Тарих • 08 Мамыр, 2022

Тұтқындар қасіреті

366 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Адамзат тарихында орын алған қақтығыстардың барлығына ортақ траге­диясы көп. Солардың бірі кеңестік тарихта «Ұлы Отан соғысы» деген атпен қалған Кеңес Одағы мен Германия мемлекетінің арасында болған соғыстағы тұтқындар қасіреті.

Тұтқындар қасіреті

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Соғыс жүргізудің ережелерін және тұтқындардың құқықтарын белгіле­­ген халықаралық «Соғыс тұтқындарын ба­ғып-күту туралы» келісімді 1929 жыл­дың 27 шілдесінде Женевада 47 мемлекет мақұлдап қабылдаса да, сталиндік саясат жау қолына тұтқынға түсіп қалған кеңестік жауынгерлерді «Отанын сат­қан» сатқын ретінде бағалап, жоғарыда айтылған келісімге қосылмайтынды­ғын айтты. Өз мемлекетінің қорғауы­нан айырылып, Халықаралық Қызыл Крест ұйымының көмегіне зәру болған кеңестік соғыс тұтқындарының 3/2-сі фашистер­дің қорлығы мен азабынан, аштық пен аурудан көз жұмды, медициналық сынақтар­ға пайдаланды немесе газ камералары арқылы жойы­лып жіберілді. Фашистік Германия­ның өзі Женева конвенциясына 1934 жылдың 21 ақпанында қол қойды. Бірақ КСРО-ға қарсы соғыс басталмай тұрып-ақ, 1941 жылы 30 наурызда Герман қарулы күштері басшыларының жиналысында Гитлер болашақ соғыстың сипатын анықтап, Қарулы күштер басшылығына соғыс жүргізудің жалпы қабылдан­ған ережелерін сақтамауды құпия түр­де ескертті. Соғыс ашқаннан кейін бей­тарап мемлекеттер арқылы Кеңес Одағына Женева келісіміне қол қоюды талап етті. Сталиндік өкімет бұған үзіл­ді-кесілді қарсы болды.

Германияда Гитлер бастаған фашис­тік партия билік басына келген 1933 жылдан бастап 1945 жыл аралығын­да өзінің одақтастарымен 40 мыңға жуық лагерьлер, олардың филиалдары мен түрмелер тұрғызды. Олардың ішіндегі ең іріле­рі Дахау, Заксенхаузен, Бухенвальд, Собибор, Белжец, Равенсбрюк, Май­да­нек, Освенцим және т.б. Алғашында кон­центрациялық лагерьлерде саяси тұтқындар, «халық ­жаулары», еврей және сыған ұлты өкілдері ұсталған бол­са, Екінші дүниежүзілік соғыс қарса­ңында әскери тұтқындарды да әкеліп қамай бастады.

Кеңес әскери тұтқындарының тұт­қын­ға көптеп түсуі соғыстың алғашқы екі жылының үлесінде. Соғыстың ал­ғаш­қы айларында:

Белосток және Минск қос қоршауын­да – 328 898 әскер;

Умань қоршауында – 103 000 әскер;

Могилев – Орша – Полоцк – Невель – Смоленск қоршауында – 310 000 әскер;

Рославль үшін шайқаста – 38 000 әскер;

Мозырь ауданында – 78 000 әскер;

Киевтің шығысында – 665 000 әскер;

Черниговка – 100 000 әскер;

Вязьма түбінде – 663 000 әскер және ұсақ қоршауларды қосқанда барлығы ­
3 миллионға жуық жауынгер, командирлер мен саяси жетекшілер тұтқынға түсті.

Жалпы, Екінші дүниежүзілік со­ғысы жылдары неміс қолбасшылығы 5 270 000 кеңестік әскер тұтқынға түс­ті деп көр­сетсе, Ресей Федерациясы Бас штабының мәліметі бойынша тұт­қындар саны - 4 590 000. Кейбір дерек­терде 7 миллион адам тұтқында болған деп жазылады.

Осыншама әскердің тұтқынға тү­­суі­­­­нің басты себептерінің бірі - Жұ­­мыс­­шы-Шаруа Қызыл Армия коман­­дир­­лерінің 1937-1938 жылдары жап­пай репрессияға ұшырауы. Мы­салы, алғашқы бес қызылармияшы мар­шал­­дың үшеуі (М.Н.Тухачевский, В.К.Блюхер, А.И.Егоров) және жоғары бас­шылық құрамдағы 800-ге тарта командарм мен командирлер атылып кет­ті. Орта және төменгі басшылықтағы әскерилерден атылғандар (полк, батальон, рота, взвод командирлері) саны 25 000-нан асады. Олардың орны­на төменгі дәрежедегі әскерилер жыл­жы­тылды. Мысалы, «майор» ше­нін­де дивизия командирі, «аға лейтенант» шенінде полк командирі болып та­ғайындалған жағдайлар кездеседі. Яғни мәселе әскери атағына дәрежесі мен тәжірибесі сай, саналы басшылық құрамының болмауында жатыр.

