Аймақтар • 08 Мамыр, 2022

Қажымұқанға арналған кешен құрылысына қаржы табылмай тұр

688 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Спорттағы өнері аңызға айналып, даңқы алысқа кеткен, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының 54 мемлекетте күресіп, 48 медаль олжалағаны туралы дерек бар. Сонымен қатар Қажымұқан ел есінде бозкілем төріндегі балуандығымен қатар, домбыра шертіп, ән салған сегіз қырлы, бір сырлы тұлға ретінде қалған. Қажымұқанның бойындағы асыл қасиеттерінің бірі – қолының ашықтығы мен көпшілдігі екенін айтушылар да аз емес. Кей деректерде Қазан төңкерісінен кейін Қажымұқанның өзі ұйымдастырған турнирлерде өнер көрсете бастағаны, тапқан табысын жергілікті халыққа мектептер мен ауруханалар салуға беріп, өзіне және жақындарына өте аз қаражат жұмсағаны айтылады. Қайырымды жанның жақсылығы ұмытылған жоқ, алайда есімін ел есінде қалдыру ісінде бүгінгілердің әрекеті көңіл толарлықтай емес.

Қажымұқанға арналған кешен құрылысына қаржы табылмай тұр

Батыр бабамыздың 150 жыл­дығы былтыр ел аумағында атап өтілді. Пандемияға байланысты тиісті деңгейде атап өту мүмкін болмағанымен, есімін ұлықтау, мәңгілік есте қалдыру мақсатында арнайы іс-шаралар ұйымдастырылды. Алайда біртуар тұлғаға лайықты құрмет белгісі ретінде Ордабасы ауданында салынуы тиіс арнайы кешен құрылысы аяқталмай қалды. Өмірінің соңғы жылдары өткен, мәңгілік мекені Ордабасы ауданына қарасты Темірлан ауылында балуанның аңызға бергісіз ерліктерін ел есінде сақтау үшін былтыр Қажы­мұқан Мұңайтпасұлы атындағы мемориалдық кешеннің іргетасы қаланған болатын. Алайда қар­жылық қиындықтарға байланыс­ты аталған ғимараттың құры­лы­сы тоқтап қалған еді. Заманауи спорттық, туристік кешен­нің аудан тұрғындарына, әсіресе, жастарға пайдасы мол екендігін ескере отырып, құрылыс жұмыстарын қайта қолға алу үшін 2022 жылға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Ұлттық экономика министрлігіне Түркістан облыстық экономика басқармасы арқылы 511 млн 988 мың теңгеге қаржы қарауға өтінім ұсынылған болатын. Қа­жымұқан атындағы бұл кешен елімізге, тарихы қайта жаңғырған халқымызға, ұлтымызға ауадай қажет дүние. Қазақ ұлтын алты құрлыққа танытқан, жауырыны жер иіскемеген балуан қандай да болсын құрметке лайық! Бірегей сәулеттік жоба қаржылық қолдау тапқан жағдайда ұлт спортына жасалған ең үлкен қамқорлық болар еді.

