Әдебиет • 06 Мамыр, 2022

Халықтың бақыты

12810 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Асанәлі Әшімұлының күнделіктерін оқығанда туған толғаныс.

Халықтың бақыты

Көңіл күй дәптері

Өнер адамының жан дүниесіне еніп, танып жазудың азабы мен рахатын айт­паңыз. Бұл – қарама-қайшылықтар, тосын тағдырлар, ұлы сулардың астында­ғы аласапыран ағыстар, ой кешу деп шама­лауға болатын шығар.

Ұлт суреткері (аса жоғары бейрес­ми атақ), ұлт руханиятының бір ала­бө­тен асқары Асанәлі Әшімұлының («Аши­­мовский» – Серағаң) сан қырлы шығар­машылығы туралы Әбіш, Ақселеу, Орал­хан, Әшірбектер қоңыр қаламға маңдайын сүйеп отырып, талай мәрте толғанған. Актерлік, режиссерлік дара болмысы әр кезде өз бағасын алып, жеткілікті жазылып келеді. Шығармашылығына арналған ­фестивальдер, ғылыми конфе­ренциялардың өзі бір төбе.

Ендігі жерде суреткердің жұртқа бей­мәлімдеу қырын айтуды жөн көр­дім. Аса дарынды адамның өмірі бір қа­лыпқа, стандартқа сыймайды, дұрысы бағын­байды. Мэтрмен бір сәттік сәлемдесудің өзіндегі жауабынан кісіні ойға салатын сұңғылалықтың лебі де сезілмей қал­майды. Мәселен, әдеттегі телефон шалу­дағы мына сөзді бағамдап көріңіз.

– Аға, ахуал нешік?

– Әйтеуір...

Басы үнемі ойдан босамайтын шығар­машылық адамының, оның үстіне аса танымал тұлғаның аузынан шыққан сөздің тегіні болмайды, әрине.

Әйтеуір...

Мажорлы, патетикалық леп, серпіліс сазы байқалмайды. Сан қырлы, тағдыр­лы суреткердің көңіл күй көрінісінің хабаршысындай сөз. Оны түсініп, таратып айту үшін бәлкім уақыт керек болар. Сұңғылалығыңыз жетіп тұрса, әп-сәттік шаруа.

Әйтеуір...

Тосын сөздің соңын әрі қарай қалай жалғастырған болар едіңіз.

Әйтеуір... жүрміз ғой, бармыз ғой, дей­міз ғой, тіріміз ғой, жақсы болса екен, елге бір пайдасы тисе екен...т.с.с. Соншалықты бір қамығу, соншалықты бір дәрменсіз­дік (бұлай сөйлеу оған тән болмаса да), қоғамға деген ішкі наразылық, қарсылық дейсіз бе, көңіл жүйріктігіне қарай жік­тей беріңіз. Ұстазымыз Қабдоловтың сөз сырын көзін жұмып тұрып талдайтын қасиетінің бойымыздағы жұрнағына сеніңкіреп сөйлейтін дағдыға салып айтып отырмын. Әйтеуір... әлемі бізді суреткердің өзгеше қыры, көңіл күй дәп­тері – күнделіктеріне ден қойғызды.

Бірауыз ұтқыр сөз, айтқыштығымен де танымал тұлғаның үздіксіз күнделік жазатынын да жұрт жақсы біледі. 2017 жылға дейінгі күнделіктерінен тұратын «Менің жанрым – күнделік» атты кітабы көпшілік сұрауына орай бірнеше мәрте басылып, нөпір оқырман жинады. Бүгінгі тілмен айтқанда бестселлерге айналды. Бұл дағды әлі күнге жалғасып, әлгі біздің шақшадай басымызды шарадай қылған «әйтеуірдің» неше атасы осы күнделік беттерінде буырқанып жатыр.

Актердің күнделіктері келешекте іргелі зерттеу объектісіне айналарына сөз жоқ. Оның құндылығы, маңыздылығы жылдар өткен сайын арта беретініне деген сенім шүбәсіз.