Қазақстан және Орта Азиядан әс­керге шақырылу (мобилизация) 1939 жылдан бастау алады. Оған дейін са­уатты делінген ортаазиялықтарды ға­на іріктеп әскерге алды. Оның себебі «орыс­­ша біл­мейтін жауынгерлер әскер­ді бас­қаруға қиындық келтіретіндігі­мен» түсіндірілді. Осының өзі соғыс­тың алғашқы жылдары әскерге алынған қазақ, қырғыз, өзбек, қарақалпақ, тү­рікмен және тәжік жауынгерлерінің 2-3 айлық даярлықпен ұрысқа кіріп, орасан зор қырғынға ұшырауы дәлел.

Тұтқынға түскен қазақ жауын­гер­­ле­­рінің саны туралы нақты дерек жоқ. Соғыс кезінде тұтқынға түскен кеңес сол­­даттарының фильтрациялық істері­нен және трофейлік карточкаларынан алы­н­ған мәліметтерге ғана сүйенуге тура келеді.

Гиммлердің басшылығымен конц­лагерь­лерді күзеткен СА, СС, поли­ция басқармасы лагерьде болған кей­бір кеңес тұтқындары туралы мәлімет беретін жеке карточкаларында суре­тін, ұлтын, лагерьлік нөмірін, бойының ұзындығы, көзінің және шашының түстерін көрсетіп отырған. Бір қиын­дығы тұтқынның жеке карточкаларында мұсылман жауын­герлерінің аты-жөндерін тіркеген қыз­меткерлер қа­лай естіп қабылдаса, құжат­тарға со­лай түсіріп отырған. Мысалы, 211-ші атқыштар дивизиясының 887-ші ат­қыштар полкінің қатардағы жауынгері Зихан Шекетаев 25 мамыр 1942 жылы Орел облысындағы Сутолки деревнясы маңында неміс фашистеріне тұтқынға түскен. Орел жерінен тұтқындарды жаяу Польшаға айдаған. Польшаның Майданек концлагерінде 8 қаңтар 1944 жылы қайтыс болғаны туралы неміс құжатында жылыойлық тұтқын Зихан Шекетаев «Чекатаев Сахон», «ұлты – қазақ», «лагерьлік нөмірі: 611» соғысқа аттанғанға дейінгі тұрғылықты жері болған Молотов колхозы «Молотов қа­ласы», баласы Нұрберген «әкесі – Нур­берган» деп көрсетілсе, ал Украина­ның Харьков түбінде тұтқынға алынып, Германияның Геттинген қаласындағы «шталаг VI C» лагерінде 5 желтоқсан 1942 жылы қайтыс болған маңғыстаулық (оңдылық) тұтқын Қарақұлшық Баша­нов неміс құжатында «Пашанов Хара­кул», «ұлты – қазақ», «лагерьлік нөмірі: 47006» әскерге алынған Гурьев облы­сын «Каримская», әйелі Ақбұрыш «Акпруш» деп бұрмаланып жазылған.

Германияның арнайы қызметі мен әскери-саяси басшылары тұтқынға түс­­кен кеңес жауынгерлерін әр түрлі мақ­­сатта пайдаланды. Тұтқындардың кей­бір топтарын ауыр жұмыстарға (шах­­таларға, тау-кен жұмыстарына) салды. Ортаазиялық («Түркістан легионы»), славян («Орыстарды азат ету армиясы»), кавказдық («Солтүстік Кав­каз легионы»), Волга бойының тұр­ғындарының («Идель – Урал») ұлт өкіл­деріне арналған ұйым­дар құрып, ұйым­ға мүше болуға тұтқын­дар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Бұл ұйымдар «Шығыс легионы» деп аталды. Лагерьдегі адам төзгісіз ауыр тірлікке, ауруға, аштыққа шыдай алма­ған тұтқындар амалсыздан осы аталған ұйымдарға кіруге мәжбүр болды. Мү­ше болғандар арасында, соғысқа дейін негізсіз қудаланып, большевиктер би­лігіне наразы болған адамдар да бар. Осындай жағдайлар көптеген кеңес­тік тұтқындардың соғыс аяқталған соң Ота­нына қайтпай қалуына себепші бол­ды. Арнайы даярлықтан кейін олар­ды КСРО тылында диверсиялық әре­кеттер жасауға, Еуропа (Италия, Фран­ция және т.б.) елдеріндегі парти­зан қозғалыстарына қарсы соғысуға жұ­­мылдырды.

