Оқиға • 08 Мамыр, 2022

Ислам өркениеті және түркілер Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті

527 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Түркістан қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Ислам өркениетінің дамуына түркі халықтарының қосқан үлесі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынға қатысушылар алдымен Әзірет Сұлтанның басына барып, арнайы тағзым етті.

Ислам өркениеті және түркілер Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті

Конференция жұмысына Түркі мем­лекеттері ұйымының Бас хатшысы Бағдат Әміреев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров, Түркістан облы­сының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Түркі мемлекеттері ұйымы ақса­қалдар кеңесінің мүшесі Икрам Адыр­бекұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Нау­рызбай қажы Тағанұлы, Түркия Респуб­ликасы Дін істері басқармасының бас­шысы, бас мүфти Әли Ербаш, Кав­каз мұсылмандары басқармасының төр­ағасы, бас мүфти Аллашүкір Паша-Заде, Қыр­ғызстан мұсылмандары діни басқар­масының төрағасы, бас мүфти Замир Ракиев, Өзбекстан мұсылмандары басқар­масы басшысының бірінші орынбасары Ха­митжан Ишматбеков, ҚМДБ ғұламалар, Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, ға­лымдар мен облыс бас имамдары қатысты. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық ғылыми-тәжірибелік кон­ференцияға құттықтау хатын Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров оқып берді. «Бауырлас Әзер­бай­жан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия елдерінің бас мүфтилеріне және құрметті қонақтарға зор ризашылығымды білдіремін. Ата дініміз Ислам мейірімділік, имандылық, қанағатшылдық сияқты асыл қасиеттерді дәріптейді. Сондай-ақ бейбітшілікті, тұрақтылық пен береке-бірлікті нығайтуға шақырады. Осы орайда алқалы жиынға қатысып отырған дін қайраткерлері жаһан жұртын ізгілік жолына жұмылдыруға сүбелі үлес қосады деп сенемін. Бүгінгі басқосу түбі бір, тарихы ортақ елдеріміздің рухани-ағар­тушылық бағыттағы жұмыстарына тың серпін беріп, игі бастамаларымыздың баянды болуына ықпал ететіні сөзсіз. Баршаңызға зор денсаулық, конференция жұмысына толайым табыс тілеймін!», делінген Президенттің құттықтау хатында.

Өз кезегінде министр Асқар Омаров Түркі әлемінің тарихи және рухани астанасы – Түркістанда өтіп жат­қан халықаралық конференцияның өзекті­лігін және оның түркі әлемінің рухани-діни өміріне деген ықпалын тілге тиек етті. Ал Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Бағдат Әміреев қазіргі әлем­де болып жатқан жағдайлар көпте­ген құбылысқа басқаша қарауға негіз болатынын айтып өтті. «Біз ынты­мақ­тастығымызды нығайтуымыз, страте­гиялық әріптестігімізді күшейтуге және тағдырлас, бауырлас елдеріміздің бірлігін бекіту жолында үлкен қадамдар жасауымыз қажет», деді Б.Әміреев.

Түркітілдес елдердің ортақ мұраларын дәріптеу, Қорқыт ата, Ясауи, Мәуләна, Науаи, Манас мұраларын насихаттау, Матуриди сенім мектебі мен Әбу Ханифа мәзһабын халыққа жеткізу, сондай-ақ діни оқу-ағарту саласы бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру, жаһандық сын-қатерге жауап беруде мұсылман үмбетінің өзара ынтымағын арттыру мақсатындағы конференцияда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев маңызды жиын Ислам өркениетінің жандануына мүмкіндік беретінін айтты. «Адамзат тарихының дұрыс бағытта өрбуінде Ислам дінінің алар орны ерекше. Бүгінгідей алмағайып кезеңдерде діни алауыздықтың орын алуына жол бермей, Ислам тарихының зерделенуіне еңбек етіп жүрген сіздерге деген құрметіміз ерекше. Түркістан – қазақ жұртына ғана емес, күллі Түркі елдеріне ортақ қасиетті ұғым, рухани орталық. Демек оның тарихы да, рухани дамуы да бауырлас елдерді ортақ мақсатқа жұмылдыратын бағдар болуға тиіс», деді Өмірзақ Шөкеев.

