Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін «Тоймарт» және «Магнум» сауда желілерімен келісімшарт ұзартылып, Small желісіне, сондай-ақ «Когер» ЖШС-на жұмыртқаны арзандатылған бағамен сатуға қосымша қаражат бөлініп отыр. Е.Оразалин сонымен бірге қалада «В», «С» санаттағы дүкендердегі бағаларға мониторинг жүргізіліп жатқанын жеткізді. Спикердің айтуынша, ірі дистрибьюторлар мен өндірушілерден көтерме бағамен бакалея өнімдерін тікелей жеткізу ұйымдастырылған. Жеткізумен мыңнан астам «үй жанындағы» дүкендер қамтылып, сегіз атаулы тауар түрі бойынша шамамен 1,5 мың тонна өнім жөнелтілген.
Бүгінде қалада І тоқсанның қорытындысына сәйкес экономиканың қарқындылығы мен іскерлік белсенділігі қалына келе бастады. Алдыңғы үш айда 19,8 пайыз өсімге қол жеткізіп, 248 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Инвестицияның едәуірі жылжымайтын мүлік (131,4 млрд теңге), көлік және қойма (27,2 млрд теңге), өнеркәсіп (20,4 млрд теңге), қаржы және сақтандыру қызметі (14,8 млрд теңге) салаларына тартылған.
Өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі оң динамиканы көрсетіп отыр. Бірінші тоқсанда 387,8 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Өңдеу өнеркәсібі 18 пайызға өсіп, бұл әсіресе машина өндірісінде байқалып отыр. Өсім тамақ өнімдері өндірісінде – 1,6, сусындарда – 10,5 пайызға, жеңіл өнеркәсіпте 2,9 есеге өскені байқалады.
Жеке кәсіпкерлік қарқынының нәтижелі екенін алға тартқан спикер жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,5 пайызға өсіп, 217 822 нысанды құрағанын жеткізді. Қалада сонымен бірге дәстүрлі сауда заманауи өркениетті форматқа көшірілуде. Нәтижесінде 16 базар жаңартылып, бизнесті көлеңкеден шығару мақсатындағы жұмыстар жалғасын тауып келеді. Жыл соңына дейін «Байсат», «Қазына», «Кенжехан» және «Барыс-4» жаңарту жұмыстары аяқталады. Бүгінде қалада 20 мыңнан астам кәсіпкер бизнесін жүргізіп отырған 52 базар бар. Қазіргі уақытта 28 базар жаңартылып, 25 млрд теңгеден астам инвестиция салынған. Мұндағы жұмыс орындарының саны 3,4 мыңға артып отыр.
АЛМАТЫ