Актердің ерекше таяуда жазып бітір­ген, әлі сиясы кеппеген «Актермін мен мың өліп, мың тірілген» атты туындысын айтпағанда, «Майраның әні», «...Жан
бөлек», «Менің жанрым – күнделік» ат­ты кітаптардың қай-қайсысын да қолға алған бетте бас алмай қаласың. Себебі бұл кітаптар автордың өзі айтқандай, өмірдің өз бояуы, өз диктовкасы. Оның құндылығы сонда – шынайылығында. Әсі­ресе, қысқа жазудың үздік үлгісін танытатын күнделіктерінің жөні бөлек. Бұл – тосын көзқарастар, оқыс оқиғалар, тың деректер мен дәйектер, жан тебірентерлік сезім сырлары, оңашадағы ойтолғақтар. Күнделікті парақтаған сайын өнерпаздың белгісіз қыры мен сырлары сізді ерекше баурайды. Егер сіз Эйзенштейннің К.Маркстің «Капиталы» туралы фильм түсіргісі келгенін, С.Мұқановтың аяулы жары Мәриямға ақтық демі таусыларда айтқан сөзін, Ұлы Ғабеңнің ғажайып қолтаңбасын, Айманов өмірінің ақтаңдақ, беймәлім беттерін білгіңіз келсе, бұл жүрек жазбалары сіздің кітап сөреңізден міндетті түрде орын алуы керек.

Аса көрнекті қаламгер, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығы­ның лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовті мойын бұрғызып, мойындата қою оңай шаруа емес. Ал енді атағынан ат үркетін дөйлеріңмен жүре сөйлесетін планетарлық деңгейдегі сол патриарх-дегдарға оның күнделіктері жариялана бастағаннан бері сырлас серігіне айналды. Ұзақ жыл­дар бойы жоғалтып алған асылын тап­қандай балаша қуанғанын қайтерсіз. Сол қуанудың бір үзігі былай:

«Слушай, сенің мына күнделіктерің мені байлап тастады. Осынша кереметтің бәрі ішіңе қалай сыйып жүрген? Таңым бар-ау?! Мен сені сыртқы нобайыңа қарап батыр шалыс бала ма деуші едім, ол ойымнан айныдым. Сенің бұла бойың, ішің толған ой мен сезім, өрт екен ғой. Осылай жазу қалай біздің ойымызға келмеген. Сен тастама мұны. Жалғастыра бер. Мен мынау «Алматы ақшамы» келгенше үйге сыймай кетемін» деп Асағаңмен ұзақ сөй­лесуді дағдыға айналдырған екен абыз.

Асағаң бұл сәтті де күнделігіне хаттап қоюды ұмытпайды. Аса талғампаз Әбең бекерге сөз шығындамайды. Бұл бір бойына бірнеше муза топтасқан тұлғаның тағы бір музасына мүлгіген сәттен алынған үздік үзінді.

«... атығай Герольдтен»

Ал енді ақиқатты айтуға келгенде бетің бар, жүзің бар демейтін бірбеткей, білгір Бельгер не деді десеңші.

«Герольд Бельгер күнделік кітабын беріп жіберіпті. «Алаштың арысы Асекеңе, атығай Герольдтен» деген қолтаңбасы бар. 29.12.09 күнгі жазбасында: «кеше Асанәлінің (Ә) күнделігін оқып шықтым. Ойып түседі. Ақылды. Өткір. Талантты адам барлық жағынан талантты. Асанәлі де, Александр Исаев те (Солженицын) рухтары күшті, ерен жаралған еркектер. Тағдыр екеуін де аямады. Бірақ олар екеуі де сынған жоқ. Таураттық қайсар жандар! Менің де жетісіп жүргенім шамалы. Қалтырап, қаусап, илеген қамырдай мыж-мыжы шыққан біз бейбақтар, олар көрген мехнаттың жүзден бірін көтере алар ма едік, алмас па едік, айта алмаймын. Міне, үлгі аламын десең, солардан ал. Екеуі де дарабоз», деп бізді біраз марапаттап, аспандатыпты. Ұлты неміс, қазақшасы тастай. Шындықты шырылдатып бетке айтатын неміс-қазақ. Соғыс жылдарынан кейін біздің Байқадамда мектепте сабақ берген. Өте білімді, зерделі азамат. «Мен мойындайтын үш қазақ бар, олар: Олжас Сүлейменов, Тоқтар Әубәкіров, Асанәлі Әшімов» дейді.

