Еліміздегі білім беру ұйымдарындағы мұражайлар арасында көш бастап тұрған «Атамекен» 15 бөлімнен тұрады. Жақында білім ошағына барған облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменоваға мұражайды ардагер ұстаз Күләш Алматшақызы таныстырып, тарихына кеңінен тоқталды.
Жастарға ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, еңбек пен ерліктің үлгісін көрсеткен тұлғалар өмірін үлгі ететін, туған жердің бай тарихымен таныстыратын «Атамекенде» жәдігерлер өте көп. «Абай және Алаш арыстары», «Нумизматика», «Зергерлік бұйымдар», «Ұлттық құндылықтар», «Киелі киіз үй», «Ұлы Отан соғысы ардагерлері», «Байқоңыр», «Арал» бөлімдерінің оқушылар үшін маңызы ерекше. Мектеп директоры Роза Тағыбергенқызының айтуынша, бүгінде білім ошағында сабақты мұражаймен байланыстыра отырып өткізу дәстүрге айналған.
Мұражайдың жұмысымен танысқан облыс әкімінің орынбасары жас өркендеріміздің патриот тұлға болып қалыптасуы үшін мұражайдағы ұлттық құндылықтар мен Сыр елінен шыққан даңқты тұлғалардың өнегелі өмір жолдары туралы мәліметтердің ұрпақ үшін алар орны ерекше екенін айтты. Мұражайда жасалып жатқан еңбектерге алғыс айтып, тілектер тақтасына өзінің лебізін жазып қалдырды.
Осыдан 33 жыл бұрын Алматы қаласында өткен «Мектеп мұражайлары және сыныптан тыс жұмыстар» атты республикалық байқаудың І орын иегері атанған мұражай 2018 жылы Тұңғыш Президент қорының ұйымдастыруымен өткен әлеуметтік жобалар конкурсында жеңімпаз атанып, 1 млн теңге грант иеленген.
ҚЫЗЫЛОРДА