Кері байланыс мәселесі жергілікті шенеуніктерге де байланысты. Өкінішке қарай, көп басшылар жалтарма жауаппен ғана шектеледі. Мұның аяғы жалған уәде беруге алып барады. Бүгінде Жамбыл облысында да кері байланыс көңіл көншітпей тұр. Мәселен, осы күнге дейін Шу, Меркі, Мойынқұм аудандарында халықтан түскен сауалға мүлде жауап берілмеген. Бұл ретте облыс әкімінің баспасөз хатшысы Данияр Асқарұлы өз деңгейінде жауап берілмегендіктен немесе сапасыз жауап берілгендіктен, қарапайым мәселенің өзін әлеуметтік желі қолданушылары облыс әкімін белгілеп, республикалық деңгейде көтеріп жататынын айтады. «Тағы да айта кететін мәселе, өңірдің баспасөз қызметіне республикалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен көптеген сауал-хаттар түсіп отырады. Бұл хаттар негізінен облыс әкімінің атына түседі және оған да әкімнің атынан жауап беріледі. Осы ретте жауап беруде бірқатар кедергі туындап жатады. Аудандар мен басқармалардағы тиісті мамандардан сапалы және уақтылы жауап алу қиынға соғады», дейді Данияр Асқарұлы. Мұндай жағдайды тілшілік тірлігімізде басымыздан біз де өткергенбіз. Қазір жұмыс істеудің тиімді тәсілі көп. Мәселен, Жуалы ауданындағы «Қаралма» тау-шаңғы базасының құрылысы мен қаржысына қатысты мәселе біраз уақыттан бері көтеріліп келеді. Алайда жауапты мекемелер мұның жауабын бір-біріне сілтеп отыр. «Тараз» ӘКК» АҚ толық жауап бере алмайтынын айтса, туризм, құрылыс және кәсіпкерлік сияқты үш үлкен басқарма да аталған нысанның құрылысы мен қаржысы өздеріне қатысты емес екенін айтуда. Сонда мұның жауабын аталған мекемелер, оның басшылары білмегенде кім біледі деген ой келеді. Әрине, өңірдегі мәселе жалғыз бұл емес. Бүгінде жауабы берілмей жатқан талай сауалды айтуға болады.
Қарапайым тұрғындар түрлі мәселені басылым бетінде және әлеуметтік желіде ғана емес, бүгінде «Jambyl 109» қызметіне қоңырау шалу арқылы да жеткізе алады. Бүгінге дейін мұнда да көптеген өтініш түскен. Алайда кері байланыстың нашарлығы бұл жерден де анық көрінеді. «Жамбыл облысы бірыңғай диспетчерлік қызметі» мекемесінің басшысы Бақкелді Тұрсынбектің айтуынша, биыл 18-25 сәуір аралығында 895 тұрғыннан Call-байланыс орталығы, Instagram, WhatsApp, Telegram және Facebook арқылы өтініштер түскен. Өтініштер тиісті атқарушы және жауапты мекемелерге жолданған. Оның ішінде 318 жағдай, 17 арыз, 12 ұсыныс және 5 алғыс, 539 кеңес берілген. Мәселен, түскен өтініштердің ішінде 6 өтініш мерзімінен кешіктіріліп жабылған. Оның ішінде облыстық ветеринария басқармасы, Тараз қалалық тұрғын-үй және коммуналдық шаруашылық бөлімі мен «Жасыл Ел-Тараз» сияқты мекемелер бар. Ал қалған 12 мәселенің мерзімі ұзартылса, 12-сіне мүлдем жауап берілмеген. «Мысалы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан ағымдағы жылы 94 өтініш тіркелген. Оның 70-іне мерзімді жауап ұсынылған. Ал 12-сіне мерзімінен кешіктіріліп жауап берілген. Соңғы уақытта тұрғындар тарапынан «109 қызметіне» терапевтің қабылдауына жазылу бойынша көп өтініш түскен. Аталған мәселені шешуде «Damumed» ЖШС-мен интеграциялау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, биыл 1 мамырдан бастап қала тұрғындарын отбасылық дәрігердің қабылдауы «109 қызметі» арқылы іске асырылады. Сонымен қатар емханаларда дәрігерлердің жұмыс кестесіне байланысты да тұрғындардың шағымдары көбеюде», дейді Бақкелді Тұрсынбек.
Бұл ретте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев кері байланыс жұмыстарында кемшіліктің бар екенін мойындайтынын, мұның бәрі тікелей ұйымдастырушының кінәсі екенін жеткізді. Яғни бір өңірдің бас дәрігерінің сылтауы – кері байланыспен жұмыс істейтін адам демалысқа кеткен. Орнына уақытша адам алмаған. Яғни бұл міндетті басшы ешкімге жүктемеген. Сол сияқты, кері байланыс бойынша сын облыстық кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына да айтылуда. Аталған басқарма басшысы Аспандияр Сейсебаев болса, өзіне мәселе көтеріп ешкімнің хабарласпағанын айтады.
Сондай-ақ облыстық полиция департаментіне биыл I-тоқсанда 22 өтініш тіркелген. Атап айтқанда, жол белгілерін қою мен алып тастау, заңсыз орнатылған қаладағы жасанды жол кедергілерін алу және заңсыз тасталған күл-қоқыстарға айыппұл салу мәселесі тұрғындарды жиі толғандырады. Бірақ көтерілген бұл сұрақтардың бірде-бірі шешімін таппаған.
Шыны керек, бүгінде кері байланыс дегенде, көптің көзіне әуелі әлеуметтік желі елестейді. Мәселен, белгілі бір бұқаралық ақпарат құралының бетінде кәсіби журналист мәселе көтереді. Ал сондай келесі мәселені түрлі әлеуметтік желіде кез келген адам жаза алады. Заман ағымына қарай бұл қолжетімді. Әрі бұған тосқауыл қою да мүмкін емес. Бірақ облыстағы көптеген мекеме басылым бетінде көтерілген мәселе бойынша жауап беруге салғырт. Бірді-екілі жағдай болмаса, бұл мәселе кенже қалуда. Жалпы, кері байланыс көпшіліктің көңілінен шықпай тұр.