Тарих • 06 Мамыр, 2022

Өнегемен өрілген өмір

311 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Әкемді жанымдай жақсы көріп, өнегемен өрілген өмірін үлгі тұтып келе жатқаныма жарты ғасырдан асты. Тырнақалды туындым «Әкем – мақтанышым» аудандық газетте жарияланғанда жүрегім жарылардай қуанғаным әлі есімнен кетпейді. Әкемді жанымдай жақсы көріп, өнегемен өрілген өмірін үлгі тұтып келе жатқаныма жарты ғасырдан асты. Тырнақалды туындым «Әкем – мақтанышым» аудандық газетте жарияланғанда жүрегім жарылардай қуанғаным әлі есімнен кетпейді.

Өнегемен өрілген өмір

Осыдан тоғыз жыл бұрын 92 жасқа қараған шағында келместің кемесіне мініп, мәңгілік мекеніне аттанған әкемнің өмірі оңай болмағаны айтуға ғана оңай. Балалық шағы халқымыздың ғасырлық қасіреті – 1932 жылғы ашаршылық зұл­ма­ты­на тұспа-тұс келгендіктен тағ­дыр­­дың кермек дәмін ерте татты. Он жас­қа жетпей анадан айырылу оңай деймісіз? Сақ бабамыз иелері тастап кетіп, қараусыз қалған «тоқал» үйлердің төбесін ашып, жабылғы орнына жұмсалған сабанды топырақтан аршып алып, күні бойы ары бір, бері бір сапырып, бір уыс бидай жинап келіп тұңғышына тапсырады. Әкем оны қуырып, талқан қылып, екі бауырын асыраған ғой.

Әупірімдеп жүріп ашаршылықтан әрең аман қалып, енді ес жия бастағанда Екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Ел ба­сына күн туған тұста әкеміз – кәме­лет­тік жасқа жаңа толған бозбала. 1941 жылы 19 жасында әскер қатарына алынады да, бір жыл дайындықтан кейін сол кездегі Сталинград шаһары маңында кес­кі­лескен ұрысқа кіреді. Содан төрт жыл соғыс тозағының алдыңғы шебінен та­бы­лып, өмір мен өлім арпалысының қиямет-қайымында қарылады. Екі рет ажал тажалынан аман қа­лады.   

Прага қаласын азат ету шайқасындағы ерлігі – өз алдына жеке дастан. Кеңес әскері шаһарға салтанатты шеру жасап кіреді ғой азат етушілер кейпіне еніп. Қала халқы құшақ жая қарсы ала­ды деп шатасқан ғой. Еуропа қала­ларының көшесі тар, екі жағы сап түзеген ғима­рат­тар емес пе? Соған бекініп алған неміс басқыншылары оқ жаудырып қарсы алады. Әкеміз онда артиллериялық атқыштар то­бы­ның командирі. Машина сүйреп бара жат­қан зеңбіректі жалма-жан шешіп алып, табанын бекітуге уақыт жоқтықтан тәуекелге барып, қарсыластарына қарсы оқ атып үлгереді. Соның өзі тым-тырақай қашып жатқан әскерге ес болып, жан сақтау үшін шайқас басталады. «Үй паналап жаумен атысып жатқанбыз. Бір кезде батарея командирінің маған дауыстап айқайлаған: «Жолдас Сахов, шинеліңді шешші» деген командасын орындасам, «Ай, қазақ, сенің құдайың қай құдай?» деп басын шайқайды. Сөйтсем, фашистің жүрек тұсымнан атқан оғы қолтығымды жанай өтіп, жау қолына түссе, коммунист екенін білсін деп жан қалтамыздан тастатпайтын партбилетімнің бұрышын тесе шинелімнің артқы жағын опырып шығып кеткен ғой. Командирім мені ет қызуымен білмей тұр, қазір құлайды деп ойлаған болуы керек», деп еске алып отыратын әкеміз сол бір сұрапыл күндер туралы әңгіме өрбіткенде. Осы ерлігі үшін полк командирі шайқас аяқ­тал­ғаннан кейін сап түзеген жауынгерлер алдына шығарып, «Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынамын» деп ерлі­гін атап өткен екен. Оны әкемізден емес, Ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай балалары ұйымдастырған тойға ша­қы­рыл­ған майдандас достары аузынан естігенімізде, одан бейхабар екенімізге таңданысымызды жасыра алмағанбыз. Мәскеуден мән-жайын сұратқанымызда, ол атаққа ұсынылғаны рас, алайда КСРО жоғары әскер комиссиясы «Қызыл Жұл­дыз» орденіне алмастырған деген бір жапы­рақ жауап алып, қазақ болғандықтан ол атақты қимаған ғой деп қойғанбыз.

