мәселесі оң шешілсе, қаланың шетіне қатынау қиын емес екенін айтады.
– Нарықта азық-түліктің бағасы қымбаттаған сайын «Жәрмеңке өтеді», деген ақпарат жағымды естіледі екен. Біз сияқты зейнетақысын айдан айға жалғап отырған зейнеткерлер үшін жәрмеңкенің жиі өткізілуі маңызды. Шілдеде көкөністер пісе бастайды. Сол кезеңде жергілікті әкімдік өнімді тұрғындарға қолжетімді бағамен ұсыну мәселесін ойластырса екен, – дейді қала тұрғыны Қанипа Бердоңғорова.
Жәрмеңке ұйымдастырылып жүрген кездері көптеген тұтынушылар кезекті қысқарту үшін сатушылардың жәрмеңкенің әр бұрышында орналасуын сұраған еді. «Картопты бір ғана шаруашылық сатып тұр. Екі-үш кәсіпкер өз өнімін ұсынса жақсы болар еді», дейтін павлодарлықтар. Фермерлік базардың іске қосылуы аталған мәселені шешіп бермек.
Павлодар ауданындағы жеке кәсіпкерлердің бірі Николай Хохленконың айтуынша, фермерлік базардың жұмысы аптасына 3 рет ұйымдастырылса да артық етпейді. Себебі, қазір табиғи өнімге сұраныс көп. Сәйкесінше, тұтынушыларды балғын көкөніспен, етпен және сүтпен қамтамасыз етуге жол ашылмақ.
– Жәрмеңкенің уақыты шектеулі. Тұрғындардың бәрі бірдей таңмен жарысып ерте келе бермейді. Кейде тауарларымызды сатуға үлгермей, өзімізбен бірге алып кетуге мәжбүрміз. Көңіл күйіміз жақсы болса, өнімді артқа тасымалдамай, арзандатып ұсынамыз. Фермерлік базардың ашылуы өнімді өткізу бойынша апталық жоспар жасауға мүмкіндік береді. Тауар айналымы да реттеліп, ұсақ шаруалардың тынысы ашылады деп есептеймін, – дейді Н.Хохленко.
Ұлттық тауар желісінен ұтарымыз не?
Азық-түлікпен қамтамасыз ету проблемаларын шешу үшін елімізде ұлттық тауар өткізу желісін құру мәселесі көтерілгені белгілі. Көтерме-тарату орталықтарының бірыңғай кешенінен құралатын жаңа жүйе өнім бағасының негізсіз қымбаттауына тосқауыл болады деп күтілуде. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде көкөніс сақтау қоймаларының тапшылығы шамамен 70 пайызды құрайды. Кейбір өңірде көрсеткіш 90 пайызға жеткен. Салдарынан өнімді ұзақ мерзім сақтап қалудың мүмкіндігі болмай, көптеген шаруалар мол табыс табудан қағылуда. Тауарларды жедел жүктеуге мүмкіндік беретін заманауи жүк түсіру («кросс-док») және температуралық қоймалардың жеткіліксіздігі баға саясатына да тікелей әсерін тигізеді. Көтерме-тарату орталықтары желісін құру аграрлық өнім бағасын 25 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді деп күтілуде. Көтерме-тарату орталықтары өнімді сақтау және қайта өңдеу, тарату мен өткізуге дейінгі мамандандырылған қызметтерді ұсынады. Тауар өткізу жүйесін 3 кезеңде іске қосу ұсынылып отыр. Алғашқы кезеңде ауыл шаруашылығы тауарларын сақтауға бағытталған 5 көтерме-тарату орталығы Павлодар, Жамбыл, Алматы және Түркістан облыстарында салынады деп жоспарлануда.
Бірден айтайық, облыс аумағында 2 орталық бой көтереді. Бірі – Ақсу қаласында, екіншісі Павлодар ауданында салынбақ. Ақсудағы орталықта жылына 18 мың тонна, Павлодар ауданында 35 мың тонна өнім сақталатын болады. Қалған облыстардағы орталықтардың әрқайсысы 20 мың тонна азық-түлік сақтауға қауқарлы. Жалпы, 5 орталықтың аумағы – 104 мың шаршы метр, сыйымдылығы – 113 мың тонна. Ақсудағы орталықтың құны – 7,5 млрд теңге, ал Павлодар ауданында іске қосылатын жобаның бағасы 12,5 млрд теңгеге тең. Өзге облыстағы орталықтың құны 8,5 млрд теңгеге бағалануда. Өнімді сақтауға арналған орталықтар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері көп шоғырланған аумақта пайда болмақ. Яғни логистикалық мәселелер есепке алынады. Мұнда фермерлер көкөністі тазалауға, іріктеуге, қаптауға мүмкіндік алады.
Қорыта айтсақ, азық-түлік өнімдерінің бағасы қымбаттап жатқан уақытта билік өкілдері бағаны тұрақтандырудың жаңа тетіктерін ойластырғаны игі. Фермерлік базардың ашылуы сондай қадамдардың бірі екені анық. Мұндай жобалар жүйелі іске асса, сатушылардың да, сатып алушылардың да ұпайы түгел болмақ.
Павлодар облысы