* * *

«Бельгердің «Өтеді өмір осылай» атты күнделік кітабын оқып бітіріп, өзіне телефон шалып, ілтипат білдірдім. Мәз боп қалды. 800 жазушының ішіндегі жал­ғыз неміс қой. Қазақшасы көп қазақтан көш ілгері. Ертісбаевты он орап кетеді. Аса жоғары білімді, интеллектуал. Гер­ағаң Пугачеваға ызалы, Мүсіреповтің кер­бездігін артистизм дейді».

«Менің жанрым – күнделік» жарияланып, оқырман ықыласын айрықша аударып жатқан тұста Асағаның «афо­ризмдерім ­таусылып барады, Қадырдан қарызға біраз афоризм сұрасам ба екен» деп күлдіргені бар. Өзі де қысқа жазудың асқан шебері, қауып емес, тауып айтылған сөзге жаны жадырайтын Қадағаңа бұл қалжыңды естірткенімізде көңіліндегі көрікті ойын да ақтарып салған еді. Міне, былайша:

– Асанәлінің күнделігін оқып отырып, қайдағы-жайдағылар еске түседі. Өте ықшам, сенімді, жинақы жазылған дүниелер. Бұрын баспа жүзін көрген кітаптарын да оқып шыққанмын. Асанәлі қолына тектен тек қалам алмайды. Өзінің кезі келгенде, жазбауға мұршасы болмай қалған кезде ой толғайды. Орыстың танымал өнер тарландары Золотухин, Рязановтардың жазған кітаптарын тұшы­нып оқығаным бар. Бұл күнделік жазбалар да солардан ешбір кем емес.

Жалпы, өнердің, өнер иелерінің тарихы осылай жасалады. Бұл жазбалардың ертеңгі ұрпақ үшін құндылығы ерекше екені анық.

Абайды сахнада цирктің қамшысы­мен сабайды...

Расында да «Менің жанрым – күнделік» өнерпаздың өз өмірі ғана емес, ұлт өне­рі­нің де тарихы. Руханият тарихында тек қана күнделіктер, қысқасы, қысқа жазу­мен, шағын ой-толғаныстарымен, атақ­тың афоризмдерімен қалған тұлғалар да болған.

Сөз жоқ, дарынды адамдар қоғам бай­лығы, мемлекет мақтанышы. Шын мә­нін­дегі ұлт сүйіспеншілігіне бөленген ұлт суреткері – халықтың қазынасы, бақы­ты. Асағаңның күнделіктері де тұнған қазына. Оқып, көңіліңе тоқып, қажетіңе жарата бер.

Күнделік – шежіре, тарих, көркемдік шындық. Ол өмірбаян мен өнербаян тоғы­сып, сізге айрықша әсер сыйлайтын көңіл күй дәптері.

Актердің өзегін өртер бір өкініш еске түспей тұрмайды. Студенттік жылдары, театр табалдырығын енді аттаған тұста оншақты дәптерден тұратын жазбалары қолды болып, ұшты-күйлі жоғалды. Ол бір кешегі қасиетті қара шалдардың бар кезі. Онда әкемтеатрдың бір шөкімдей шежіресі кеткені анық. Қайсыбір жолы 1977, 1979, 1982 және кейінгі жылдары жазылған жазбаларды тауып алғанда сол өкініш аздап сейілгендей болды. Біз бұл жолғы әңгімеде әлі еш жерге ұсы­нылмаған, алдағы уақытта «Менің жанрым – күнделік» атты кітапқа енетін сол жаз­балардағы қысқа қайырымдарды көктей шолып өтпекшіміз.