Сол соғыста жарты Еуропаны фашизм лаңынан тазартып, қақаған аяз, аптап ыстықта айлап-жылдап, арып-ашып жер шалғанын, жол үстінде сап түзеп бара жатып, екі қапталдағы жауын­гер­ден басқасы ұйықтап демалатынын, түнде зеңбірек сүйреткен машиналар жау көзіне түспеу үшін шам жақпай жүретіндіктен, дөңгелек жапқышының үстіне отырып алып, жүргізушіге ауызы талғанына қарамастан айқайлап жол нұсқайтын кездерін айтпағанда, өмір мен өлім айқасында шыбын жаны шыр­қы­рап, ажалмен бетпе-бет келген тұстары қаншама. Әсіресе әкеміз Днепр өзенін кесіп өткен кездегі шайқасты жиі есіне алатын. Он шақты рет өзеннен әрі өту әрекеті жасалыныпты. Жау да тіресіп тұ­рып алған. Ротадан жалғыз өзі қалған кезі де болған. Жаңадан жасақталған жауын­гер­лермен қайта шабуыл жасағанда бір-бірі­мен қоштасып, араздасып аттанаты­нын әңгімелегенде, қос жанарына жас үйі­рі­летін.

«Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген рас. Әкеміздің төрт жыл жан алып, жан беріскен соғыстың өн бойында алдыңғы шептен табылғанына қарамастан, аман-есен елге оралуы құдай қаққаннан. Оған дәнекер – азан шақырып қойған аты деп ойлаймын. Өмірі ұзақ болсын деп есімін Өмірбай қойған Сақ ата­мыздың таза ниеті періштенің құла­ғы­на шалынған болуы керек. Омырауына тағып оралған жауынгерлік «Қызыл Жұлдыз», Қызыл Ту, бірінші, екінші және үшінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендері мен «Ерен ерлігі үшін», «Берлинді босатқаны үшін», «Праганы азат еткені үшін», «Бірін­ші парадқа қатысқаны үшін» медальдары қазақ батырларының даңқына сай ерлікпен шайқасқанын көрсетеді.

Ұлы Жеңіске арналған алғашқы парад­қа қатысу үшін Мәскеуге алдырт­қанда жоғары партия мектебінде қысқа курста оқыған. Ал­ғыр­лығы ұнаған болуы керек, ондағылар қыз­метке алып қаламыз дегенде, ауылда екі көзі төрт болып күтіп отырған әкесі мен бауыр­ларын ойлап, соларға пана болу үшін елге қайтады. Маман тапшылығы қысып тұрған уақыт. Жерлестері қуана қарсы алып, жергілікті партия ұйымының төрағасы етіп сайлайды. Содан 50 жылға жуық туған жері – қазіргі Түркістан облысының Төлеби ауданындағы «Совет» колхозының өсіп-өркендеу жолында еңбек сіңіру бақыты бұйырады. Ұжымдық шаруашылық бригадирі, сүт фермасының меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарып, берісі аудан, арысы облыс жұртшылығының құрметіне бөленген. Қай қызметті атқарса да, адалдығы мен зор жауапкершілікпен қарауының арқасында үлкен табыстарға жетті. Бірнеше дүркін республикалық еңбек жарысының жеңімпазы атанды. Алматыда өткен тұңғыш Колхозшылар съезінің делегаты болды. «Ерен еңбегі үшін» медалімен, кейіннен Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Ол кезде мемлекеттік награда Мәскеуден, КСРО Жоғарғы Кеңесінің шешімімен берілетінін ескерсек, бұл марапаттардың бағасы еселене түседі. Еңбек ер атандырады деген қағи­даны ұстанған әкеміз сол биікті ба­ғын­дыра білді.