«Түркістан легионының» мүшеле­рі диверсиялық әрекеттер жасауға, жер­­гілікті халықтың өкіметке қарсы қоз­ғалысын ұйымдастыруға парашютпен қазақ жеріне де түсірілді. Солардың ішінде 1944 жылы 3 мамыр күні Жылы­ойдың Сарғасқа жеріне түсірілген Әли­хан Ағаев бастаған 14 адамнан тұратын ди­версиялық топ та бар.

Топ басшысы неміс әскерінің обер-лейтенанты Әлихан Ағаев (бүркен­шік есімі)1908 жылы 23 наурызда бұрынғы Гурьев облысының Қызыл­қоға жерінде дүниеге келіп, Тайсой­ған құмында өскен, аты-жөні Әмірхан Тілеумағанбетов болатын. «Жеті клас­тық мектепті аяқ­тап, агроном ма­ман­дығы бойынша жоға­ры білім алған, өте сауатты, кез келген іске епті, сұң­­ғақ бойлы келген жігіт еді» дейді екен көз көргендер. 1939 жыл­дан бас­тап Қызылқоға, Жылыой өңірлерінде агро­ном, аудандық атқару комитеті төр­ағасының орынбасары қызметте­рін ат­қарған. Соғыс басталар алдында Ал­ма­тыға қызмет ауыстырып, сол жерден соғысқа аттанған. Соғыста 44-ші атты әскер дивизиясының 51-ші атты әскер полкінің сапында взвод команди­рі, лейтенант шенінде Мәс­кеуді қорғау­ға қатысқан. Аға лейтенант Әмірхан (Әлихан) Ағаев 1941 жылы 17 қарашада Волоколамск қа­ла­сының түбіндегі үл­кен шайқаста немістерге тұтқынға түсіп қалып, Гер­манияның оңтүстігіндегі Ставнау қа­ласында орналасқан әскери тұт­қындарға арналған лагерьде болады. Лагерьде жүріп, қазақ тұтқындары­нан топ құрып, коммунистерге қарсы күреске шығуға ниеті барын Берлинге жеткізген. Келісімін алғаннан кейін тұт­қындар ортасынан бірнеше қазақ­ты іріктеп алып, құпия агенттер даярлайтын арнайы мек­тептің курсынан өткен.

...1944 жылы 19 мамырда дивер­сия­лық топ Ақшелек-Буракөл маңа­йын­да КСРО Ішкі істер халық комиссариа­ты (НКВД) қызметкерлерінің күшімен толықтай талқандалған.

Германия тізе бүккен соң, фашис­тік лагерьлерден азат етіліп, елге аман оралған тұтқындарды сталиндік режім күтіп тұр еді. Оларды чекистер сүз­гі­ден өткізіп, Кеңес өкіметіне қарсы ауыр қылмыс жасады дегендерді ауыр жаза­ға үкім кессе, қалғандарын әр түр­лі жыл­ға соттап, кеңестік лагерьлерге қама­ды немесе соғыста қираған қала­лар­­ды қал­пына келтіруге жіберді. «...Кей-­­­
біреулері ғана ұзақ тексерістен ке­йін үйлеріне қайтарылды. КСРО-Гер­ма­ния қатынасы тарихын зерттеуші Г.Көкебаева 1945 жылдың қазанын­да­ғы жағдай бойынша КСРО-ға орал­ған 1 368 849 тұтқынның қатарын­да ­­
23 143 қазақ болған деп көрсетсе, әске­ри тұтқындар тақырыбын алғашқы бо­­лып көтерген Ресей зерттеушісі В.И.Земсков 1946 жыл­дың 1 наурызындағы жағ­дай бойын­ша аталған санаттағы қа­зақ­­тардың саны 24 448 болғанын анықтаған, алайда олардың қаншасы кеңес лагеріне түскені, қаншасы елге оралғаны осы күнге дейін белгісіз. Не­міс тұтқынында болған кеңес адамдары ұзақ жыл бойы күдікті элементтер болып саналғандықтан, тұрғылықты жерге оралғандарға төлқұжаттың орнына арнайы куәлік берілді және басқа облыс, аудандарға шығуға тыйым салынды».

