Экономика • 06 Мамыр, 2022

Пандемия өмірді сақтандыруға үйретті

301 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Сақтандыру нарығы пандемиядан кейінгі қалпына қайта оралды деп айтуға толық негіз бар. Өйткені былтыр елдің ішкі жалпы өніміндегі сектордың үлесі 3 пайызды құрады. Аталған көрсеткішті алдағы бес жылда 2 есе арттыруға мүмкіндік бар. Осылайша, әлемді шарпыған кесел тұрғындарды денсаулық пен өмірді сақтандыруға үйретті.

Пандемия өмірді сақтандыруға үйретті

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Коронавирус күнделікті өмірдегі көп дүниені өзгерткені мәлім. Ескі құндылықтарды қайта қарауға мәжбүр етті. Экономи­каның барлық секторына, соның ішінде біршама тұрақты болып көрінген салаларға әсерін тигізді. Соның нәтижесінде соңғы екі жылда үлкен өзгерістер орын алды. Мұнай бағасы төмендеді. Жұ­мыссыздық рекордтық дең­гейге жетті. Шағын және орта бизнес зардап шекті. Ал мемлекет қазынасы миллиардтаған салық­тан айырылды.

Қазір ел экономикасы біртін­деп қалпына келе бастады. Іскер­лік белсенділік дағдарысқа де­йінгі деңгейге қайта оралды. Кәсіп­орындар табыстылығын бұрынғы деңгейге дейінгі қалпына келтірді. Бірақ 2022 жыл Ресей мен Украи­на арасындағы қақтығысқа бай­ланыс­ты жаңа сын-қатер тудыр­ды. Геосаяси шиеленістің ел эко­­но­микасына қаншалықты әсер ететіні әлі белгісіз болса да Қазақ­стан қаржы нарығындағы жо­ға­ры құбылмалылықтың сал­дары­нан миллиардтаған доллар жоғалтып жатқанын қазірдің өзінде байқауға болады. Біз сөз еткелі тұрған сақтандыру секторы да денсаулық сақтау, қауіп­сіз­дік және қорғаныс саласы сияқ­ты алдағы бірнеше жылда эпи­де­миялық және сыртқы сая­си айқынсыздық ықпалы­мен дами­тыны анық. Осы орайда FinReview.info сарапшылары елі­міз­де сақтандырудың қалай дамып жат­қанын, оның келешегі мен тәуе­кел­дері қандай екенін анық­тау мақ­сатында арнайы зерттеу жүргізген екен. Енді соған назар аударалық.

Кез келген елдің экономикасы үшін сақтандыру кәсіпкерліктің, өндірістің, өнеркәсіптің, нарық­тық қатынастардың дамуына ықпал ететін қаржылық тұрақ­тандырушы қызметін атқарады. Қазір ол халықтың мүддесін қар­жы­лық қорғауға іс жүзінде кепіл­дік беретін бірден-бір құрал­ға айналады. Сақтандыру сала­сы бір жағынан азаматтық-құқық­тық қатынастарды реттеу ар­қы­­лы мемлекеттен қаржылық ауырт­палықты алып тастайды және шаруашылық жүргізуші субъектілердің жауапкершілігін арттырады. Екінші жағынан зардап шеккендерге өтемақы төлеу арқылы халықты жазатайым оқиғалардан қорғайды.

Әлем елдері бизнесті, халықты және экономиканы қаржылық шығындардан қорғау құралы ретінде сақтандыруды дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Дамыған елдерде бұл саланың ішкі жалпы өнім құрылымындағы үлесі 5 па­йыздан асады. Мысалы, Оңтүстік Кореяда аталған көрсеткіш 12 пайызға, Германияда 7 пайызға тең. 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда сақтандыру секторының үлесі небәрі 3 пайызды құрады. 2020 жылғы көрсеткіш – 3,4 пайыз. Пандемияға дейін аталған көрсеткіш 2 пайыздан аз болған. Бұдан отандық сақ­тан­дыру компанияларының көр­сеті­летін қызметтердің тізімін кеңей­туге тырыспайтынын көру­ге болады. Әдеттегідей жаңа өнім­дерді жасау белгілі бір факторлар әсерінен жүзеге асады. Мәселен, COVID-19 індеті себебінен қазақ­стандықтар белсенді түрде өз ден­саулығы мен өмірін сақтан­дыруға ден қоя бастады.

FinReview.info дерегінше, ірі сақтандыру компаниялары банк конгломераттарына тиесілі. Сон­дықтан соңғы 15 жылдың ішінде сақтандыру нарығында, сон­дай-ақ банк нарығында ойын­шылар санының қысқару үр­дісі байқалды. 2007 жылғы 1 нау­рыздағы жағдай бойынша сақ­тандыру саласында 40 компания жұмыс істесе, 2022 жылдың наурыз айының басында олардың саны 27 ұйымды құрады. Оның 9-ы – өмірді сақтандыру компаниясы.

