Естеріңізге салсақ, биыл грантқа үміткерлер ҰБТ-ны екі рет тапсыру мүмкіндігіне ие. Ал талапкерлер тестілеудің екі кезеңінде бейінді пәндердің бір комбинациясын ғана таңдай алады. Биыл облыс бойынша 4 307 оқушы «түлек» мәртебесін иемденген. Облыстық білім беру басқармасы басшылығының хабарлауынша, мамыр және маусым айларында өтетін ҰБТ-ға тіркелу әлі басталмапты. «Ұлттық тестілеу орталығының сайтында тіркелу іске қосылғаннан кейін түлектер аталған айларда тесті тапсыру күні мен уақытын өздері таңдайды», дейді басқармадағылар.
Жуықта Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев әлеуметтік желіде ҰБТ-ны тапсыру барысында бірнеше жаңашылдықты жариялады. «Компьютерде калькулятор, Менделеев және тұздардың ерігіштік кестесі болады. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша тестілеу уақыты, яғни 40 минут беріліп, оларға суретсіз, сызбаларсыз және диаграммаларсыз тест нұсқалары жасалғанын атап өткеніміз жөн. Ал ҰБТ-ға қатысушыларға тестілеу аяқталғаннан кейін экранда, жеке кабинетінде «Жеке тақырыптық талдау» қолжетімді», дейді Р.Емелбаев.
Белгілі болғандай, «Қазақстан тарихы» пәні бойынша тест тапсырмаларының саны өзгеріссіз сақталып, контекстік тест тапсырмалары енгізілген. «Құқық» білім беру саласы бойынша шекті балл 75-ке өзгерген. Ал өзге салалар бойынша өзгерістер жоқ.