Таным • 05 Мамыр, 2022

Батыр қызы халқымның

1546 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Биыл майдан даласында ерлікпен қаза тапқан қазақтың даңқты батыр қызы Әлия Молдағұлованың туғанына 97 жыл, өзі азат ету жолында көз жұмған Новосокольники қаласына 120 жыл толады. Аталған қалада бес рет болған мен үшін Әлия мен Новосокольники сөздері егіз ұғым болып қала бермек.

Батыр қызы халқымның

Суретте: Новосокольники қала­сын­да­ғы Әлия Молдағұлова ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі

Ресейдің Псков облысындағы Ново­со­кольники қаласы жаудан 1944 жылдың 29 қаңтарында Ленинград-Новгород операциясы кезінде азат етілді. Дәл осы күні Новосокольникидің азат етілу құрметіне Мәскеуде 124 зеңбіректен 12 дүркін артил­лериялық отшашу берілген. Бұл қаланы немістерден азат ету жолында Әлия апамызбен бірге мыңдаған кеңес жауынгері қаза тапқан еді. Сол өңірдегі батыр қыз жатқан Монаково бауырластар зиратында 2,5 мың жауынгер жерленген болса, оның 730-ы, яғни үштен бірі – қазақстандық.

Бес сапардың екеуіне Логистика және көлік академиясы студенттерімен бірге бардым. Соңғы сапар хақында осы ма­қалада баяндамақпын. Әңгімені Ново­сокольники аудандық «За урожай» га­зе­ті­нің Ұлы Жеңіске арналған нөмі­рінен жарияланған естелікпен бас­та­мақ­пын.

Әлия Молдағұлованың майдандағы дивизия командирі, гвардия полковнигі Николай Уральскийдің соғыстан кейінгі жылдардағы естеліктерінің бірінде батыр қыз туралы жылы пікір айтылған.

«1943 жылдың жазында жау әскерлер әлі де болса күшінде еді. Майдандағы, оның ішінде өзім басқаратын бригаданың қор­ғаныс аумағында жағдай шиеленісе түс­ті. Осы тұста әскери құрам ішінде кең ауқым­ды саяси жұмыстар жүргіздік. Өткен қыс мезгіліндегі Қызыл Армия жүр­­­гізген ұрыстың нәтижелері туралы ә­ң­­гі­ме айттық. Бригада бөлімшелері өткіз­ген ұрыстың тәжірибелерін, жекеле­ген жауынгерлер мен командирлердің шебер­ліктерін үлгі етіп үйреттік.

Бірде мен алдыңғы шептен кеш келдім. Үстелде керосин шамы жанып тұр. Капитан Алпатов штаб бастығы, подпол­ков­ник Иван Викторович Рудоймен телефон арқылы байланысып, әскери ахуал жайын білді. Мен тамақтануға кірістім. Кенет мені армия штабымен байланыстыратын телефон шыр ете қалды. Тұтқаны көтеріп, тыңдап тұрмын.

– Хабарласып тұрған полковник Го­ро­хов. Сәлеметсіз бе, Николай Мат­вее­вич, – деп Горохов менімен аман­дасты.

– Сәлеметсіз бе, полковник жолдас, – дедім.

– Немістер қалай болып жатыр?

Мен бригаданың майдандағы жағда­йын айтып бердім.

– Сені қуантпақшымын, – деді Горо­хов.

– Немен қуантпақшысыз? – деп қайта сұрадым.

– Саған мергендер командасын жі­бер­дім.

Мен бұл жерде бір қателік жібердім. Гороховтан қанша мерген жібергенін сұрамадым. Шынтуайтына келгенде, ол кезде тек бригадада ғана емес, бүкіл армияда біздің қыздарымыздан жау солдаттары мен офицерлерін аңдитын мергендер шығатыны туралы ешкімнің ойына келмеген еді.

Ертеңіне бригаданың кадрлар бөлі­мі­нің бастығы полковник Андреев мергендер командасы келгенін айтып, «Олармен кездесе аласыз ба?», деп сұрады. Менің жаңадан келген кез келген әскерилермен әңгіме өткізетінім бар. Ал бұл жерде бү­кіл бір команда, оның үстіне мергендер. Андреевке олармен міндетті түрде әңгімелесетінімді айттым. Әңгімелесуге келе жатырмын. Андреев «Түзел!» деген команда берді. Мен жақындай бере «Тік тұр!» деген екінші команда берілді. Сапқа жақындай келе «Сәлемет пе, мерген жолдастар» дедім. Көңілді дауыспен топ:«Саулықта болыңыз, жолдас гвардия полковнигі!» деп жауап берді. Менің мергендерім шалбар емес, юбка кигендер болып шықты. «Керегі осы еді», деп ойладым.

Оларға майдандағы шынайы жағдай­ды айттым, алға мақсаттар қойып, әке ретінде сәттілік тіледім. Алдымен оң қа­нат­қа келдім, кеудесін тік ұстаған, бой­шаң келген жауынгер қызды көрдім. Ке­йін сол қанатқа бардым. Мерген қыздар бойлары бойынша сап түзегендіктен, сол қанатта аласа бойлы, көзі де, шашы да қара мерген қыз тұрды. Мен Андреевке қарап:

– Бұл кім? – деп оған сол қанаттағы жауынгерді көрсеттім.

– Мерген Молдағұлова, жолдас гвардия полковнигі.

– Мерген? – деп қайта сұрадым.

– Дәл солай! – деп жауап берді ол.

Мен Молдағұловаға тағы бір қарап шықтым. Маған Әлия өте жас әрі өте нәзік көрінді. Андреевке қарап, бұйрық бердім.