* * *

Қостанай радиосының бас редакторы, қазақ қызының ұлттық кино туралы сұрағы ұнады. «Ұлттық тарихты білмей, үлкен мәдениетке жетпейміз» деп көзіне жас алды. Әрі қарай сөйлей алмады. Маған қатты әсер қалдырды. Молодец!!!

* * *

Театрда кейіпкер жасау емес, ойнау басым боп барады.

...Абайды сахнада цирктің қамшы­сымен сабайды.

* * *

Тойдағы сөздер үлкен сахнаға шығып кетті.

* * *

Әуезовтің 50 томдығын қарап жатырмын. Мұхит.

* * *

Жаманның аты жақсыларды жазғыру­мен шығады.

* * *

Қазір орта таланттардың көбейген кезі.

* * *

Көнгенбіз. Көнеміз.

* * *

Адам жарық дүниеге келгенде демін ішіне тартып алып жылайды екен. Дү­ниеден өтерде сол демді «уһ» деп шыға­рады дейді. Бұл Жан екен. Аспанға ұшып, денең жер қойнына берілгенше күтіп тұрады екен. Рухтың өлмейтіні анық. Осыны біздің шала молдалар түсінбей, лағып кетеді.

Бюроға түскен Айманов

Міне, осылай, әлгінде бізді әп-сәтте әуреге салған «әйтеуірге» жауаптар әп дегенше алдымыздан самаладай самсап шығады. Асағаң ешкімге ұқсамайтын «странный» адамдарды жақсы көреді. Бір қасиеті егер әлгі «странный» адамдар ­туралы біреу бірдеңе десе де қабылдай алмайды. Бәрібір сол адамды жақсы көруін жалғастыра береді. Керісінше ондай тұл­ғалар туралы тамсанып жазады. Соның бірі сұрапыл Сүлейменов Асқар.

Оның мектебі «самородок – сары алтын», қасиетті қара шалдар. Қайда сұхбат бермесін, мақала, кітап жазбасын сөзінің біссімілләсін солардан бастауда айныған күні жоқ. Күнделігінде: «...Қаллеки – қазығым, Серағаң – сенімім, Сәбиралар тұнған мейірімім, Шәкеңдер шапаға­тым, Тоқпанов пен Мәмбетовтер алтын қазығым» деп жазғанындай, бұл алдымен солардың мектебін, адамгершілік академиясын бітіріп шықты. Бүгінде тұлғалық биігінен бір аласармайтын оның бойында сол саңлақтардың рухы лапылдап тұрады. Күнделігінде сол алыптардың бір асқары Аймановқа айналып соғып отырады. Бұл жолы жұртшылыққа беймәлім жайларды айтады. Аймановтың арманын аялап өткен актер оның алдындағы бір парызын өтегендей «Транссібір экспресі» фильмін түсіру жайын да еске алады.

«...Жақында Эльдар Оразбаевтың қай­тыс болғанын естіп, құлазып қалдым. Шәкеңнің асырап алған шәкірті ғой. Ре­жиссерлікке тәрбиелеп, баласындай көрді. Екеумізді ұлы ұстаздың еңбегін қалай ақтаймыз деген ой көп мазалайтын. Ол өмірден өткен соң жеті жылдан кейін «Атаманның ақырын» жалғастыруды ойла­дық. Содан «Транссібір экспресін» қолға алдық. Аруақ қолдап түсіру процесі қызықты да шабытты өтіп, абыроймен аяқтап шықтық. Сол азамат Америкаға емделуге барып, сапары сәтсіз аяқталды. Өмірі тартысқа толы болды».

Бұл туындыны түсіру, сенімді ақтау да оңайға түспеді. Фильмнің шым-шытырық оқиғаға құрылғаны, басқа да көріністердің көрермендерді жалықтырмасы анық. Дейтұрғанмен фильмге ұлттық реңк беру жағы да ойландыратын. Осы ұстаным Асағаңды алаңдатып жүрді. Эльдар дарынды адам, кәсіби маман. Айманов мектебінің үздік түлегі. Алайда орыс тілді. Ұлттық болмысты ашу жолында іргелі, тапқыр ізденістерге бара бермейді. Осы қиналысын Асағаңа ақырындап сездіреді.

