Пікір • 06 Мамыр, 2022

Әділеттілік қағидаты салтанат құрады

277 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында суперпрезиденттік модельден президенттік-парламенттік модельге ауысамыз деп айтты. Өйткені басқарудың дәл қазіргі моделі елімізде орын алған «Қаңтар қасіреті» секілді келеңсіздіктерге түрткі болды. Билік пен күштің бәрі бір адамның қолына шоғырланса, мемлекеттік механизмнің жұмысына теріс әсер етеді. Мұның бәрі халықаралық тәжірибеде дәлелденген дүние. Сондықтан Президенттің бұл қадамы құптауға тұрарлық. Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстанда әділеттілік қағидаты салтанат құратынын да баса айтты.

Әділеттілік қағидаты салтанат құрады

Жалпы, билік тармақтары бір-бірімен біте қайнасып, бірін-бірі толықтырып тұруы керек. Мәселен, заң шығарушы және атқарушы органдардың арасында өзара келісімнің болғаны маңызды. Яғни шешімді бір ғана адам қабылдамауы керек. Қандай жағдай болсын өзге органдармен бірлесе отырып, ортақ келісім шығарылуға тиіс. Сонда мемлекеттік механизм жақсы жұмыс істейді. Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы да жақсарады. Әлбетте, оң өзгерістер бірден байқалмауы мүмкін. Бірақ алдағы жарты жыл, бір жыл көлемінде оң өзгерістердің өзі көрініс бере бастайды. Мемлекеттік органдардың жұмысы дұрыс жолға қойылса, бұқараның билікке деген сенімі де күшейеді.

Қазір осы бағытта Конституцияға өзгерістер әзірленіп жатыр. Мәселен, Президенттің ешқандай партияда болмауы, оның жақын туыстарының жоғары лауазымды саяси қызметтерге алынбауы секілді нормалар енгізіледі. Жалпы, кез келген норма еліміздің тәуелсіздігіне, тұтастығына, прин­цип­теріне қарсы келмеуі керек. Президент жобаны Конституциялық кеңеске осыны анық­тап, оң қорытынды алу үшін жолдайды.

Сосын адам құқығын қорғау деген үлкен жүйе бар. Елімізде Конституциялық сот пайда болады. Бұл Конституциялық кеңестің орнын басады. Конституциялық кеңес – саяси орган, сот емес. Бұған қарапайым азаматтар жүгіне алмайды. Конституциялық кеңеске Сенат пен Мәжілістің төрағалары, депутаттар, Үкімет басшысы секілді үркердей топ қана жүгінеді. Ендігі жерде бұлай болмайды. Конституциялық сотқа конституциялық құқығы бұзылған адамдардың бәрі жүгіне алады. Ол Жоғарғы сот инстанциясы емес, іс жүргізудің жоғары формасы. Оның ерекшеліктері көп. Оған жүгінетін субъектілер де көбейді.

Ұсынылып отырған жаңашылдықтарға сәйкес Парламенттің рөлі күшейеді. Бізде осы күнге дейін пропорционалды сайлау жүйесі ғана жұмыс істеді. Яғни депутаттар партиялық тізім бо­йынша сайланды. Сайлаушылар дауыс­ты тиісті кандидаттарға емес, партияға береді. Енді бұған мажоритарлық сайлау жүйесі де қосылмақ. Яғни партияда жоқ адамдар да сайлауға түсе алады. Бұл өте дұрыс. Халықтың бәрі партиялардың ұстанымын ұстана бермейді. Сондықтан мажоритарлық жүйе кез келген адамның Мәжілістен орын алуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ Президенттің партия басшысы болмауы да орынды.

Қазақстан халқы Ассамблеясынан 9 депутат тағайындалатын. Оның квотасы Сенатқа ауысады әрі қысқарды. Сенат депутаттары тікелей емес, жанама жүйелер арқылы іріктеледі. Сондай-ақ бұрын заңды екі палата қабылдайтын. Енді бұл құзырет Мәжіліске беріліп отыр. Ал Сенат мақұлдап, келісімін береді. Келісімін бермеуі де мүмкін. Мұның бәрі бірін-бірі толықтыратын тетік.

Бұрын Президент ешкіммен келіспей Конституциялық кеңестің төрағасын, Жоғарғы сот кеңесінің төрағасын тағайындайтын. Енді Конституцияға өзгерістер енгізілгеннен кейін Президент өздігінен тағайындай алмайды. Міндетті түрде Сенаттың келісімін алуы керек. Сонда кандидатты таңдарда Президент қана емес, Сенат депутаттары да жауапкершілік жүгін арқалайды.

Референдум туралы бірер сөз. Біздің елде референдум көп болған жоқ. Соңғы рет 1995 жылы өтіпті. Соған қарамастан біздің қоғам референдум өткізуге дайын деп есептеймін. Президент референдум өткізу туралы бастаманы тектен-тек көтеріп отырған жоқ қой. Ол да қоғамда айтылған пікірлерді ескеріп отыр.

 

Ермек АБДРАСУЛОВ,

заң ғылымдарының докторы,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры,

Конституциялық реформа жөніндегі жұмыс тобының мүшесі