– Сақтандыру компаниялары санының қысқаруы нарықтың күшеюіне әкелді. Атап айтқанда, саланың активтері үздіксіз өсе бастады және 2018 жылы алғаш рет 1 трлн теңгеден асып түсті. Ал 2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша олардың көлемі 1,9 трлн теңгеге жетті. Бірақ мұнда бір ерекшелік байқалады. Сақтандыру компаниялары өз­деріне тиесілі банктердің құрал­дарына инвестиция құюда. Қазір­дің өзінде екінші деңгейлі банк­терде орналастырылған салымдар 152,7 млрд теңгеден асты. Бұл сақтандыру ұйымдары­ның жиынтық активтерінің 8,3 пайы­зын құрайды. Соған қара­мас­тан, активтердің басым бөлігі қор­лардың 62,7 пайызын құрай­тын бағалы қағаздарда сақтал­ған. Сондай-ақ қаржылық көрсет­кіш­тердің жақсаруы капитал­ды ұлғайтуға байланысты айқын­далады. Кейінгі бес жылда капитал көлемі екі есе өсіп, 759,7 млрд теңгені құрады, – дейді FinReview.info сарапшылары.

Сақтандыру компаниялары 2022 жылдың алғашқы екі айында клиенттермен 1,5 млн келісімшарт жасасқан. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,3 пайызға көп. Аталған өсімге негізінен халық­тың өз денсаулығы мен өмірі­не қорқынышпен қарай­тындығы себеп. Өйткені статис­тика көрсеткендей, жазатайым жағ­дайлардан сақтандыру бойын­ша жасалған шарттар саны 71,2 па­йызға, ал аурудан сақтандыру бойынша келісімшарттар бір­ден 2,3 есе өскен. Нәтижесінде, сақ­тан­­дыру (қайта сақтандыру) шарт­­т­ары бойынша қабылданған сақ­­тандыру сыйлықақыларының кө­лемі 1,3 пайызға немесе 1,8 млрд теңгеге өсті. Бұл ақшалай мә­нін­де 138,6 млрд теңгеге тең.

«Міндетті сақтандыру бо­йынша жыл басынан бері 19,9 млрд теңге алынды. Бұл өткен жыл­­дың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 1,7 млрд теңгеге немесе 9,6 пайызға артық. Өсім негі­з­інен қызметкерді еңбек (қыз­меттік) міндеттерін орындау кезін­де жазатайым оқиғалардан сақ­тандыру есебінен қалыптасты. Яғни 1 млрд теңгеге немесе 17,6 пайызға өсім көрсетті. Ерікті жеке сақтандыру түсімі қаңтар-ақпанда 46,3 млрд теңгені құрады. Көрсеткіш бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 7,9 млрд теңгеге аз. Мұндай құлдырауға, ең алдымен, зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақыларын жинаудың 79 пайызға немесе 15,5 млрд теңгеге төмендеуі себеп болды. Ерікті мүліктік сақтандыру бо­йын­ша осы жылдың басынан сақ­тандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша қабылданған сыйлықақылар 72,3 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылмен са­лыстырғанда 8 млрд теңгеге ар­тық. Аталған үрдіс мүліктік зиян­ды өтеуге сақтандыру бойынша жи­налған сыйлықақылардың 6,6 пайызға немесе 3 млрд теңгеге және азаматтық-құқықтық жауап­кершілікті сақтандыру бойынша 2 есе ұлғаюымен байланысты», делінген FinReview.info хабарламасында.

Сыйлықақылар бойынша кірістердің өсуімен бірге сақтан­дыру төлемдері де айтарлық­тай артты. 2022 жылғы екі айда сақ­тандыру төлемдерінің көле­мі ақшалай мәнінде 21,5 млрд тең­гені құрады. Бұл 2021 жыл­мен салыстырғанда 24,6 пайызға ар­тық. Енді төлемдер тек лаңкестік әрекеттер салдарынан болған залалды сақтандыруды көздейтін шарттар бойынша ғана жүзеге асырылады.

Төлемдердің көбеюі және табыс­тылықтың бәсеңдеуі компа­ниялардың қаржылық тұрақ­тылығын сақтауға қауіп төндіретіні анық. Алайда сақтандыру секторы – өтімді активтердің әлі де өз міндеттемелерінен асып түсетін экономиканың санаулы секторларының бірі. Сонымен қатар өтімділігі жоғары активтер бір жылда 21,8 пайызға өсіп, 1,6 трлн теңгеге жетті. Сәйкесінше, төлем қабілеттілігінің нақты маржасы да 514,4 млн теңгеден 517,7 млн теңгеге өсті.