Фильмде Шадияровтың шешуші сәтте пойыз вагондарын жағалап келе жататыны бар. Сол сәтте ұялшақтап отырған қазақ қызына (Н.Арынбасарова) көзі түседі. Осы сәтті табылған көрініске бірдеңе жетіспей тұрады. Бұл сәт көрерменді ширықтыруы, шымырлатуы керек деген талап қояды режиссер. Фильм жалғасып жатыр. Араға біраз уақыт түседі. Кітап оқымаса тұра алмайтын актер ақындардың кітаптарын ақтарады. Қолына ғайыптан Қасымның кітабы түседі.

– Ей, тәкаппар дүние,

Маған да бір қарашы.

Танимысың сен мені,

Мен қазақтың баласы.

Осы бір шумақты оқығанда көктен із­дегені жерден табылып, көзінен жас шы­ғып кетеді. Фильмнің бар түйіні осы жерден тарқатылып жүре береді. Эльдар ессіз қуанышқа кенеледі. Сондай-ақ Шәкеңнің өз орындауындағы «Жиырма бес» әнінің фильмге сәтті енгізілуі де бір хикая.

– Біз әркімге еліктеуді қоймаймыз. Бұл ойымды ұлттық режиссерлерге бағыш­таймын. Өзімізді қарамаймыз. Өзімізде барды өзгеден іздейміз. «Кейде даладан іздеген даналық өз үйіңнің төрінде отырады» деген ғой ұлы Мұқаң. Өзіңнен ізде, – дейді абыз.

Осылайша, ұлы ұстаз алдындағы па­рыз­дың бір мысқалы жоғары деңгейде өтел­ді. Тағдыр-ай дейміз бе, не дейміз, сол аймаңдай алуан дарын Аймановты да кезінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюросында бюро мүшелері, белгілі тұлғалар күйеу баласын киноға түсірді деп жүндей түткенде Димекеңнің араға жүргені де бар еді. Бұл жөнінде актер жаңа кітабының «Күйеу бала синдромы» атты тарауында ашып жазады.

Ғабең болмағанда...

Айманов. Әшімов.

Бұл тандем таңғалдырып, тамсан­дырғалы қашан. Күнделікте өткеннің өне­­гелі сәттері қамшының қос өріміндей өріледі. Сәл шегініс жасайық.

Өткен ғасырдың 70-жылдары ұлт руха­­ниятына қайта өрлеу дәуірі болып енді. Басқасын былай қойғанда Қазақ Совет Энциклопедиясы мен «Қыз Жібек» фильмі жарық көрді. Манаш Қозыбаевтың Димекеңе кіріп: «энциклопедия кім болса сол кіре беретін құрмет тақтасы емес» деп мәселенің басын ашып алатыны да осы кез. Қазіргі күнге тіптен сұранып тұрған сөз ғой. Жә, бұл енді басқа гәп.

Айтпағым не? Сөз жоқ, «Қыз Жібек» саптыаяқтан қарауыл қойған, еркін ойлаудан алыстатып тастаған тар заманда қазақ халқының рухани өміріне зор серпіліс алып келді. Араға Айтматовты салып жүріп, қырғыздардан тартып алған, Димекеңнің қолдауымен, Камал көкеміз Мәскеумен екі араны шаңын шығарып жүріп, қиян-кескі шайқастармен шық­қан «Қыз Жібек» еді ғой бұл. Оған қазақ­тың өнердегі бар элитасы жабылды. Қыс­қа­сы, намыс жеңді. Ұлт намысы. Фильмге түскен актерлердің бәрі танымал болып шыға келді. Соның бірі де бірегейі, әрине, Асанәлі Әшімұлы еді. Сол күндердің бір сәтін енді жазылып біткен «Актермін мен мың өліп, мың тірілген» атты кітабында актер былай еске алады:

– «Атаманның ақыры» – Қасым­хан Шадияров бұл негізінен Димекеңнің идеясы еді. «Правда» газетінен бе екен, Чанышев деген чекист туралы очеркті оқып ұнатқан. Соны Шәкең жүзеге асырды. Менің жүлдызым жанды. Алдымнан даңғыл жол ашты. Ал енді мені таныған тек қана Айманов еді дейін десем, ар жағында қылтиып «Қыз Жібек» тұр ғой. Негізінен осы екі фильмге отыз екі жасымда қатар түстім. Бәлкім, Бекежан бұйырмас па еді, егер Ғабең болмағанда. Бекежанның рөліне Н.Жантөрин, Ы.Ноғайбаев, К.Кен­жетаев, Ә.Молдабеков сынаққа түскен. Мен де өзімше олардан қалғым келмей бір көрініс дайындадым. Соны көрген қайран Ғабең паң күліп: «пәлі, мынау дайын Бекежан ғой» демесі бар ма. Содан бекідім де кеттім.

Кездейсоқтық иә, сәйкестік дейміз бе, бір заманда қазақта театр құру ісін қол­ға алған тұста Ғабит Мүсірепов Шәкен Айма­новты Семейден жетелеп келіп еді. Енді ара­да елу жыл өткен соң Айманов­тың күйеу баласы Әшімовтың жолын ашып отыр.

Иә, Ғабең қолдап, Сұлтекеңнің сенімі­не кірген оның халықтың сүйіспеншілігі­не бөленіп, әлі күнге тамсандырып келе жатқан қандай образ жасағанын енді айтып жатудың қажеті жоқ. Өзі айтқан­дай, «Атаманның ақыры», «Қыз Жібек», «Транс­сібір экспресі» оның трилогия­сы­на, паспортына айналды.

Бір нәрсе анық. Бүгінде белгілі деген кейбір тұлғалардың жарнамасы жү­ріп тұрмаса ел есінен шығып қалу қаупі де бар. Бұл кісі қай заманда да бұл мәсе­леге бас ауыртпаған, тіпті мәңгілік­ке ше­шіліп қойған десе де болады. Танымал­дылығында шек жоқ. Халықтың шексіз сүйіспеншілігіне бөленген тұлға. Оның жарнамасының авторы – халық. Бұдан асқан бақыт бола ма!?

Атақты режиссер Роберт Андриасян Гауптманның «Ымырттағы махаббатын» мэтрге арнап қойды. Актердің сол күн­дердегі көңіл күйін дөп басқан Маттиас Клаузеннің аса күрделі болмысын қолына қандай кейіпкер түссе де «өлтірмей жібер­мейтін» (Ә.Сығай) ол мың өліп, мың тіріліп ойнады. Сол күндері әкемтеатр көп жылдардан соң дүр сілкінді. Ресейлік атақты режиссер Захаров тізерлеп тұрып: «Сіз ұлы әртіссіз. Мен екі ұлы актерді білемін. Олар осы рөлді ойнағандар – Симанов( Петербор), Царев (Мәскеу), үшіншісі – Сіз» деді. Әйгілі Лановой да өзінің «Зулайды күндер» атты кітабында осы күрделі кейіпкерді ойнауды армандап өткенін жазады.

Кезінде аса танымал актер Качалов Петер­бор көшесіне шықса жүре алмай қала­ды екен. Қолы жетпеген жұрт ол көз­ден таса боп кеткенше қол соғып тұратын көрінеді. Сол мәдениет бізге де жетті. «Асан­әліні көргеннен төбем көкке бір елі жетпей, бар екенбіз ғой деп қуанғаннан қол соққым келіп кетеді» деуші еді елдегі кластасы Октябрь көкеміз де.

Белгілі француз филолсофы Дидро: «Мен халқымды бақытты ету үшін философ болдым» депті.

Алаштың Асанәлісі де тәңірдің берген айрықша сыйының арқасында өзін де, халқын да бақытты етті. Ұзағынан сү­йіндіргей!

 

Қали СӘРСЕНБАЙ