Қазақстан • 08 Мамыр, 2022

От кешу

319 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мен бірде Алматыдағы М.Әуезов атындағы драма театрына спектакль көруге бардым. Сондағы үзіліске шыққанда соғыс ардагері Шайхыслам Баймұхамбетов ағайдың ұлы Бағланмен кездесіп қалдым. Екеуіміз ағалы-інілі болып құшақ жая қауыштық. 60-70-80-жылдардағы Нарынқолда өткізген күндерді әңгімелеп, мәре-сәре болдық та қалдық. «Қазір жол жақсы ғой. Баяғы ГАЗ-69 машинасы емес. Көлігіміз жүрдек. Ауылға туысқаншылап барып тұрамын», деді Бағлан. Иә, сонау бір кездері Нарынқолдан Алматыға жетудің өзі мұң еді. ПАЗ деп аталатын шағын автобустар. Оның өзі санаулы. Жолаушылардың оған сыймай таласып жатқаны. Жол да оңып тұрған жоқ еді. Ал енді... Уақыт бәрін де қалпына келтірген. Өзгерткен. Бағлан інімнің сөзінен мен міне, осыны ұқтым.

От кешу

Осыны ойлап тұрып: «Айналайын, – дедім. – Әкең Шайхыслам ағамен қыз­мет­тес болған адамдардың көбі бүгін ара­мызда жоқ. Ол кісінің соғыстағы өмі­рі­не байланысты жеке құжаттар сенде бар ма?

– «Бар аға. Үйде сақтаулы».

Содан көп кешікпей Бағлан маған қалың папканы әкеліп бергені. Мұн­дай қуанбаспын. Өйткені: «Аштықта жеген құйқаның дәмі тоқтықта ауыз­дан кетпейді», демекші, алғашқы ең­бек ­жолымды 1966 жылы аудандық «Со­вет­тік шекара» газетінде тілші болып бас­таған мен сияқты өрімдей жастарға аупарткомның салалық хатшысы Шай­хыс­лам ағаның жасаған жақсылығы аз болған жоқ. Қолыма жоғарыдағы де­рек құжаттары түскен соң оларға ал кеп үңілейін. Сонда өзімді мазалаған көп сұ­­рақ­тарға жауап тапқандай болдым. Өйт­кені...

Соғыс басталғанға дейін де біздің кейіп­керіміздің өмірі кілең қиындық­тар құр­сауында өткен еді. Оған 4 жасқа кел­генде әкенің, 9 жасында анасы­ның дүние­ден өтуін, содан 10-ға толған­да көршілердің қозы-лағын бағып, кісі есігінде жаутаңдай күн кешкенін айт­сақ та жеткілікті. Сондай кезде жергілік­ті үкімет адамдары мұны көріп, көр­ші аудандағы Қарабұлақ бастауыш мекте­бі ин­тернатына орналастырады. Одан Нарын­қолдағы Социалистік Қазақ­стан орта мектебі Көмірші ауылындағы колхоз жұ­мысына кіру...

Ауылдағы бас көтерер азаматтар 1941 жылы майданға аттанып жатқанда, Шай­хыслам аға 17 жаста еді. Соған қара­мас­тан аудан орталығындағы қорғаныс бөліміне келіп Қызыл Армия қатарына алу жайлы өтініш жазады. Бір емес, бірнеше рет. Ақыры оның алған бетінен қайтпайтынын байқаған әскери комиссариат адамдары мұны 1942 жылы Өзбекстанның Қаттақорған қаласындағы Гомель жаяу әскерлері училищесіне жібереді. Онда кіші командирлер даярлайтын курсты жеделдете оқып бітірген ол 1943 жылдың көктемінде Батыс май­да­ны­ның 133-атқыштар дивизиясына келіп, от пен оқтың ортасынан бір-ақ шығады. Осыдан бастап жастайынан ашаршылық пен жоқшылықты көр­ген Шайхыслам аға зұлмат соғыстың тозағын көзбен көріп, қасіретін бастан кешіреді. Бала кезінен еңбекпен көзін ашып, арқасына ауыр жүк арқалап, болаттай шыныққан ол Бела­русь жері үшін болған шайқастарда кездес­кен қиындықтарға мойымайды. Толарсақ­тан су кешіп, бет қарыған аязда жеңіл ­шинельмен дірдектеп окопта жатады. Боран мен үскірікте бөлімшесін жауға көтеріп, алдыңғы сапта жүреді. Осы­лайша, ол сол уақыттағы соғыс­тың ең ауыр, ең қиын, әрі ең шешуші ауыр жылдарында Батыс майданы­ның 251-ші Витебск атқыштар диви­зиясында, одан соң 3-ші Беларусь, 1-ші Прибалтика майдандарындағы кес­кі­лес­кен соғыстарға қатысады. Аға­мыз­­дың әскери құжаттарында жазыл­­ған­дай, сол кездері ол Витебск, Орша, Ярцев, Кенисберг, Смоленск, Прибал­ти­ка­­ның Каунас, Вильнюс қалаларын және ­Поль­шаның солтүстік-батыс аймақ­та­­рын неміс фашистерінен тазарту опера­­ция­ла­рына қатысып жеңіс жолын жал­ғас­ты­рады.

