Тарих • 09 Мамыр, 2022

Қаһарлы «Қара өлім»

438 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Үлкендердің «е заман-ай» деп, өткенге күрсініп, келешекке тыныштық тілеп отыратынын кейінгі жылдары шын түсіндік. Әйтпесе сонау жылдардағы ашаршылық, репрессия, Екінші дүниежүзілік соғыс біздерге елес секілді еді. Жер үшін, ел үшін бабаларымыздың баудай қырылғанын біле тұра, бейбіт те бейғам өмірдің бағасын сезбеппіз ғой. Кейінгі жылдары деп отырғаным, жер әлемді дүрліктірген пандемияның кесірінен туған-туыс, дос-жарандармен қауышудан қалдық. Оны қойшы, аты жаман індеттің кесірінен жарқылдап жүрген жақындарынан көз жазып қалғандар қаншама?! Иә, мұндай аласапыранды ел Желтоқсан оқиғасынан кейін көрген жоқ шығар. Желтоқсан демекші, індеттен енді құтыла бергенде «Қаңтар қасіреті» шырқымызды бұзды... Міне, осынау дүрбелеңдерден соң кешегі өткен батырлардың, зиялылардың мемлекет мүддесі деп құрбан болып кеткендеріне еріксіз бас шайқайсың, бас иесің. Бірақ бағасына жете алып жүрміз бе, оның бәрін уақыт өзі реттейді. Жетпіс жыл бұрын одақты қорғап, 397 фашистің көзін жойған батыр Төлеуғали Әбдібековтің өзіне кеше ғана Президент «Халық қаһарманы» атағын берді. Иә, әбден лайық. Кеш те болса, ерлігі еленіп жатқанына күллі қазақ қуанды.

Қаһарлы «Қара өлім»

Төлеуғали Әбдібеков туралы газет-журнал беттерінде бұған дейін аз жарияланған жоқ. Ерлігі лайықты дәрежеде еленбегені сан рет айтылды, жазылды. Тарихи әділдіктің түбі орнайтыны ақиқат еді. Ұлы Жеңіс мере­ке­сінің қарсаңында бұл жаңалық Шығыс үшін сүйіншілі болды.

Қазақтың сұрмергені лайықты өз бағасын ала сала құттықтап, туған-туыстарына хабар­лас­тық, тарихи деректерді қайта бір шолып шық­тық.

Фашистердің Төлеуғали Насырханұлынан сескенгендері сондай, оны «Қара өлім» атап кеткен екен. Атқан оғы мүлт кетпеуінің себебі, бейбіт өмірде қарапайым аңшы болыпты. Ал соғыс алдындағы курс оның қабілетін одан сайын шыңдай түскен. Айналдырған екі жыл ішінде 400-ге таяу фашистің көзін жойған. Оның көзсіз ерлігі заманында радиодан жиі-жиі хабарланып тұрғанымен, уақыт өте ұмытыла бастаған. Ұмытыла бастауы, туыс ағасы Кемелбай Насырханов репрессияға ұшырауымен байланысты болуы мүмкін.

Төлeуғали Әбдібеков 1916 жылы Жарма ауданында туған. Әкесі Насырхан ұлын кішкентайынан аңшылыққа ілестіре ала шығып, мылтық ұстауға үйреткен. Мергендік қанында да болса керек, қарайған аңды мүлт жібермейді екен. Жас баланың әккілігіне тіс қаққан аңшылардың өзі таңғалысыпты. Кейін ол Оңтүстік Қазақстанға көшіп, мақташы болып жұмыс істеген. Жасы тола сала әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын өтейді. Әскерден келген соң өзі қызмет еткен кеңшарға қайта жұмысқа орналасады. Отбасын құрып, балалы болады. Өкініштісі, екі баласы да ерте қайтыс болып кетеді. Бауыр ет балаларынан айырылған жастардың көз жасы кеуіп үлгермей соғыс басталып кетеді. Бұған дейін әскери борышын өтеген Т. Әбдібеков 1942 жылдың мамырында Калинин майданына аттанды. Басшылар оның құралайды көзге атқан мерген екенін бірден байқап, мергендердің қатарына алған екен. Сегізінші гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында болған ол екі-ақ жылдың ішінде 397 фашисті жер жастандырған.

Сұрмерген Т.Әбдібеков сонымен қатар өз полкінде отыздан астам мергенді даярлаған. Ол мергендер қаншама жаудың көзін жойды, бір құдайға аян. Қалай дегенмен жармалық жауынгердің Жеңіске қосқан үлесі ұшан-теңіз.