Кешен құрылысы туралы қысқаша айтар болсақ, аталған мемориалдық кешен аумағы жал­пы 5 гектар болады. Мұнда мұра­жай, кітапхана, көрме залы, қонақүй, асхана, конференция залы, спорт орталығы, спортшылар киім ауыстырып, жуынуға арналған және басқа да қажетті бөлмелер жоспарланған. Амфитеатр түрінде жасалған кешенде ауылдық, аудандық, об­лыстық және республикалық деңгейлерде күрестің кәсіпқой және олимпиадалық түрлері еркін күрес, дзюдо, қазақша күрес пен самбодан жарыстар өт­кізілмек. Бұл біріншіден, ауыл жастарының спортпен айна­лысуына, халқымыздың төл өнері – қазақ күресін дамытуға жол ашады. Аталған кешенде күрестің 4 түрімен жаттығатын ұл-қыздардың болашақта Қажымұқан аталары секілді жауырыны жерге тимеген даңқты балуан, Әлем, Олимпиада чемпионы атануына мүмкіндік жасалар еді. Екіншіден, халықаралық автожолдың бойында салынатын заманауи кешенде туризмді дамытуға табиғи жағдай жасалған. Осындағы қонақүй, 48 орындық асхана, 138 орындық конференция залы мен 126 қонақ­қа лайықталған шағын көрме залы, 30 оқырманға арналған кітапхана туристер үшін тәулік бойы қызмет көрсетпек. Осы кешенде Ордабасы ауданының азаматтары жұмыспен қамтылып, тұрғындардың тұрмысы түзелер еді. Жобада көрсетілгендей кешен аумағы жасыл-желекпен абаттандырылып, орындықтар мен жарықшамдар орнатылады. Сондай-ақ ғимарат жанында балаларға арналған ойын алаңшасы мен автотұрақ та қарастырылған. Бір сөзбен айтар болсақ, бұл заманауи кешен жаһандану кезеңінде өскелең ұрпақты жаман әдеттерден сақтандырып, бұқаралық спортпен айналысуына қызмет етпек. Келіп-кетуші туристер арқылы ұлтымыздың жауынгерлік өнерін әлемге танытуға мүмкіндік болады. Кешен құрылысын жандандыру мәселесі Парламентте де көтерілген болатын. Облыстық бюджет есебінен іргетасы қалан­ған күйінде тоқтап қалған спорт­тық кешеннің құрылысын қайта бастау маңызды екенін айтып, Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай Ұлттық экономика министрлігіне депутаттық сауал жолдаған-ды. «Бүкіл ғұмырын қазақ спортына арнаған, қазақты әлемге танытқан Қажымұқан Мұңайтпасұлын біздікілер жіті біле ме екен? Тани ма екен? Ол экономист, бизнесмен болмады. Қорды да басқармады. Алайда жалғыз өзі бір ұшаққа қаржы жинап, Отанға үлес қосты. Сол кісіге арналған кешенге бәрі­міз қосылып, 511 млн теңге таба алмауымыз – елдігімізге, аруақ сыйлаған салтымызға сын емес пе? Былтыр 150 жылдығына бітіреміз деген кешен құрылысы тоқтап тұр. Оның үстіне балуан атындағы кешен қазақ спортының тарихына арналуы керек еді. Батыс Қытай – Батыс Еуропа күре жолында өзінің зираты тұр», деді депутаттық са­уалын­да Дархан Мыңбай.