Алқалы жиында сөз алған Түркі акаде­миясының президенті Дархан Қыдырәлі Түркі дүниесінің ислам өркениетіне және адамзат тарихына қосқан орасан зор үлесі туралы баяндама жасады. «Әзірет қонған әз Түркістанда, екі жылда ертегідей құлпырған, гүлденген қасиетті шаһарда, әулие мен баптар мекенінде, түгел түркінің руханияты қайта келгендей әсердеміз. Бір кездері батасын беріп, Балқанға дейінгі байтақ мекенге жіберген балаларын бабамыз бүгін бауырына қайта басты. Рух салтанат құрды. Бауырлас елдердің бас мүфтилерінің қасиетті Түркістанда осындай конферен­ция өткізуінің символдық мәні зор. Себебі Түркі әлемі азамзат тарихына, Ислам өркениетіне үлкен үлес қосқан, –  деді Дархан Қыдырәлі.

Сондай-ақ Түркі академиясының бас­шысы бабаларымыздың дінді Құранмен қабылдағанын айтып өтті.  – Құранды алғашқылардың бірі болып аударған. Демек біздің бабаларымыз Құранды аударатындай білімді болған. Біздің тіліміз де Құранды аударатындай бай болған. Сондықтан Орталық Азия Түркіс­тан қысқа мерзім ішінде, дінді қабылда­ған елу жылдың аясында, бүкіл дін ғылы­мы­ның орталығына айналды. Жалпы, Ис­лам әлемі, Ислам өркениеті дегенде түркі­лерсіз оны елестету мүмкін емес, – деді ол.

ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістандағы басқосу түркі мемлекеттері бас мүфтилерінің бауыр­машылдық байланысын жандан­дыра түсетініне сенім білдірді. Бұл ба­ғытта Түркітілдес мемлекеттердің мүф­тилер алқасы аясында бірігу маңыз­ды. Түркітілдес халықтардың ынтымақ­тас­тығы мен бауырластығын одан әрі нығайту, сондай-ақ түркі дүниесінің тари­хи, рухани және мәдени мұрасын сақтау бағытында қабылданған шешімдер мен бастамаларды іске асыруды жан-жақты қолдау мақ­са­т­ындағы мүфтилер алқасы рухани-діни консультативтік-кеңесші орган ретін­де бірқатар бастамаға мұрындық бол­мақ. «Біріншіден, мем­лекеттеріміз ара­сын­дағы ынтымақ­тас­тықты арттыруға үлес қосу. Ислам құндылықтары мен руха­ниятын дәріп­тей отырып, түркі халық­тарының дінаралық байланысын арттыру маңызды. Екіншіден, түрлі бөліну­ші­ліктерге жол бермеу. Атап айтқанда, нәсілдік, діни, этностық бөліну­шіліктерге жол бермей, саяси идеоло­гия­лық арандатушылыққа қарсы тұруымыз қажет. Үшіншіден, ғылыми-рухани сұра­ныс­тарды қанағаттандыру. Яғни мүф­тилер алқасы аясында бірлескен ғылыми-рухани орталықтар құру, ғалым­дар мен оқыту­шы­лардың, шәкірт­тердің тәжірибе алмасуына жағдай жасауымыз қажет. Төртін­шіден, Ислам туризмін дамытуға арналған бірлескен іс-шараларды атқару. Өзара әріптестік байланысты нығайтып қана қоймай, діни мәселелер бойынша ұдайы пікір алмасып, татулық пен толе­рант­тылықтың ислами үлгісін насихаттап, түркі елдеріне ортақ пәтуалар базасын қалыптастырып және жоғарыда аталған бастамаларды іске асырсақ, бекем ба­уырластығымыздың шынайы көрінісі болмақ», деді Наурызбай қажы Тағанұлы. Сондай-ақ жиында сөз алған қатысу­шылар конференция түркітілдес ел  халықтарының ұлттық-рухани және мәдени құн­дылықтарын насихаттауға жаңа леп беріп, дінаралық және мәдени ынтымақ­тастықты нығайтуға септік ететініне сенім білдірді.

Жиыннан кейін Түркітілдес мемле­кет­тердің мүфтилер алқасы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне арнайы ат басын бұ­рып, оқу орны ұжымымен, студенттер­мен кездесу өткізді. Өкілетті Кеңес төрағасы, профессор Мухиттин Шимшек уни­вер­си­тетте жүзеге асып жатқан маңызды жобалар турасында жан-жақты ақпарат берді. Ал университет ректоры Жанар Темір­бекова қадірменді қонақтарға білім-ғылымның дамуына қосқан үлестері үшін «Құрметті профессор» атағы берілгенін атап өтті.

Келелі кездесуден кейін қадірменді меймандар «Төрағалар аллеясына» ағаш отырғызды.

 

Түркістан