Елдің сақтандыру нарығы үшін негізгі нәтиже белсенділіктің дағдарыстан бұрынғы деңгейге дейін толық қалпына келуі болды. Бұл жалпы алғанда, Қазақстан экономикасының жағдайын бағалау үшін, әсіресе, сала үшін маңызды. Өйткені соңғы 17 жыл ішінде еліміз халықаралық қайта сақтандыру нарығының көрнекті қатысушысына айналды. Қазір Қазақстан валюталық түсім түсіретін қаржылық қызметтердің толыққанды экспорттаушысы болып саналады. Егер коронавирус пайда болғанға дейінгі, яғни 2019 жылға дейінгі кезеңде еліміз бейрезиденттерден түсетін қайта сақтандырудан шамамен 30 млрд теңге сақтандыру сыйлықақысын алса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 50 пайыздан астам көрсеткішке өсті. Сондықтан тұрақты және бә­секеге қабілетті сақтандыру сала­сын құру қажеттілігі артып келеді. Дегенмен, секторда сақ­тандырудың дамуына кедергі келтіретін шектеулер бар.

– Біріншіден, бұл сақтандыру өнімдерінің тізімінің мардымсыз болуы. Сақтандыру компаниялары, мысалы, азаматтардың өмірі мен денсаулығын ерікті сақтандыру, халықтың мүлкін сақтандыру және кәсіпкерлікті әртүрлі тәуекелдерден сақтандыру бойынша өнімдерді қосып, қызмет көрсету аясын кеңейтуге тиіс. Екіншіден, сақтандыру компанияларының капиталдануы олардың сақтандыру тәуекелдерін то­лы­ғымен өз мойнына алуы, жұ­мы­сын автоматтандыруы және өнім­дерін дамытуы үшін жеткі­лік­сіз. Үшіншіден, өмірді жи­нақ­таушы сақтандыруды дамыту үшін экономикалық ынталандырулар мен мүмкіндіктер жоқ. Төртіншіден, сақтандыру нары­ғын одан әрі дамытудың стра­тегиясының болмауы. Қаржы реттеушісі қаржы нарығын дамыту тұжырымдамасын әзірлеумен айналысуды бастады. Осы құжат аясында сақтандыру секторын дамытудың басым бағыттары ұсынылады, – дейді FinReview.info сарапшылары.

Бұл тәуекелдер ең алдымен рет­теушілік режімге қатыс­ты. Бірақ қазақстандық юрисдик­ция жағдайында оны шешу өте күрделі және ұзақ процесс. Қазақ­станның қаржы нары­ғын­дағы құбылмалылықтың күшею қаупінің себебінен, қар­жы­лық реттеуші сақтандыру компания­ларын біршама қатаң қадаға­лауға мәжбүр. Мысалы, инвес­ти­циялық қызметті жүзеге асыру үшін Ұлттық банк сақ­тан­ды­ру­шыларды тәуекелі төмен құрал­дарға ғана инвестициялауға міндеттейді. Олар сөзсіз, сенімді, бірақ мұндай бағалы қағаздардың кірістілігі төмен. Сол себепті сақ­тан­дыру компаниялары пайда­сы­нан айырылып отыр. Соны­мен қатар компаниялар жаңа сақтан­дыру өнімдерін жасаудағы қиын­дықтарға байланысты әлеуетті кірістерден айырылуда. Себебі қаржылық реттеуші алдымен әрбір өнімді егжей-тегжейлі зерт­теп, олардың әрқайсысына қатыс­ты нормативтік-құқықтық базаны әзірлеуі керек.

Екінші жағынан, Қазақстан­да ерекше реттеуші режімі қалып­тасқан «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істейді. 2021 жылдың желтоқсанында АХҚО, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі валюталық реттеу бо­йынша және қаржы орталы­ғы қатысушыларының Қазақ­стан­­­ның қаржы нарығына қол жет­­кізу шарттары туралы келі­сім­ге келген еді. Бұл ережелер АХҚО қатысушыларының қазақ­­стан­дық клиенттерге, оның ішін­­де сақ­тан­дыру секторын­да көрсететін қар­жылық қызмет­тер­­дің тізімін анық­тайды. Қар­жы орталығының база­сында арнайы реттеуші құрал­дың қалыптасқанын ескерсек, онда тіркелген компаниялар жаңа өнімдерді жасап қана қоймай, олар­ды күнделікті өмірімізге енгіз­бес бұрын сынақтан өткі­зе алады. Мұны елдегі бизнеске мүм­кін­дік­тер ашатын реттеушілердің үлкен қадамы десе де болады.