– Жараланған жауынгерлерге картоп тазалау үшін Молдағұлова ас үйге жі­берілсін. Бұрылып кете бергенім сол еді, Молдағұлова жолымды бөгеп тұра қалды. Мен оған қарап тұрмын, ол кір­пі­гін қақпай маған тіке қарап тұрып:

– Жолдас гвардия полковнигі, мен майданға картоп тазалау үшін емес, фашистерді жоюға келдім, – деді. Не айтарымды білмей қалдым. Қыздарға қарап үндемей тұрмын. Молдағұловаға қайта қарадым, ол қайталап жатыр:

– Иә, жолдас гвардия полковнигі, не­міс­терді құртуға келдім.

Молдағұлованың назарын басқаға ауда­ру мақсатында оның мылтығын қолыма алдым, бекітпесін ашып, оқпан арнасын қарасам, айнадай жалтырап тұр. Мерген көздегішінің қаптамасын ашып қарасам, онда да шаң ізі жоқ, иық тірегішке шейін қарадым, Молдағұловадан мін табу мақсатында шаң ізін іздедім. Кенет иық тірегіштегі: «Үздік мергендігі үшін комсомолдың Орталық комитетінен», деп ойып жазылған жазуға көзім түсті. «Менің алдымда Қызыл Армияның озат мергені тұр, мен оны қалайша картоп тазалауға жібермекшімін» – деген оймен көзіне қарап тұрмын. Екеуміз үнсіз біраз тұрдық.

– Міне, сен қандайсың? – дедім кенет.

– Иә, мен сондаймын, жолдас гвардия полковнигі, – деп Молдағұлова үн қатты.

– Ендеше, фашистерді жоя бер, Молдағұлова, – деп, тоқ етерін айттым.

Батыр қыз атанатын Әлия Молдағұло­ва­мен алғашқы таныстығым осылай болды», деп аяқтайды өз жазбасын гвардия полковнигі Николай Уральский.

Әлия апамыз 1944 жылдың 14 қаң­та­рында Новосокольники маңындағы Насва темір жол стансасы үшін болған ұрыста жауынгерлерді шешуші шайқасқа бастап, қаһармандықпен қаза тапты.

Академиямызда жыл сайын Ұлы Же­ңіс мерекесі қарсаңында ашық кура­тор­­лық сағаттар, патриоттық кеш­тер өткі­зі­ліп тұрады. Академия студент­те­рі­нен құралған делегация батыр апамыз жерленген Ресейдің Псков облысына жасаған сапарларын әңгімеге арқау ететін. Оның бірі Ұлы Жеңістің 65 жылдығында ұйым­дастырылса, екіншісі 2017 жылы Ново­со­коль­ники қаласының 115 жылдық мерейтойына орай өтті.

Академия делегациясы үш жылдай оккупацияны бастан өткерген, ірі темір жол торабы саналатын Ресейдің Псков об­лысы, Новосокольники қаласының мерейтойына той иелерінің шақыртуымен барып қайтты.

 «Сапар барысында бірнеше іс-ша­раға қатыстық. Монаково бауырлас­тар зиратындағы Әлия Молдағұлова мен оның қаруластары бейітіне жергілікті тұр­ғындармен бірге гүл шоқтарын қойып, тағзым еттік. Бұдан кейін Әлия апамыздың есімін иеленген Насва ауыл­дық орта мектебінде орналасқан батыр қыз­дың музейін араладық. Аудандық кітапханада қала тұрғындарымен кездесу өткізіп, Әлия апамыз бен басқа да жауынгерлердің ерліктері туралы әң­гіме-сұхбат жүргіздік», дейді делегация құрамындағы студенттер.

Академия делегациясы жергілікті балалар үйіне барып, оларға ойыншықтар мен кеңсе тауарларын тарту етті. Балалар үйінің қажеттіліктеріне жарату үшін 15 мың рубль табыс етті.

Қайтар жолда делегация мүшелері Мәскеудегі Молдағұлова даңғылымен жүріп өтіп, Әлия Молдағұлова атындағы №402 мектеп-лицей ауласында орна­лас­қан батыр қыз ескерткішіне гүл шоқ­тарын қойды.

2019 жылдың қазан айында Ресейдің алғашқы жоғары техникалық оқу орын­да­рының бірі император Александр I атындағы Петербор мемлекеттік қатынас жол­дары университетінде біліктілікті арт­­тыру бойынша тағылымдамадан өтуге тура келді. Әлия апамыздың сүйікті қа­ла­сы болған Санкт-Петербургке барып тұрып, ол оқыған №140 мектепке ат басын бұрмау мүмкін емес еді. Директор Е.М.Ростунова мен тарих пәнінің мұ­ға­лімі К.Артемьев жылы шыраймен қар­сы алды. Әлияның музейі кішкене бір бөлмеде орналасса да, іші тап-таза, экспонаттары рет-ретімен жинақы қойылған.

Петербордағы қазақ қауымдастығы қоғамының төрағасы Шерхан Әбіловтің басшылығымен Кировск қаласындағы Сұлтан Баймағамбетов атындағы мектеп-гимназияға жолымның түсуі өзіме де күтпеген жайт болды.

Мектеп ауласына батыр ескерткіші қо­йылған, музейде ағамызға арналған бұрыш бар. Мектеп ұжымы батырдың Қостанайдағы туыстарымен тығыз байланыста екен. Мен де мектеп директоры М.Р.Ганеева және бір топ оқушымен бірге ескерткішке гүл шоқтарын қойып, қазақтың тағы бір ержүрек ұлының рухына бас идім.

 

Кеңес ЖҮСІПОВ,

Логистика және көлік академиясының профессоры, техника ғылымдарының кандидаты