Қазақстан • 06 Мамыр, 2022

Қазақстан армиясы: Отыз жылғы белес

460 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Осыдан отыз жыл бұрын Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы генерал-лейтенант Сағадат Нұрмағамбетовтің басшылығымен елімізде жаңа Қарулы Күштерін қалыптастыру жөніндегі дайындық жұмыстары басталған еді.

Қазақстан армиясы: Отыз жылғы белес

Заманауи әскерді құру үшін әскери доктринаны белгілеп, дамудың заңнамалық базасын құру қажет болды. Сол жылдары құқықтық қолдану негіздерін, Қарулы Күштер құрылысының тұжырымдамасы мен тетіктерін әзірлеу, қару-жарақ пен әскери техниканы сақтау мәселелерін шешу, сондай-ақ жеке әскери кадрларды даярлау бойынша орасан зор жұмыс атқарылды.

Жаңа міндеттер ендігі жерде жеке құрамның санын емес, дайындық сапасын талап етті. Өз қарулы күштерімізді құру әскерлердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілетін арттыру мәселелерімен қатар, әскери кадрларды даярлау жүйесінде де елеулі өзгерістерді талап етті. Атап айтар болсақ, тәуелсіз Қазақ­стан әскерін құру сәтінде офицер­лер­­дің штаттық санының тек 40-45 па­йызы елімізде қалған еді. Әс­ке­ри мамандардың өз тари­хи отан­­дары­на – жаңадан құрыл­ған мем­лекет­теріне жаппай көшуі офи­цер­лердің жауынгерлік тәртібіне айтарлықтай кері әсер етті.

Қарулы Күштеріміз құрыла бас­таған кезде, яғни өткен ғасыр­дың 90-жылдары, мен полковник әскери шенінде Алматы жоға­ры жалпыәскери училищесіне бас­шылық еттім. Сол кезде әскери кадр­ларды Кеңес Одағының Мар­шалы И.С.Конев атындағы Алматы жоғары жалпыәскери ко­ман­далық училищесі (АВОКУ) бар болғаны екі мамандық бойын­ша даярлайтын. Сол себептен оқу орны офицерлік кадрларды даяр­лаудың көпсалалы жүйесіне ауыс­ты­рылды. 1993 жылдан бастап Қор­ғаныс министрлігі училищені кеңейту туралы шешім қабылдап, ол төрт мамандық бойынша ал 1994 жылдан бастап 11 әскери ма­мандық бойынша кадрларды даяр­лай бастады. Мотоатқыштар бөлімшелерінің командирлерінен басқа, біз болашақ танкішілерді, автомобилистерді, байланысшы­ларды, саперлерді, тәрбиеші офи­церлерді, тыл офицерлерін оқыта бастадық. 1996-1997 жылдары, десантшылар мен әскери техника мамандарын даярлайтын тағы екі мамандық ашылды.

1992-1998 жылдар аралығында Қарулы Күштерді қайта құру процесі өтті, ал 1999 жылдан бастап түбегейлі реформалау басталды. Генералдар мен офицерлеріміз тағ­дырларына жазған өтпелі кезеңнің қиындықтары мен сынақтарына абыроймен төтеп беріп, елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуді жалғастыра берді.

1997 жылы Алматы жоғары жалпы­әскери командалық учили­щесі Қазақстан Республикасы Қару­лы Күштерінің Әскери академиясына айналды. Осылайша, біз жоғары дәрежелі офицерлерді өз елімізде оқыта бастадық. Еліміз тәуелсіздік алған кезде республикада тек екі әскери оқу орны болды: Кеңес Одағының Маршалы И.Конев атындағы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училище және Ф.Дзержинский атындағы Жоғары шекара командалық училище. Қазақстанда әскери салада ғылыми-зерттеулермен айна­лыс­қан бірнеше ғана ғалым болды.

Кейіннен академия жанынан адъюнктура, диссертациялық кеңес, ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Диссертациялық кеңес жедел-тактика өнері, әскери стратегия, әскери техника, әскери тарих бағыттары бойынша ғылыми еңбектерді қорғауға қабылдай бас­тады. Бастапқы кезеңде біз Ресей­ден әскери ғалымдарды тарттық, азаматтық жоғары оқу орындарынан қорғаныс ісі саласындағы мамандарды шақырдық. Осылайша, 7-8 жыл ішінде тәуелсіз Қазақстан аумағында деңгейі басқа елдердің стандарттарынан еш кем түспейтін өз офицерлерімізді даярлауды жолға қойдық.

Ғылыми зерттеулерсіз Қарулы Күштердің дамуы мүмкін емес. Әскери академия қорғаныс зерт­теу­лері аясында ғалымдарды даярлау алаңына айналды. Академияны құру туралы дер кезіндегі шешім­нің арқасында бүгінде елімізде жүзден астам әскери ғалым қызмет а­т­қарады. Әскери ғылымды іл­гері­лету үшін кейіннен Ұлттық қор­ғаныс университеті құрылды және оған Елбасының есімі берілді.

Қазіргі уақытта Ұлттық қор­ғаныс университетінде және басқа да әскери оқу орындарында ға­лымдар жеткілікті. Әскери стра­тегия мен тактикадан бөлек, ма­ман­дар жауынгерлік техниканы дамытуға назар аударған. Мы­салы, ұшқышсыз ұшу аппараттары, радио­станциялар отандық ғы­­лым өкіл­дерінің күшімен жетіл­дірі­луде. Қазір елімізде әскери өнім өндір­етін 30-ға жуық зауыт бар. Қор­ғаныс өнеркәсібі тиісті ми­нистр­ліктердің құрамдас бөлігіне айналды.

Қазақстан Әскери доктринаны 5 рет қабылдады. Бұл маңызды құжат үнемі жетілдіріліп отырады. Соңғы доктринада белгі­лен­­ген кейбір мәселелер тек армия­ға ғана емес, сонымен қатар бас­қа құрылымдарға да қатыс­ты, мы­салы ішкі саясатқа жауап­ты ме­кемелерге. Ең жаңа әс­кери док­­т­ринаға «гибридтік кү­рес», «ки­бер­қауіпсіздік» және «ақ­па­раттық қауіпсіздік» сияқты ұғым­дарды енгізу мемлекетіміздің қазіргі заманғы сын-қатерлерге жедел ден қоятынының айқын көрсеткіші. Әскери доктриналарымыздың бас­ты ерекшелігі – стратегиялық құжаттың тек қорғаныс мақсатын көздейтінінде.

Осы жылдың қаңтар айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовты та­ныстыра отырып, Қарулы Күш­терге ерекше талаптар қойыл­ғанын атап өтті. «Армия тәуелсіз­дігіміздің тірегі және мемлекет мүдделерінің қорғаны болуы керек», деді Жоғарғы Бас қолбасшы.

Мәжіліс отырысында сөй­леген сөзінде ел Президенті қазақ­стан­дық жастарға патриоттық тәр­бие беру мәселесіне баса назар аударды. Мемлекет басшысы көптеген жас қазақстандықтың қарулы күштеріне қызмет етуге баруға қор­қатынын атап өтті. Алайда қазақ­стандық әскерінің ең үздік дәстүр­лері Ұлы дала аума­ғын жан­қияр­лық­пен қорғаған батыр­лары­мыздың ерлігінің жалғасы болып табылады.

Әскерді одан әрі дамыту мәсе­ле­лері жөніндегі наурызда өткен ке­ңесте Президент әскери қызмет­шілер­дің әлеуметтік мәртебесін, әскери қызметтің беделін арттыру және жастарды әскери боры­шын орындауға ынталандыру қажет­тігі туралы да айтты. Кеңес қоры­тын­дысы бойынша Президент Қару­лы Күштерінің мемлекет мүдде­сін, оның әрбір азаматының қауіпсіз­дігін қорғауға тиіс екенін атап өтті.

Алайда біздің жаңа тарихымызда да әскери-патриоттық тәрбие беру тұрғысынан елеулі қателіктер жіберілген. Мысалы, кейбіреулер бастапқы әскери дайындық сияқты мектеп пәнінің қажет­тілігін жоққа шығарды. Осы­лайша, БӘД (НВП) 1992 жылы сол кездегі Жоғарғы Кеңестің кейбір мүшелерінің бастамасымен мектеп бағдарламасынан алынып тасталды. Депутаттар әскери даярлықты оқытатын офицерлер оны заманауи талаптарға сәйкес ұйымдастыра алмайтынын алға тартқан еді. Дегенмен көп ұзамай барлығы мұндай оқу пәнінің қажет екендігіне көз жеткізіп, 1996-1997 жылдары оны мектепке қайтару үшін күш салынды. Керейхан Аманжолов бастаған авторлар тобының құрамында оқулық жазып, бұл пән оқу бағдарламасына қайта оралды. Бірақ бұрын оған 146 сағат бөлінсе, қазір бар болғаны 43 сағат көлемінде оқытылады. Бастапқы әскери даярлықтың жас­тарды патриоттық тәрбиелеу мәселесінде зор ықпал ететіне өз басым сенімдімін. Қарулы Күш­тер қатарында әскери техникамен та­ныс, мықты әрі шыдамды, үйре­тіл­­ген балалар қызмет етсе, қоғам­да­­ғы Отан қорғаушының имиджі өзі­не ла­йықты жоғары деңгейде болады.

Қазақстан армиясының 30 жылдығы қарсаңында әскерлерді реформалау мен жаңғыртудың тиімді жүйесі Қарулы Күштердің жоғары жауынгерлік даярлығы мен жауынгерлік қабілеттілігін қолдауға ықпал ететінін еске салғым келеді. Елімізде заманауи қарумен жақсы жабдықталған мобильді армия құрылды. Қазақстанның Әскери доктринасы қорғаныстық сипатқа ие болғанымен, біз оны Қарулы Күштердің көмегімен ұлттық мүдделерді қорғауға деген батылдықпен үйлестіруге тиіспіз.

Президент Қ.Тоқаев қазақстан­дық армияның одан әрі дамуына, еліміздің Қарулы Күштерін реформалау мен жаңғыртуға ерекше көңіл бөліп келеді. Қазақстан армиясының жаңғыртуды қажет ететіндігі туралы Мемлекет басшысы тек биыл емес, бірнеше рет айтқан болатын. Үш жыл бұрын Қарулы Күштердің басшылығына болып жатқан өзгерістерге бейім­деліп қана қоймай, қауіп-қатер­лерді жан-жақты талдауды қажет ететін алдын ала жұмыс жасау мінд­етін қойды, себебі бүкіл әлем геосаяси қарама-қайшылық­тар­дың шиеленісуіне, жаңа қақтығ­ыс­тар­дың пайда болуына куә болды. 

Президенттің әскери қызмет­шілер мен олардың отбасы­лары­ның қамын ойлайтыны қуан­тады. Әскери қалашықтар мен әс­ке­ри бөлімдерді аралайды, жеке құ­рамның қызметімен және тұрмысымен танысады, қор­ғаныс қабілетінің өсуі, мораль­дық-психологиялық ахуал мен жауы­н­герлік рухты қолдау, әлеу­мет­тік-құқықтық қорғау сияқты мәсе­лелерді бақылайды. Еліміздің жоға­ры басшылығының Қарулы Күш­терге деген қамқорлығы қорға­ныстың әрқашан Отанымыздың тәуелсіздігінің маңызды құрамдас бөлігі болып қала беретініне деген сенімді ұялатады.

 

Абай ТАСБОЛАТОВ,

тарих ғылымдарының докторы, генерал-лейтенант