Әлем • 08 Мамыр, 2022

Шанхайда коронавирус өршіп тұр

330 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлемде коронавирус инфек­ция­сының таралуы бәсеңдегені­мен, Қытай бұл дертпен әлі күресіп жатыр. ҚХР төрағасы Си Цзиньпин халықтың наразылығына, эконо­миканың құлдырауына қарамастан қатаң шектеулер қойды. Қытай неге дертті ауыздықтай алмай отыр? Індетке қарсы вакцинаның әсері әлсіз бе? Танымал иммуно­логтың болжамы қандай?

Шанхайда коронавирус өршіп тұр

Қытайда індет жұқтырудың 4 696 жаңа жағдайы тіркелді. Соның ішінде Шанхайда – 4 269, Бейжіңде – 70, Хэнань провинциясында 79 адамнан вирус анықталды. Осыған орай Азия Олим­пиадалық кеңесі қыркүйекте Ханчжоуда өтетін Азия ойындарын кейінге шегерді.

Індеттің өршуі әсіресе, Шанхай өңіріне айтарлықтай әсер етті. Соңғы бір аптаға созылған карантин салдарынан 25 млн тұрғынды азық-түлікпен қамту қиын болып тұр. Қала билігі айтылып жатқан сын мен наразылыққа қарсы шара қолдана алмай отыр.

ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қытай­дың ең жоғары шешім қабыл­дайтын органы болып табылатын жеті мүшеден тұратын Саяси бюроның тұрақты комитетінің алдында сөйлеген сөзінде Шанхайдағы індетке қатысты пікір білдірді. Ол шенеуніктерді коронавируспен күресуде табандылық танытуға шақырды. «Біз Уханьды қорғауда індетпен күресіп, жеңіске жеттік. Қазір біз Шанхайды қорғау үшін күресіп жатырмыз, оны да жеңе аламыз», деді Си Цзиньпин.

Денсаулық сақтау сарапшылары Қытайда вакциналау мен ревакциналау деңгейі тым төмен екенін айтып отыр. Сонымен қатар елдің түрлі аймақтарын­да денсаулық сақтау ресурстарының біркелкі емес екенін алға тартады. Мұны Қытай билігі де рас­тап отыр. Сондықтан шекараны айқара ашуға әзір рұқсат берілмейді. Экономистер қатаң шектеулер жалғаса берсе, елдің экономикалық жағдайы нашарлайтынын айтады.

Канадалық иммунолог Джон Белл BBC Radio 4 арнасына әлем қалыпты жағдайға көп ұзамай оралады деген пікір білдірді. Оның сенімді жауап беруі бекер емес. Өйткені Оксфорд университетінің профессоры AstraZeneca компаниясымен бірлесіп, коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеген топтың мүшесі.

«Вакциналардың әсері өте күшті. Оны салдыртқан адамдарға қауіп жоқ. Қазір коронавирустан қайтыс болып жатқан адамдар өткен шілдеден бері екпе алмаған. Бұл қайғылы жағдай», дейді ол.

Оның айтуынша, қарттар мен иммунитеті төмен адамдарға төнген қауіп әлі де сейілген жоқ. Сондықтан 65 жастан асқан адамдар және иммундық жүйесі нашар адамдар тағы да екпе салдырғаны жөн деп есептейді.