Бір болған оқиға есімнен кетпейді. Жұ­мы­сына ылғи атпен қатынайтын әкем­ді бір жолы өзі басшылық ететін сүт фер­масының тракторшысы Темірхан кө­кем үйге жеткізіп салды. Қоярда-қой­май қарамағындағы жұмысшысын үйге алып кіріп, қонақ қылып күтуге кірісті. Үйдегі малға кешкі жем-суын беріп, жайғап болғаннан кейін асық ойнайтын баламыз. «Қол астыңыздағы тракторшыны да күтуіміз керек пе енді» деген сөз аузымыздан қалай шығып кеткенін білмей қалдық. Сонда әкемнің «ол – фермада тракторшы, ал үйге кірген соң қонақ» деп тыйып тас­тап, қонақты риза қылып аттан­дыруға жұмылдырғаны жадымнан кетпейді.

Қарапайым колхозшылар құрмет тұтқан әкемді аудан, облыс басшылары да айрықша сыйлайтынының талай куәсі болдық. Елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров облысқа басшылық жасаған кезде ерен еңбегіне дән риза болған әкемді әр мереке сайын сый-сыяпатсыз қалдырмай, құрмет көрсететін. «Москвич» көлігін мін­гізгенде түгел ауыл құттықтап, той жасағаны есімде. Сыйлық жасағаннан емес, тұла бойы жақсы қасиеттерге толы болғандықтан Асекеңді аузынан тастамай, сыйлап өтті. Бір не­мересінің есімін Асанбай деп қойғаны – соның айғағы.

Алдымен ауданымызға, кейіннен об­лысқа басшы болған кезінде де Тере­щен­ко Сергей Александрович әкемізбен талай дәмдес болып, өнегелі өмірімен ауыл-аймаққа үлгілі адам деп құрмет тұт­қанына жұрт куә. Соғыс ардагері өзі босатқан Берлинге барып, сый-сыяпат кө­ріп қайтсын деп Неміс Демократиялық Ре­спубликасына (ГДР) арнайы делегация құрамында жібергені үшін әкеміз алғысын жаудырып жүретін. Халық шаруашылығына сіңірген есепсіз еңбегі бағаланғаннан болар, әкемізді зейнет жасына жеткен кезде де басшылық қызметінен босатпады. Еліміз егемендігін алып, нарықтық экономика талабына сай реформа салдарынан колхоз, сов­хоз­дар ұжымдық шаруашылықтарға тара­тыл­ған­нан кейін ғана зейнетке шықты. Бірақ зейнеткермін деп үйден шықпай, жатып алу – әкеміз үшін жат қылық еді. Өмірінің соңына дейін аттан түспеді.

«Әке көрген – оқ жонар» демекші, әкеміздің тәрбиесі туралы айтпай кету қиянат болар еді. Жеті ұл, алты қыз өсіріп, одан көзі тірісінде алпысқа тарта немере, оннан аса шөбере сүйіп, ата-аналық бақытқа бөленген әке-шешеміз ұрпақ тәрбиесінде ата-бабаларымыздың дәс­түріне берік болды. Үлкеннің алдын кеспеу, кішіге ізет, үлкенге құрмет көрсету, кісіні алаламау, адам баласының ала жібін аттамау, ұрлық-зорлыққа жоламау, өтірік-өсектен аулақ болу, көпке адал қызмет ету өсиеттерін бойымызға сіңіріп өсірді. Жастайымыздан еңбекке баулыды. Жалқаулыққа жол бермей, еңбек емуді өмірлік бағдаршам етіп ұстау – отбасымыздың басты ұстанымы еді. Аллаға мың шүкір, одан жаман болған жоқпыз. Он үшіміз он үш үй түтетіп, маңдай тер, адал еңбегімізбен қатарымыздан қалмай, жаман сөзге ілікпей, тәрбиелі ұрпақ өсіріп, мәуелі баққа айналып келеміз.

 

Қайрат САҚ,

журналист, алаштанушы ғалым