Иә, кешен құрылысы былтыр атақты балуанның 150 жылды­ғына орай аяқталуы тиіс болатын. Алайда құрылыс қаржының жоқтығынан әлі тоқтап тұр. Оған қоса бұл жоба «Ауыл – ел бесігі», «Рухани жаңғыру» сынды бағдарламаларға да енбей қалған. Аудан тұрғыны, ауыл белсендісі Әзіретоспан Сәдуақасов Қажы­мұқан Мұңайтпасұлы атындағы мемориалдық, спорттық кешен құрылысына «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы өтінім берілген 511 млн 988 мың теңге қар­жының қысқартылғанына қарсылық білдіріп, Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы министрлігіне ресми хат жолдаған. Алайда ауыл тұрғыны Үкімет үйінен мардымды жауап ала алмағанын айтады. «Қазақстан Республикасының азаматы ретінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы балуан бабамыздың атындағы кешенге өтінім берілген 511 млн 988 мың теңге қаржының қысқартылғанына қарсы екенімді айтып өтейін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жырымдамасындағы ұстанымдар өрескел бұзылған. Қазақтың алтын бесігі – ауыл. Бұл мемориалдық кешеннің ең бастапқы авторлары – ауыл халқы. Жергілікті тұрғындарының талап-тілегі негізінде балуан атамызға салынатын кешен үшін Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолы бойынан 5 гектар жер бөлінген. Респуб­ликалық бюджеттен аталған кешенге биылға қаралған қаржыны халықтың талабын ескерместен бөлдірмей тастаған. Есесіне, министрлік PROTENGE телеграмм каналының пікіріне жү­гініп, ауыл халқына пайдалы жобаға кедергі келтіруде. Осы орайда телеграмм каналдың ойы тұтас қоғамның, оның ішінде мыңдаған өңір тұрғындарының пі­кірі болып саналмайтынын еске саламын. Екіншіден, мемо­риалдық-спорттық кешенге өті­нім берілген қаражатты қыс­қарту арқылы ұлттың түп тамыры – ауылдағы қаншама жас­өспірімдердің спортқа, ұлттық өнерге (қазақ күресіне) деген құштарлығы шектелді. Себебі Ордабасы ауданына қарасты 10 ауылдық округ пен 50-ден астам елді мекендегі 368 спортшы, жасөспірім оқушыларға заманауи спорттық кешен ауадай қажет. Егер нысан құрылысы іске асқан жағдайда спортзалда еркін күрес, дзюдо, қазақ күрес, самбо, белбеу күрес, бокс, қол күрес, үстел теннисі, ауыр атлетика, грэпплинг, әскери самбо, панкратион, каратэ-до, аралас жекпе-жек спорттық секцияларында жастарымыз спорт­пен тұрақты шұғылданып, 12 жаттықтырушы болашақ чемпиондарды жаттықтыратын еді. Үшіншіден, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде елдегі жұмыссыздық деңгейін төмендету туралы жиі айтып келеді. Мемлекеттің тұтастығына сызат түсіретін «Қаңтар оқиғасы» кезінде жұмыссыз жүрген жастарымыз алаңға шығып, арандап қала жаздады. Енді осы елдігімізге сын болған мәселенің себебі емес, салдарымен айналысатын сәт туды. Қажымұқан атамыздың атындағы спорттық кешен пай­далануға берілген жағдайда ауыл тұрғындарының, жастардың жұмыспен қамтылуына үлкен сеп болмақ. Орташа есеппен кешеннің құрылыс жұмыстарына 100-200 шақты азамат тартылып, нысан ел игілігіне берілген жағдайда кешенде 80 шақты жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылар еді. Төртіншіден, аталған кешен әлем спортының аңызға айналған тұлғасы – Қажымұқан атамыз ар­қылы туризмді дамытуға үлкен мүмкіндік бермек. Заманауи үлгіде бой көтеретін нысанда мұражай, кітапхана, көрме залы, асхана, конференция залы Ұлы Жібек жолы бойындағы Ташкент – Түркістан туристік маршутында қонақтарға үзі­ліссіз қызмет көрсетер еді», делін­ген қоғам белсендісінің хатында.

Деректерге жүгінсек, құры­лысы тоқтап тұрған жобаның жалпы құны – 1 млрд 375 млн теңге. Былтыр республикадан 30 млн теңге бөлініп, мердігер ком­пания жұмысты артығымен орындапты. Соңғы кездері спорт саласындағы ұзақ жылдар еңбек еткен ардагерлер мен зиялы қауым, БАҚ өкілдері тарапынан «осы кешенді демеушілер есебінен неге тұрғызбасқа?», деген пікір айтыла бастады. Сон­дай-ақ «Қазақстан барысы» секілді мега жобалардың немесе спорт­тық бәйгелерді Қажымұқан Мұ­ңайтпасұлы атымен өткізіп, ұлтым деген атымтай жомарт кәсіпкерлерді спорттық кешеннің кірпішін қалауға жұмылдырса деген ұсыныс білдірушілер де бар. Бұл бір жағынан Үкіметтен жағымды хабардан үміті үзіле бастаған, жақсы істің жалғасын тапқанын қалайтындардың амалын аңғартады. Дегенмен, көпшілік күш атасы – Қажымұқанға ла­йықты құрмет көрсетілетінінен  әлі де үмітті.

 

Түркістан облысы

Соңғы жаңалықтар