Боранқұлдық Мәрден Ақоразов 1911 жылы бұрынғы Гурьев облысында дүниеге келген. 1942 жылы 17 нау­рызда Жилокосинский әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылып, соғысқа дейінгі 2 айлық даярлық­тан өткеннен кейін, 29-шы гвардиялық атқыштар дивизиясының сапында Смо­­ленск түбіндегі шайқаста тамыз айын­да неміс тұтқынына түседі. Одан ке­йінгі үш жыл өмірін Еуропа елдері­нің әскери тұтқындар лагерьлерінде өткізеді. Америка-ағылшын әскерлері тұтқыннан босатқаннан кейін, кеңес­тік 300-ден астам адам, Францияның Марсель қала­сынан кемемен 10 күн жүзіп Ыстанбұл қаласына жеткен. Ол жерден тағы да кемемен Қара теңіз ар­қылы Одесса қаласына бағыт алып, 1945 жылы 8 мамыр күні Одесса портынан түскен сәтте барлығын тұтқындап, Украинаның Житомир қаласындағы арнайы қызмет бөліміне сүзгіден өткізуге тапсырылады. Жылға жуық тергеп-тек­серуден кейін Ресейдің Иркутск облы­сының Черемхово қаласындағы ла­герьге 6 жылға ауыр жұмыстарға же­гіледі. «Лагерьдің колония бастығы адам­гершілігі мол, мейірімді адам болып шықты» деуші еді Мәрден әкем» деп еске алады баласы Сандыбай. «Колония бастығы мені 1949 жылдың көк­темінде демалыс беріп, 1 айға ауыл­ға жіберді. Әскерге алынғаннан бері азап­ты жылдар мен ауыр күндерді бас­тан кешіп, араға жеті жыл салып аға­йын-тума­мен қауыштым. Соғыстан ке­йінгі елдің жағдайы өте төмен екен. Ауыл­дың еркек кіндіктісінің көбі со­ғыстан оралмаған. Оралғандарының өзі соғыста алған жара­қаттарынан кем­бағал. «Менің баламды, бауырымды, күйеуімді, әкемді көрмедің бе?» деп үйге келушілердің қарасы көп. «Құтты қонақ келсе қой егіз табады» деген, үй­дегі жалғыз қой егіз туған екен. Жоқ­шылық уақыт, әкем екі қозысын со­йып, көрші-көлемді шақырып жіберді. Қарлығаш анаң қозылардың терісін илеп, дайындап қойған еді. Демалысым аяқталғаннан кейін қаракөл елтірісін өзіммен бірге ала кеттім. Колонияға бар­­­ған соң құнды саналатын қаракөл елтірісін лагерь бастығына сыйға тарт­тым. Сыйлығымның көмегі тиген бо­луы керек, 1950 жылдың басында бас­тығым жаза мерзімінен ерте босатып, біржолата елге де оралдым-ау» деп әң­гі­месін аяқ­тапты ұлына майдангер.

Ұлы Отан соғы­сының ардагері Мәр­ден Ақоразов 1975 жылы 19 мамырда қайтыс болды.

Бұрынғы әскери тұтқындар «жазасын» өтеп елге оралғаннан кейін де үнемі бақылауда болды. «Немістің тұт­­қынында болған», «сатқын», «саяси сенімсіз» деген сөздер алдарынан шы­ғып отырды. 9 мамыр мерекесіне, ұжым­дық, мектептегі кездесулерге ша­қы­­рылмай, қызметтен де шеттетілді. Өз­де­рінің кінәсіздігін дәлелдей алмай, көп­шілігі өмірден пұшайман күйде өтті. Тағдырдың тәлкегіне ұшырап, тірі болған соң ғана жер басып жүрген осы бір жандарға 1985 жылдан бастап жылымық келгендей болды. Оларды Ұлы Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында ғана әр түрлі дәрежедегі «Отан соғысы» орденімен кеш те болса марапаттай бас­тады.

«2020 жылдың 24 қарашасында Қа­зақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жө­ніндегі мемлекеттік комиссия туралы» №456 Жарлығына қол қойды. Қуғын-сүргінге ұшыраған әртүрлі топтардағы азамат­тарды толық ақтау бағытында Маң­ғыстау облысы әкімдігі жаны­нан өңір­лік комиссиясының 11 жұмыс тобы құрылып, өз жұмысын бастап кет­ті. Құрылған комиссия тобының ішінде «1939–1945 жж. фашистік Гер­мания, Финляндия және басқа Еуропа елдерінде қамауға алынған қа­зақ­стандық әскери тұтқындарды, сон­дай-ақ «Түркістан легионында» уақыт­ша болған қазақстандық әскери тұт­­қындарды ақтау бойынша зерттеу, қо­рытынды және ұсыныстар дайын­дау жө­ніндегі» жұмыс тобы бар. Қазақ­стан­дық әскери тұтқындардан басқа алдымызда Екінші дүниежүзілік соғыста қыл­мысты болып ауыр жазаға кесілген және әр түрлі жылға сотталған адамдар­ды да анықтап, толық ақтауға ұсыну міндеті тұр.

 

Киікбай ЖАУЛИН,

саяси ғылымдар докторы, профессор

Жәнібек НАУАРОВ,

өлкетанушы

 

Ақтау