Дивизия командирінің соғыс кезін­де Шайхыслам ағаға тапсырған мына сар­ғай­ған марапат қағазына назар ауда­райықшы. Онда: «Советтік Прибал­­­ти­каны жау­дан азат етуші аға сержант Ш.Бай­мұханбетовке! Жоғарғы Бас Қол­­басшы, Кеңес Одағының маршалы И.В.Сталиннен. 1944 жылдың 19 шіл­десіндегі бұйрығымен Рига қала­сы­ның оңтүстік-шығыс бөлігіндегі мық­­ты бекіністерді бұзып, Иецава ба­ғы­­­тын­дағы терең қорғаныс шептерін жау­­дан тазартуда көрсеткен ерлігіңіз үшін сізге Алғыс жариялаймын!» деп жа­­зылған. Содан кейін 1944 жылдың 28 қыркүйегіндегі Витебск қаласын, 1945 жылдың 6 қаңтарында Шығыс Прус­сияның Мазур көлдері маңын, сол жылдың 6 ақпанында Прибалтика­ның Ландсберг, Партенштейн қалаларын, 11 ақ­панда Преистиш, Айлау қала­ла­рындағы немістердің мықты қор­ға­ныс шептерін алудағы ерліктері үшін Ш.Баймұханбетов Жоғарғы Бас Қолбасшы И.В.Сталиннен 5 рет қа­та­рынан Алғысхат алған. Осынау ауыр шай­қастарда бұдан бөлек ол 2 рет «Ер­лігі үшін» медалімен, офицерлікке жеткен кезде 1-2 дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталған. Партия қатарына қабылданған соң командирдің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қыз­ме­тіне тағайындалған.

Шайхыслам аға соғыс жылдарында бір өліп, бір тірілген азапты күндерді де бастан кешіреді. 1943-1945 жылдары 4 рет жараланыпты. Атап айтқанда, 1944 жылдың 24 қаңтарында бомбаның жарықшағы оң жақ жауырынына тиген. Әскери дала госпиталінің бастығы берген кезекті бір анықтамада: «Сквозное пулевое ранение» деп жазылған. Тағы бірде жау оғы сол жақ қабырғасының үстінен, жүрек тұсынан денені тесіп өткен. Есін білмей госпитальға түскен ағамызды көрген дәрігер: «Жігітім, көрер күнің бар екен», деп оны көп емдеп, әрең қатарға қосқан. «Енді сен әскерге жарамсызсың. Үйіңе қайтуға болады», де­генде кейіпкеріміз бұған келіспей: «Жазылдым. Денсаулығым жақсы. Же­ңіс­ке жетпей үйге қайтпаймын», деп бөлмеден шықпай тұрып алады. Қазақ жігітінің өжеттілігіне сүйсін­ген дәрігерлік комиссия оның қайтадан май­данға ба­руына рұқсат етеді.

Шайхыслам аға Баймұханбетов 1945 жылы Мәскеудегі Жеңіс парады өткен соң: «Енді туған жеріме, Қазақстанға ора­лармын», деп жүреді. Сонда әске­ри басшылықтан жаңа бұйрық алады. Бізде саяси тәрбие жұмысын білетін ­кадрлар тапшы. Сондықтан Қызыл Армия­ның резервіне алындың», деп оның қо­лына КСРО Ішкі істер министрлігі­нің 31-ші батальонына командир бо­лып тағайындалғаны туралы бұйрықты ­тап­­сырады. Бұл қызметті де ағамыз се­німге селкеу түсірмей екі жыл абыроймен атқарады. Тек 1947 жылдың күзінде ғана аман-есен Көмірші ауылына оралады.

Кейіпкеріміздің міне, содан кейінгі өмірінің бәрі өзінің туған жерімен тікелей байланысты болды. 1947-1985 жылдар аралығында ағамыз асықпай-аптықпай жер­гілікті жердегі барлық қызмет бас­палдақтарын басып өтіп, нағыз меритократия үлгісін көрсетті. Олай дейтініміз, әскерден оралған соң аудандық партия комитеті бірінші хат­шысының көмекшісі, нұсқаушы, колхоз парткомының хатшысы, аудандағы жастар жетекшісі болды. Одан кейін 15 жыл бойы аудандық партия комитетінің үгіт-насихат, партиялық-ұйымдастыру бөлімдерінің меңгерушісі, 17 жыл сол аупарткомның үшінші және екінші хатшысы жұмыстарын абыроймен атқарды. Зейнет демалысына шыққаннан кейін де 10 жыл Нарынқол өңірі ардагерлер кеңесінің төрағасы болып, қоғамдық істердің бел ортасында жүрді. Дархан көңіл, кішіпейіл мінезімен, біліктілік және білгірлігімен адамшылық келбетіне дақ түсірмеді. Ауданда ғана емес, облыс көлемінде қайраткерлік дәрежеге жеткен есімі белгілі басшы болды. Ұзақ жылғы адал еңбек, төгілген маңдай тер елеусіз қалмады. «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды. Ал Жеңістің 60 жылдығында маршал Жуков орденіне ие болды. Бұл ағамыздың Алматы қаласына көшіп келіп, сондағы қалалық ардагерлер кеңесі жұмысына белсенділігімен қатысып жүрген кезі еді. Сол ұлы ерліктің 77 жылдық мерекесі де жақындап келеді. Соның қарсаңында өмірі өнегеге толы соғыс ардагерін еске алу ең үлкен адам­гершілік парызымыз деп білеміз.

 

Әбілбек АЙТАҚЫНОВ,

Шелек ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы,

Райымбек, Еңбекшіқазақ аудандарының құрметті азаматы

 

Алматы облысы