Тағы да ашық интернет көздерінен қарап отырмын: 1942 жылдың 18 қыркүйегінде «Отан үшін» газетінде «Мерген Әбдібековтің есебінде. 102 гитлерлік солдат бар» деп басылған екен. Сондай-ақ «менің көзім көріп, қолым винтовка ұстап тұрғанында, фашистерге күн көрсетпеймін» деп пікір білдірген екен мерген. Жалпы, 1942 жылдың қорытынды есебінде сержант Әбдібековтің 219 фашисті жойғаны туралы айтылған. Сол уақытта оның есімі майдан даласында дүркіреп тұрған еді. Қазақтың сұрмергені 1944 жылы 23 ақпанда жау оғынан қаза тапты. Оның өзінде, қарсы оқ атқан немістің мергенін атып түсіріп, есебін 397-ге жеткізген. Тарихи жазбаларға сүйенсек, Төлеуғали Әбдібеков оқ тиген майдан даласында емес, госпитальде көз жұмған. Жауды бас көтертпей қырған батыр Калинин облысында жерленіп, винтовкасы шәкірті Әшірәлі Османолиевке тапсырылды деген деректі көзіміз шалды.

Сержант Т. Әбдібеков қаза болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанымен, I дәрежелі «Отан соғысы» ордені ғана берілген екен. Батыр атағына әбден лайық тұлға екені БАҚ беттерінде қанша жазылғанымен, осы күнге дейін еленбей келді. Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен батыр атамыз мемлекеттен лайықты бағасын алды. Тарихи әділдік орнады. Енді жауынгердің әр ерлігін індете зерттей түсу керек. Ертеңгі ұрпақ ұмытпауы үшін табылған дәйекті деректер кітап болып қатталуы қажет. Көркем фильм түсірілсе де артық етпейді. Фильм дегендей, Төлеуғали Әбдібековтің немере қарындасы Айгүл Кемелбаева кино түсіруді ойластырып жүр.

– Негізі Төлеуғали атамның ағасының баласы. Насырханның немересі. Алайда құжаттарда Насырханұлы деп жүр. Атамызға «Халық қаһарманы» атағы берілгеніне шын қуандық. Бұған дейін өзім де зерттедім, журналистер, жазушылар қанша жазды?! Тарихи әділдіктің орнауына әуелі қоғамдық пікір қалыптастыр деп ақыл-кеңесін берген Медеу Сәрсекеге мың алғыс. Ең алғаш 2005 жылы Тілеу Көлбаевтың мақаласын оқып, зерттей бастадым. Оған дейін айтылмай келген еді. Мақаласында Кемелбай мен Насырхан атамның есімдері жүр. Таңқалдым. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай атамыздың ерлігі туралы «Снайпер» деген әңгіме жаздым. Әңгіме екі бөліп жазылды. Екіншісінде қосымша тарихи деректер қостым. Жұмабек Ашуұлы Подольск архивінен анықтама алып берді. Журналист Азамат Есенжолдың мақаласынан тың деректер таптым. Филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп батырдың әйелі туралы мәліметтер жинастыруға көмек етті. Төребек Айтпаев аталарының аты ауысып кеткендігі жөнінде ақпарат айтты. Енді кино түсіргім келеді. Себебі кино арқылы жастар батырдың ерлігін тез қабылдайды. Жалпы, атамыздың батырлығын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жеткізуге үлес қосқан Берік Әбдіғали, Ерлан Қариндердің еңбегі зор. Әділдік болса, атамыз үш мәрте Кеңес Одағы Батыры атағын алуы керек екен. Ең бастысы, есімі енді өшпейді, – дейді жазушы, кинодраматург Айгүл Кемелбаева.

Батырдың немере қарындасы Айгүл Кемел­баеваның айтуынша, Төлеуғали Әбдібе­ковтің негізгі туған жері Абай ауданы Құн­дызды ауылы екен. Ашаршылық жылдары таудан асып, Жармаға жетіп тұрақтапты. Қалай десек те, қазаққа ортақ тұлға. Ерте­дегі әскери газеттерді әлі де қарап, ерліктері туралы зерттеуіміз керек. Әскери ерліктері туралы деректердің бірі, әрі құндысы елімізге жеткен. Онымен бірге Т.Әбдібековтің №2916 вин­товкасы әскери төлқұжатымен қоса жет­к­ізіліп, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейіне қойылған.

 

Шығыс Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар